Кәсіпкер • Бүгін, 08:30

Кәсібін кеңейткен кәсіпкер

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары тиімділігін көрсетіп отыр. Мұндай бағдарламаларға кәсібін бастауға бет бұрған қыз-келіншектер жиі жүгінеді.

Кәсібін кеңейткен кәсіпкер

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіп­керлікті қолдау бөлімінің басшысы Сәттіғұл Сабыровтың дерегінше, биыл облыста 56 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде 32 мыңнан астамын әйелдер құрайды.

– Шағын және орта кәсіпкерлікті қар­жылай қолдау мақсатында бірнеше бағ­дарлама жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында кәсібі бар 36 әйелге қолдау көрсетілді. Әлеуметтік кәсіпкерлік бағытымен мемлекеттің қайтарымсыз гранты 16 кәсіпкерге берілді. Оның 14-і – әйел. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы арқылы 71 әйел кәсіпкерге қаржылай қолдау жасалды. «Бизнес-аймақ» өңірлік бағдарламасымен жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңге есебінен әйелдерге тиесілі 8 жоба қаржыландырылды, – дейді С.Сабыров.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл сервистік қызметтер көрсету бағытында 373 кәсіпкерлік субъектісіне 382 қызмет көрсетіліпті. Оның 161-і – әйел. Демек әйелдердің бизнестегі белсенділігі артып келеді. Мәселен, Дамбы ауылында өскен Бибігүл Ізбасова – жеке кәсібін ашқан кәсіпкер. Тұрғындарға дәмді әрі сапалы нан өнімдерін ұсыну мақсатында «Даму» қорынан қаржылай қолдау алған.

пр

– Бала кезімнен тамақ дайындауды жақ­сы көрдім. Түрлі торт пісіретін едім. Өйткені анамыз аспаз болып жұмыс істеді. Оның пісірген тағамының, әсіресе нанның дәмін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Өзім де анамыз секілді дәмді нан пісіруді мақсат еттім, – дейді Б.Ізбасова.

Дегенмен наубайхана ашуға асыға қой­ған жоқ. Алдымен дәстүрлі рецепттерді зерттеді. Түрлі ингредиентпен тәжірибе жасады. Білімін жетілдіруді ұмытпай, Алматы технологиялық университетін «Тамақ өнім­дерінің технологиясы» мамандығы бойын­ша бітірді.

– Кәсіп бастау оңай емес. Түрлі қиындық кездесті. Солардың барысында ойға алған ісіңді бастауға шыдамдылық, табандылық пен сенім керек екенін терең түсіндім. Сөйтіп, бастапқыда бір мектептің оқушыларына түскі ас дайындадық. Азық-түлік дүкенін жалға алған едік. Оны күтпеген жерден өрт шалды. Бірақ мұндай қиындыққа мойымау қажет, – дейді ол.

Кейін жер телімін алып, жаңа дүкен ашты. 2010 жылы «Асыл ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Отбасылық қар­жысына «Асыл ана» мейрамханасының ғимаратын салып, жергілікті тұрғындар арасында тез, кеңінен танымал болды. Қазір кәсіпкер 14 мектептің оқушыларын ыстық, құнарлы түскі тамақпен қамтамасыз етеді.

– Бұрын нан, тоқаш өнімдері ірі зауыттарда пісірілетін еді. Ал қазіргі нарықта дәмді әрі сапалы өнім ұсынатын шағын нау­байханалар көп. Жұбайым екеуміз «Асыл Ана» жеке наубайханасын ашуды ұйғардық, – дейді кәсіпкер келіншек.

Ерлі-зайыптылар 2022 жылы наубай­хана­ның құрылысы жөніндегі жобаны «Даму» қо­рына ұсынды. Қор мамандары жобаны мақұлдағаннан кейін екінші деңгейлі банк­тен «2021–2025 жылдарға арналған кәсіп­керлікті дамытудың ұлттық жобасы» бағ­дар­ламасымен 21,75%-бен қаржы алды. Пайыз­дық мөлшерлеменің субсидияланатын бөлігі – 14,75%. 7%-ын кәсіпкердің өзі төлейді.

л

– Бұл қолдау наубайхананы іске қосуға ғана емес, жаңадан 125 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қазір бізде 280 адам жұмыс істейді. Бұған қоса мемлекет тарапынан ұн сатып алуға субсидия бөлінеді, – дейді Б.Ізбасова.

Кәсіпкердің кең ауқымды өндірісінің көлемі 450 шаршы метрді құрайды. Наубай­ха­нада күн сайын 8 мың данаға жуық нан, тоқаш өнімі пісіріледі. Тұтынушылардың сұранысына сәйкес күнделікті дастарханға қойылатын нан ғана емес, тәтті тағамдар мен торттардың түрін көбейтті. Бір бөлке нанның бағасы – нарықтағы құнынан 5%-ға төмен. Өнімнің бәрі алты сауда нүктесінде сатылады.

– Нан-тоқаш өнімдерінің дәмді болғаны­на баса мән береміз. Бұл тұрғыда нау­бай­шылардың шеберлігін шыңдап отыру қажет. Осы мақсатта оларды оқытуға Алматы, Орал, Ресейдің Астрахан қалаларынан білікті технологтерді шақырдық. Технологтер самса, круассан секілді өнімдерді пісірудің қыр-сырын үйретті, – дейді ол.

Дәмі тіл үйіретін тәтті бөлке пісіретін кәсіпкер кәсібін кеңейтуді көздеді. Сөйтіп, тұшпара мен манты дайындауды бастады. Шұжық цехы мен шағын маркет нысанының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Алматы, Шымкенттен мамандар шақырып, шұжық өнімдерін шығаратын жергілікті жұмысшыларды оқытуды да қолға алды. 

 

Атырау облысы