 
                                        Сурет: ulys.kz
Кейінгі 3 жылдың шамасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салада ауқымды реформа басталды. Басты жаңалық, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, ал биылғы сәуірде жаңа Су кодексі қабылданды. Ізінше, су секторын дамыту басымдықтарын айқындайтын негізгі стратегиялық актілер бекітілді. Нақтыласақ, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, Су шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары, сондай-ақ 2026 жылға дейінгі су үнемдеу жөніндегі жол картасы іске аса бастады. 2024 жылы қабылданған Су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында нақты 160 іс-шара қамтылған. Оның ішінде 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық құрылысжайды реконструкциялау, шамамен 14 мың шақырым ирригациялық каналдар салу, реконструкциялау көзделген.
Нақты нәтижелерге тоқталсақ, былтыр сыйымдылығы 245 млн текше метр болатын Ақтөбе су қоймасын, 120 мың гектар аумақты қамтамасыз ететін Қызылорда су торабын, Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа, еліміздің алты өңірінде, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ұлытау облыстарында 200 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекен сапалы ауызсумен қамтылды. Бұл мәселе аталған өңірлерде 8 топтық су құбырының құрылысы аяқталғаннан кейін шешімін тапқан. Салаға қаралған қаражат көлемі биыл да аз емес. Қаржыландыру көлемі 3,2 трлн теңге шамасында. Оның ішінде республикалық бюджет қаражатынан 1,4 трлн теңге, жергілікті бюджеттен 367,6 млрд теңге, халықаралық қаржы ұйымдарынан 1,4 трлн теңге бөлінген. Биыл су ресурстары саласында сомасы 212 млрд теңгеден асатын 148 жоба іске асырылды. 10 облыста 2,6 мың шақырымнан асатын су құбыры желілерін салу, реконструкциялау жүріп жатыр. Мұның өзі халық саны шамамен 1,3 млн адам болатын 468 елді мекенді сумен жабдықтауды жақсарта түсуге мүмкіндік бермек. Бұл ретте 53 елді мекен орталықтан сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.
Биылдың өзінде Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының реконструкциясы аяқталған. Сонымен қатар Түркістан облысындағы «Қарақуыс» су қоймасы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Биопруд» жинақтағышы қоршау бөгетінің құрылысы, Ақмола облысындағы Жабай өзеніндегі жинақтағыштың құрылысы көп кешікпей бітуге тиіс. Сол секілді Ынталы (Жамбыл облысы), Кировск (БҚО), Қапшағай (Түркістан облысы) су қоймаларының реконструкциясы қызу жүріп жатыр. Осы ретте республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдарының (Дүниежүзілік банк, Ислам банкі, Еуропалық банк) қаражаты есебінен 6 мың шақырымнан астам каналдарды (1 485 канал) реконструкциялау басталғанын, шамамен 200 мың гектар суарылатын ауданды қамтитын 962 шақырымға жуық канал пайдалануға берілетінін айта кеткеніміз жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз кейінгі екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндет тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет», деген еді.
Жолдауда Президент кадр даярлау мәселесіне де аз-кем тоқталып, су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керегін айтты. Ол платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталмақ. Президент су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүріп жатқанын, нақты нәтиже жоғын мысал ете отрып, бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан дұрыс екенін назарға салды. Сосын, егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттармен қоса, «қара нарықтағы» суды заңсыз сату я сатып алу ісі белең алғанын ашып айтты. Расында, мұның барлығы кеше, бүгін пайда болған кемшіліктер емес. Бұрыннан қалыптасқан берекесіздік. Дамыған елдер су үнемдеу технологиялары арқылы тұрмыста пайдаланған суды өңдеп, басқа мақсатта пайдалануға көшіп жатыр. Ал біздегі кейбір каналдар арқылы судың 50%-ға дейін көлемі далаға кетеді.
Көктем шыға еліміздің кейбір аймақтарында су тасып, өзендер арнасынан асып жататын жағдайлар тіркеліп тұрады. Сондықтан тасқын суды жинап, оны тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінде. Мысалы, биылғы су тасыған кезде еліміздегі су қоймаларына 16,9 млрд текше метр су түскен деген дерек бар. Осы шақта 15,7 млрд текше метр еріген қар суын көл жүйелері мен көлтабандап суару жүйелеріне бөлу жұмыстары жүргізіліпті. Балқаш көліне Қапшағай су қоймасынан 3,8 млрд текше метр су жіберілген.
Тағы бір жаңалық, былтыр елде «Tasqyn» су тасқынын болжау мен модельдеу жүйесі енгізілді. Ол төтенше жағдайдың болу ықтималдығын модельдеуге, стратегиялық шешім қабылдау үшін тиісті болжам жасауға мүмкіндік береді. Қазір БҰҰДБ-ның Қазақстандағы өкілдігімен бірге судың су қоймаларына құйылуын болжауға және олардың жұмыс режімін модельдеуге арналған «Talsim» гидрологиялық моделін бейімдеу мен енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Биыл вегетация кезеңінде 1,2 млн га ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін 11,1 текше метр су алынған. Оның 9,4 текше метрі «Қазсушар» РМК филиалдары арқылы қамтамасыз етілген. Коммуналдық және жекеменшік кәсіпорындардың су алуы 1,7 текше метр болды. Оңтүстік өңірлер 10,8 текше метр су пайдаланса, бұл жалпы су алудың 97%-ын құрайды екен. Былтырдан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК мен диқандар арасында тікелей шарт жасасу тәртібін енгізу бойынша жұмыс бастаған. Нәтижесінде, вегетациялық кезеңнің басында 26 753 шарт жасалған. Бұл қадам су шаруашылығы үдерістерін басқару деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Шын мәнінде, «Қазсушар» РМК филиалдары мен фермерлер тікелей шарт жасасқан соң су беру шарттарының ашықтығы қамтамасыз етіліп, тараптардың жауапкершілігі күшейгенін байқауға болады. Бұл Президент Жолдауда басшылыққа алған суды рұқсатсыз пайдалану мәселесін қысқартуға мүмкіндік беруге тиіс.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                