– Қуанышбек Жақсыбекұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында атап өткен цифрландыру, ашықтық және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағыттары сіздердің компанияның жұмысына қалай әсер етеді? Сондай-ақ Жолдауда қойылған міндеттер аясында қайтарылған активтерді тиімді пайдалану арқылы қоғам мен экономикаға нақты қандай пайда әкелу көзделіп отыр?
– Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің дамуындағы кезекті жаңа бағытты айқындап берді. Ол вектор цифрландыру мен ЖИ-ге, инновацияларға және инвестиция тартуға негізделіп отыр. Қайтарылған активтерді басқару және сатумен айналысатын «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС үшін Мемлекет басшысының инвесторлардың құқығын қорғауға және үдерістердің ашықтығын арттыруға ерекше назар аударуы біздің жұмысқа барынша серпін беріп, жүйе тетіктерін жетілдіре түсетіні сөзсіз.
Активтерді қайтару комитетінің орнына Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру әділ әрі іскерлік ортаны қалыптастырудағы жұмыстың заңды жалғасы деуге болады. Активтерді қайтару тәжірибесі қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. Бұл қайтарылған активтердің адам капиталын нығайтудың құралына айналғанын көрсетеді.
Президент әрбір ресурсты – қаржы қаражаты, цифрлық технологиялар немесе жер телімдері болсын тиімді пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты барлық қайтарылған жерді айналымға енгізу жөніндегі тапсырманың мәні айрықша. Бұл міндет біздің қызметімізбен тікелей байланысты, өйткені активтерді басқару қоғамға да, экономикаға да пайда әкелуге тиіс. Осы ретте басқарушы компанияның негізгі миссиясы қайтарылған активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету және сату екенін айта кеткім келеді.
Мәселен, бүгінде Алматы қаласында жалпы ауданы 11129,6495 га болатын 17 жер учаскесі мемлекетке берілді. Олар тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізуге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік және оқу мақсаттарына арналған.
Біз Қаржы министрлігі жүзеге асырып отырған, Президенттің тапсырмаларын орындауға бағытталған «Digital Qazaqstan» бастамасы аясындағы жұмысқа белсенді атсалысуға және шынайы цифрлық экономиканы құруға өз тарапымыздан қомақты үлес қосуға дайынбыз.
– Осы жерде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің алдына міндеттелген мақсаттары мен міндеттеріне қысқаша тоқтала кетсеңіз. Себебі бүгінде кейбір азаматтар басқарушы компанияның қызметін прокуратураның құзыретіндегі активтерді қайтару ісімен шатастырып жатады.
– Ең алдымен, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (басқарушы компания) активтерді қайтарумен айналыспайтынын атап өткен жөн. Бұл функция – өкілетті құқық қорғау органдарының, ең алдымен Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің құзырында.
Басқарушы компанияның негізгі міндеттері – қайтарылған активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету, ашық электрондық аукциондарда сату, әлеуметтік сұраныс болған жағдайда мемлекеттің меншігіне беру, сондай-ақ түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аудару. Ал ақша түрінде қайтарылған активтер тікелей Арнаулы мемлекеттік қорға түседі.
– Компанияның құрылғанына көп бола қоймаса да, атқарған жұмысының ауқымы аз емес екенін көріп отырмыз. Осы күнге дейін қанша актив сатылды, мемлекетке қанша пайда түсті?
– Қысқа мерзім ішінде-ақ басқарушы компания тұрақты қарқын мен айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Биылғы 17 қазандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 51,1 млрд теңге (ҚҚС-сыз) болатын 163 актив сатылды. Олардың қатарында жылжымайтын және жылжымалы мүлік, элиталық зергерлік бұйымдар, қол сағаттары, коллекциялық монеталар, шетелдік активтер бар.
Осы кезеңде Арнаулы мемлекеттік қорға 38,2 млрд теңге аударылды. Оның ішінде 37 млрд теңге – активтерді сатудан түскен түсім, 1,2 млрд теңге – активтерді басқарудан түскен кірістер (жалдау, сенімгерлік басқару, депозит пайыздары, дивидендтер). Бұл көрсеткіштер Атқарушы компания жұмысының мемлекетке нақты қаржылық пайда әкеліп отырғанын дәлелдейді.
– Сатылған активтердің ішіндегі ең қымбатын атап өтсеңіз, ол қай қалада, қандай мүліктік санатқа жатады?
– Әрине, жүргізіліп жатқан жұмыстың табыстылығын айқын көрсететін бірнеше мысалды келтіре аламыз. Мәселен, Алматы қаласындағы «Байтақ» шағын ауданында орналасқан жер учаскесі аукционға 176 млн теңгелік бағамен қойылып, 657 млн теңгеге сатылды. Бұл – бастапқы бағадан шамамен төрт есе жоғары көрсеткіш. Сол сияқты Алматы қаласындағы Байтұрсынұлы көшесі, 46 мекенжайындағы әкімшілік ғимараттың бастапқы құны 663 млн теңге болса, аукциондағы түпкілікті сату бағасы 732 млн теңгеге жетті. Бұдан бөлек, Астана қаласындағы Қ.Мұхамедханов көшесінде орналасқан үй-жай бағасы бастапқыда 84,6 млн теңгеге белгіленіп, аукцион нәтижесінде 96,8 млн теңгеге сатылды.
