 
                                        Эстафета құрамында Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері, партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, экоблогерлер, еріктілер бар.
Жаңақорғанға аялдаған топ мүшелері республикалық маңызы бар автожол бойымен қатар, «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында сан ғасырдың куәгері Сығанақ қалашығының айналасын тазартты. Көршілес Шиелі ауданында Мәжіліс депутаттары арнайы қабылдау өткізіп, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова жастармен пікір алмасты. Қабылдаулар мен кездесулер барысында аудан тұрғындарының сұрақтарына нақты жауап берілді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Шиелідегі қабылдауда жастар тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылғанын атап өтті. Алматы облысынан бастау алған акцияға қатысушылар 4 облыс, 1 қала, 15 аудан аумағына тазалық жүргізіп, 10 мың тоннадан астам қоқысты қайта өңдеуге жөнелтті.
«Таза Қазақстан» әрқайсымыздан басталады. Сондықтан тұрғындарға, жастарға қоқыс жинау ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, суды үнемдеу, қоқысты сұрыптау мәселелерін түсіндірдік», дейді эстафета мүшелері.
Қызылордадағы акцияны қорытындылау шарасына қала әкімі Нұржан Ахатов, «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, партияның облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес төрағасы Жорабек Нұрымбетов, еңбек ардагерлері қатысып, ортақ іске үлес қосқандарға ризашылығын білдірді.
ҚЫЗЫЛОРДА
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                