Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамын қолдауды, марапаттауды, өскелең ұрпақты қарапайым кәсіптерге дайындау мәселесін алға шығарды. 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», деді.
Еңбек адамының мәртебесін көтеру мақсатында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Президент: «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деді кезекті Жолдауында. Содан бері еңбек адамын құрметтеу еселеп артып, өмір бойы қара жұмыстың қыртысын айырғандар лайықты марапаттарын көптеп алып жатыр. Соның бірі Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұманов. Ол биыл Республика күні қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын алды. Күні кеше Еңбек Ерін облыстық әкімдікте ұлықтау рәсімі болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметов Мұрат Қаражұмановты құттықтап, оның еліміздегі ең үлкен атаққа ие болғанын атап өтті.
«Облысымыз былтыр да, биыл да астық жинаудан рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Соны жоғары бағалаған Президентіміз биыл қарапайым еңбек адамы ретінде сізге «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын берді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай айтқандай, міне, бүгін өзіңіздің адал еңбегіңіздің арқасында толағай табысқа жетіп отырсыз. Отанымыздың өркендеуі, дамуы жолында ерінбей еңбек етіп, жоғары нәтиже көрсеткен жандардың бәрінің еңбегі ақталады. Еліміз ондай жандарды әрқашан құрметтейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан еліміздің ең үлкен наградасын алғаныңыз – соның дәлелі. Бұл құрмет – сіздің жеке табысыңыз ғана емес, әулетіңіздің елге сіңірген еңбегінің өтеуі. Ала таңнан қара кешке дейін тыным таппайтын ауыл еңбеккерлерінің маңдай теріне берілген зор баға», деді Ғауез Торсанұлы.
* * *
«Бексейіт» елді мекені – Солтүстік Қазақстанның Мамлют ауданындағы қазағы қалың ауыл. Оның арғы жағында «Бақайтал» деген қазақ ауылы бар еді, оған өзге тілді адамдар көбірек қоныстанып, ақыры атын өзгертіп жіберген. Бірақ осы маңдағы бертінде «Меңгесер» кеңшары құрылғанда орталығы осы маңдағы емдік қасиеті бар көлдің атымен аталды.
«Меңгесер» атты тұзды көлдің тарихы мен қасиеті туралы айтпай кетуге болмайды. Жалпы көлемі 3360 га болатын көлге жазғы маусым-шілде айларында аудан, облыс қана емес, басқа өңірлерден де, Ресейден де ауыр дерттерінен арылуға келетіндер өте көп. Тереңдігі бір метрден аспаса да, бұл көл өмірі құрғамайды, қандай ыстық болса да, тұзы жарқырап жата береді. Байланған қара балшығы жүздеген сырқатқа, әсіресе тірек-қимыл аппараты мен тері ауруларына мыңда бір ем. Гинекологиялық, жүйке аурулары метаболизмі бұзылған кезде де пайдалы. Көл суының құрылымын жергілікті де, республикалық ғалымдар да талай зерттеген. Онда хлорид мол, балшығы күкіртсутекті. Мұндай суды бальнеологиялық мақсатта ванна түрінде пайдалануға болады. Көлдің қасиеті туралы мыңдаған аңыз айтылады. Аяқ-қолын мүлде баса алмай қалған жандар осы көлден емделіп, құлан-таза айығып кеткені туралы әңгімелер де көп.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Көлдің жағасына «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі жағажай жасап, оның маңын абаттандырып, суға түсуге келгендерге ыңғайлы жағдай қалыптастырған. Соның ішінде дем алып жатуға қолайлы киіз үйлер, палаткалар тігілген, ас пісіретін жабдықтар да жалға беріледі. Бұл жерге жыл сайын орта есеппен 60–70 мың адам келіп, емделіп, дем алады.