Сондай-ақ сәндік бұйымдар санатындағы активтерді де атап өткім келеді. Осы жылғы 2 қазандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 243 млн теңге болатын 115 дана бұйым сатылды. Олардың ішіндегі Patek Philippe World Time Chronograph Green Mecca Edition қол сағаты (бастапқы бағасы 17 млн теңге) 36 млн теңгеге сатылды. 13 млн теңгеге бағаланған Cartier Ballon Bleu қол сағаты 17 млн теңгеге сатылды, Blancpain Villeret Ultra-Slim қол сағатының құны 1,8 млн теңгеден басталып, 2,9 млн теңгеге сатылса, Patek Philippe Nautilus қол сағаты 22 млн теңгеге бағаланып, 26 млн теңгеге өтіп кетті.
Сонымен қатар мәдени-тарихи құндылығы бар объектілерге де ерекше мән беріледі. Мәселен, сақ дәуірінің артефактілері мен коллекциялық монеталар Ұлттық музей қорына берілді.
– Заңсыз активтерді қайтару, оларды басқару ісі елімізде алғаш рет кең ауқымда қолға алынып отырғандықтан, бұл салаға әлі де тәжірибе керек екені белгілі. Бұл ретте қай елдердің тәжірибесіне көбірек сүйенесіздер? Жалпы, осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастық мәселесіне қаншалықты мән беріп отырсыздар?
– Бұл сала елімізде жаңадан қалыптасып келе жатқандықтан, біз үшін әлемдік үздік тәжірибені зерделеу және бейімдеу аса маңызды. Осы мақсатта біздің серіктестік халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып отыр. Басқарушы компания Дүниежүзілік банк, ЕҚЫҰ, Азия даму банкі (АДБ) сияқты жетекші ұйымдармен серіктестік орнатып, IPAF, BAMIN сияқты халықаралық форумдарға қатысу арқылы үздік тәжірибелерді меңгеріп келеді. Бұл бізге үдерістерді жетілдіруге, стратегиялық ұстанымдарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Біздің бүгінгі жүйенің ерекшелігі – халықаралық үлгідегі озық тәжірибені алғанымызда. Бұл тек мемлекеттік органның жұмысы емес, сонымен қатар біздің компания сияқты заңды тұрғыда бизнес субъектісі әрекет етеді. Сондықтан қайтқан активті балансымызға алып, уақытша басқара аламыз, кейін сата аламыз. Бұл жүйе жұмысымыздың икемділігін қамтамасыз етеді. Өйткені кейде бізге дайын бизнес келеді. Оны бірден сатып жіберу мүмкін болмай жатады, сондықтан оны белгілі бір уақыт аралығында басқарып отырамыз. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған.
Сонымен қатар біз халықаралық компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз, тәжірибе алмасамыз. Шетелдік сарапшылар келеді, біз де барып үйренеміз.
– Активтер жайлы барлық ақпарат ашық айтылғанымен олардың кімге тиесілі екені мүлдем жарияланбайды. Бұл заңмен реттелген қағидат па, әлде оның басқа да себептері бар ма?
– Иә, бұл – ең алдымен заңмен бекітілген қағида. Қаржы министрлігінің қолдауымен заңның нақты бабында көрсетілген. Мұның да өзіндік себебі, қисыны бар. Өйткені қайтарылатын активтердің түрі әртүрлі. Мәселен, бірде әлеуметтік нысан болуы мүмкін, бірде бизнес нысан, кейде компанияның үлесі немесе акциясы қайтарылады. Міне, сол активтердің бұрын кімге тиесілі болғанын ашып айтсақ, сатып алушыларға да, бізге де қиындық туғызуы мүмкін. Себебі адамдардың санасында түрлі сұрақтар, күдік-күмәндәр пайда болады. Ал ол сатудың тиімділігін төмендетеді.
Екіншіден, активтердің бұрынғы иелері қазір де ірі кәсіпкер болуы мүмкін. Айталық, олардың компанияларында мыңдаған азамат жұмыс істейді. Егер біз ол кісілердің атын атап, қай актив кімнен қайтарылғанын жария етсек, олардың бизнесіне, имиджіне де зиян келуі ықтимал. Тіпті сол арқылы еліміздегі жалпы бизнес климатқа да кері әсер етуі мүмкін. Яғни біз бір активті қайтарып аламыз да, екінші жағынан белсенді бизнесті жоғалтып алу қаупі туады.
Әрине, қоғам тарапынан «Бұл актив кімнен қайтарылды? Бұрынғы иесі кім?» деген сияқты сұрақ көп түседі. Бірақ біз оны заң бойынша жариялай алмаймыз. Себебі бізге ең бастысы – активтің кімнен қайтарылғаны емес, оны барынша тиімді бағамен сату, түскен қаражатпен ел игілігіне жұмыс істейтін арнайы қордың қоржынын толтыру.
Жасыратын несі бар, әу баста мұны жұртшылық жете түсінбеді. Тіпті «Қайтқан малдан қайыр жоқ», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сияқты неше түрлі керітартпа үгіттер де айтылып жатты. Бірақ уақыт өте келе біздің түсіндіру жұмысымыздың нәтижесінде қоғам да бұл мәселенің мәнін ұға бастады. Сондықтан айтарым, бұл жерде басты саясат – активтердің бұрынғы иесін әшкерелеу емес. Ең бастысы – активтерді дұрыс пайдалану, олардан түсетін қаражатты халықтың игілігіне жұмсау.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»