 
                                        Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековтің мәлімдеуінше, бүгінде 62 нысанның құрылысы аяқталып, тапсыру, қабылдау рәсімдері жүргізіліп жатыр.
– Былтыр Үкімет резервінен 12,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Биыл қалған үш нысан – Үржар, Ақсуат аудандарындағы Қожагелді, Аққала ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар сегіз нысанда құрылыс, қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың қатарында Аягөз ауданындағы жан сақтау бөлімшесі мен МРТ ғимараты, сондай-ақ Үржар ауданындағы емдеу орталығы бар. Бүгінде 57 нысан санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алып, 51 мекеме лицензияланған, – деді Т.Молдабеков.
Басқарма басшысының айтуынша, Жаңасемей ауданында 14 жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Жобалар ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, сапасын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ кейінгі екі жылда өңірдегі 25 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. Бәрі де бүгінгі заман талаптарына сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
Абай облысы
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                