Осындай қасиетті жердің бір пұшпағында отырған «Бексейіт» ауылында Мұрат Қаражұманов 1964 жылы 11 қаңтарда өмірге келген. Мұрат – осы мекенде еңбек етіп, 600 жылдай жұмыс өтілін жинаған Қаражұман әулетінің белді өкілі. Әулеттің барлық ұрпағын санап шыққандар олардың 30 адамнан артық екенін анықтаған. Бір жерде жұмыс істеп, туған елін түлеткен мұндай ұрпақ сирек. Сондықтан да бүгін ел аузында осы әулеттің еңбек жолы жиі айтылады.
Қаражұман әулетінің негізін қалаған – 1906 жылы туған Қуат Ысқақұлы. Ауыл құрылып, ұжымшар орнаған алғашқы күннен ол қара жердің қыртысын айырған қатардағы жұмысшының бірі болды. Ол кезең барынша ауыр жылдар еді. Жұмыстың бәрін қолмен атқарасың. Соқаға жегетін сиыр мен жылқы да жиі болдырып қалады. Техника әлі келмеген кез. Жұмыс таңның атысынан күн батып, қас қарайғанша созылады. Ешбір адам мен жұмыс күнімді аяқтадым ғой деп тоқмейілсуді білмейді, қашан көзге түртсе көргісіз қараңғы түскенше жүре береді. Сонымен бірге басқа жерге кетіп, күнкөрісі жеңіл жерді де ешкім іздемейді. Солай жүрсе де, ел-жұрт жоқ нәрсеге қуанып, бала туса шағын той-томалақ жасауды да ұмытпайды. Қуаттың үйінде де арыстай үш ұл дүниеге келіп, қиын күндерде көңілдерін көтерген екен.
Қуат Қаражұмановтың Ермек, Кеңес, Мұрат есімді үш ұлы да алыстан жұмыс іздемей, өз ауылында нәпақасын айырған. Үшеуінің де кәсібі туған жердегі кеңшардың жұмысы еді. Олардан тараған Мұрат, Сәкен, Қалкен, Қайсар, Оралбай, Амантай, Мақсаттар да әке жолын қуып, қарапайым тірлікті қанағат тұтқан.
Мұрат Қаражұманов мектеп бітірген соң, 1980 жылы «Интернационал» деген ауылдағы тракторист-машинист даярлайтын №69 кәсіптік-техникалық училищеге түскен. Оны ойдағыдай аяқтаған соң, тракторист мамандығын алып, туған ауылына оралады. Содан бері 44 жыл бойы ауылдағы ең күрделі техника – «К-701» алып тракторының рулінен түскен жоқ.
«Маған темір тұлпарым ең күшті техника сияқты. Біздің жердің май топырағына көктемгі, күзгі сазда талай техника тұрып қалып жатқанда бәрін басып озып өте шыққанның өзі неге тұрады. Талай мықты техника мінген жандар маған күні түсіп, тартып жіберуді өтініп жатады. Өзім көп уақыт руліне отырмасам, сағынып та қаламын. Тіпті кейде түсіме де кіріп жүреді», дейді ол күліп.
Мұрат «К-701» тракторымен жер айыру, сүрлем дайындау, ауыр тіркемелермен жүк тасу сынды ауылдағы барлық жұмысты атқарған. Жүгеріден сүрлем дайындау – соның ішіндегі ең күрделі жұмыстың бірі. Өйткені сүрлемді әбден нығыздау үшін ерсілі-қарсылы жүріп, барынша таптау керек. Селкілдеген кабинадағы орындық адамды әбден шаршатып, ұрып тастайды. Соған қарамастан осы жұмыста Мұрат Кеңесұлы үнемі алда болды. Егіс даласынан қырманға тіркемемен астық тасымалдау одан әлдеқайда жеңіл. Ол бірнеше тіркемені бір-ақ қосақтап, қырманға рекордтық көлемде астық жеткізіп жүрді. Мысалы, 2023 жылы 3480 тонна астық тартса, 2024 жылы 4311 тонна астық жеткізген. Биылғы көрсеткішін әлі ешкім есептеп шығара қойған жоқ.
