 
                                        Кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеру, шығармашылық бастамаларын қолдау мақсатында өткізілген іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Байқау ұжым жастарының заманауи биімен басталып, Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Әсетілдаұлының құттықтауына ұласты. «Білімнің қайнар көзі – кітап болса, оны насихаттайтын рухани орта – кітапхана. Кітапханашы – сол асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтап, оқырманды рухани әлемге жетелейтін тұлға», дей отырып, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Алғашқы «Өзі туралы бейнебаян» атты кезеңде байқау қатысушылары бейнероликтері арқылы өздерінің осы кәсіпке келу мақсатын, қызметі мен жетістіктерін көрсетті. «Шығармашылық әлемім» кезеңінде өз өнерлерін ортаға салып, Айгүл Исақанова тоқыма бұйымдарын, Аяулым Тағайбек тәтті тоқаштарын, Талшын Асхатқызы қолдан жасалған сөмкелерін ортаға алып шығып, жасалу жолдары мен шеберлік сырымен бөлісті.
Қазылар алқасының шешімімен «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің бас маманы Айгүл Әлиқызы «Үздік кітапханашы – 2025» байқауының бас жүлдегері атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Байқау демеушілерінің атынан жеңімпазға 100 000 теңге, қалған қатысушыларға 50 000 теңгеден қаржылай сыйлық берілді.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                