Мұраттың қарапайымдылығы, ақкөңілдігі үшін қатарластары қатты сыйлайды. Қайсыбіріне көмек қолын созу керек болса, Мұрат алдымен жүгіретінін айтты бір әріптесі. Осыған дейін «Еңбек даңқы» орденінің ІІІ дәрежесімен наградталғанда да әріптестері қатты қуаныпты.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, М.Қаражұмановтың домбырашы екенін жұрт біле бермейді. Атасынан жұққан бұл өнер – еңбеккердің жан қалауы. Абайдың, Мағжанның өлеңдерін ыңылдап айтып, отбасындағы көңілді кештерде домбырасын қолынан тастамайды. Ол – ол ма, қыстың жайлы кештерінде серіктестіктің клубына барып, домбыра үйренгісі келетін ауыл жастарына өзінің өнерін үйретеді екен.
«Бұл мезгілде серіктестік жұмысшылары негізінен дем аламыз, демалыс кезінде өзіммен өзім болмай, ұмтылған жастардың талабын ұштаудың өзі бір бақыт емес пе?» деп жымияды ол.
Жалпы, қазір Мәжіліс депутаты болып жүрген Еркебұлан Мәмбе-тов басқарған бұл шаруашылықта еңбекке ғана емес, демалыс сағаттарын ұйымдастыруға да ежелден көңіл бөлінеді. Мұнда көркемөнер мен спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Серіктестіктің жұмысшылары сол үшін де басшыларына риза.
Биыл 16 қыркүйекте Мұрат Қаражұманов әулеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпірдің қонағы болды. Бұл шара – үлкен әулет үшін есте қаларлық оқиға. Мемлекет басшысы отандастарымызды Отбасы күнімен құттықтай келіп: «Бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке. Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым», деді. Мұраттың отбасы да – еңбек майталманының берік діңгегі. «Екі ұлым мен бір қызымнан туған немере-жиендер аталап келіп мойныма асылғанғанда, шаршағанымды ұмытамын», дейді ол.
Қорыта келгенде, Мұрат Кеңесұлы – осындай қарапайым, еңбекке әбден берілген, жан-жағындағы жандардың бәріне жұғымды, отбасына қамқор жан. Оның басына қонған бақ – адал ниеті, таза жүрегі, кең пейіліне келген сый-құрмет.
* * *
Қазіргі Жамбыл ауданында ертеректе «Орталық» атты іргелі ауыл болды. Бұрын қазақтар мал шаруашылығының ыңғайымен әрбір қайыңды орманның қойнауында шағын ауылдар болып отыра берген ғой. Ұжымдастыру жылдарында бәрін бір орталыққа күшпен шоғырландырып, үлкен кеңестік ауылдар өмірге келді. Соның бірі – осы Орталық. Ол бұрынғы «Орман» ауылының негізінде құрылған, сондықтан мектебі өмір бойы «Орман орта мектебі» деп аталды.
Ауыл іріленіп, мектеп салынып, мал көбейіп, жұмыс орындары ашылған сайын мұнда қоныс аударушылар да көбейе түсті. Соның бірі Қыздар Жүсіпов еді. Ол кейін Ленин ауылы атанған, көршілес Мамлют ауданына қаратылған жерде 1899 жылы өмірге келген, бірақ Орман ауылы тұрғындарымен ағайын, жақын. Туысқандары Орталық ауылын құрып, ұжымшар болып жатқанда ол туған елге алғашқылардың бірі болып көшіп келеді. Ауыл молдасынан сауатын ашқан оның хат танитын білімі болады. Сонымен қатар көршілес орыс ауылдарының мектебінен үзіп-жұлып оқып, орысшаны да біршама айырады. Сондықтан көшіп келген оны ауылдастары Орталықтағы «Орман ауылдық кеңесі» аталған жергілікті биліктің төрағалығына сайлайды. Сөйтіп, Қыздар Жүсіпов Орталық ауылында «Жүсіповтердің еңбек әулетін» қалаған жандардың басы болады. Осы ата-тектің бүгінгі еңбек өтілі 200 жылдан асып отыр.
Қыздардың ұлы Сапар осы ауылда еңбек жолын бастаған. Алдымен Көкшетаудағы үш айлық педагогикалық курсты бітіріп, Становской ауылдық мектебіне ұстаздық қызметке тұрады. Одан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданнан оралған соң, Мамлют ауданындағы қазіргі Бике ауылында мұғалім болып еңбек етеді. Бірақ өмірінің кейінгі жылдарында туған ауылындағы ауыл шаруашылығы саласына оралып, ауыл қырманының кілтшісі болып, өмірінің соңғы күндеріне дейін істейді.
Жүсіповтер әулеті Сапардың ұлы Төлегеннің тұсында қатты өрледі. Төлеген мен жары Құралайдың Сабыржан, Ақан есімді ұлдары, Сабыржаннан туатын Аязхан атты немересі – бәрі ауыл шаруашылығының дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Төлеген Сапарұлының өзі Есіл ауданының Покровка ауылындағы Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы техникумынан мал дәрігері мамандығын алған. Одан әрі Алматының зооветеринарлық институтын сырттай оқып бітіреді. 1974 жылдан Мамлют ауданы шаруашылықтарында веттехник, бас мал дәрігері қызметтерін атқарады. 1987 жылы Жамбыл ауданындағы Пресноредут ауылына бөлімше басқарушысы қызметіне тағайындалады. Еліміз егемендік алған соң, 1996 жылы Төлегеннің қызметі өсіп, «Миролюбовский» кеңшарына бас зоотехник қызметіне ауыстырылады. Келесі жылы осы шаруашылықтың директоры қызметіне тағайындалады.
Ауыл шаруашылығына күрделі реформалар жүргізіліп, жекешелендіру саясаты басталғанда, Төлеген шаруашылықтың негізгі бөлігін таратпай, «Ақан» атты шаруа қожалығын құрып, ұстап қалады. Халықпен ортақ тіл табысудың, еселі еңбектің арқасында оның шаруашылығы жылдан-жылға алға басып, биік табысқа қол жеткізді.
2002 жылы қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойына орай «Егемен Қазақстан» газеті «Талантқа тағзым» атты бастама көтеріп, жазушының Қызылжардан 240 шақырым жердегі Жаңажол ауылына жаяу жорық ұйымдастырған. Алматыдағы «Егеменнің» қосынын басқаратын ардагер журналист Мамадияр Жақып бастаған сол топқа көрнекті әдебиетші ғалым Зейнолла Серікқалиұлы, Абайдың жиен ұрпағы Балтабек Ерсәлімұлы, «Егеменнің» Семейдегі меншікті тілшісі Дәулет Сейсенұлымен қатар Қызылжардан Қайролла Мұқанов, Сағындық Салмұрзин, осы жолдардың авторы қосылып, жазушының ауылына жаяу барған едік. Сол сапарда бізді жергілікті билік әрбір 35–40 шақырым сайын жолдағы ауылдарға қондырып, демалдырып отырды. Мамлют, Дубровное ауылдарынан соң, «Миролюбовтағы» Төлеген Жүсіповтің үйіне тоқтаған едік. Сол үйде аунап-қунап, тамаша дем алдық. Сонда үй иесінің бекем тұрмысын, шалқыған шаруасын, берекелі дастарқаны мен ниетін көріп тәнті болғанбыз. Көпті көрген ағаларымыз шын пейілімен алғысын айтып, батасын берген еді. Содан бері Төлеген Жүсіповтің қол жеткізген биік табысын жиі естіп жүрдік.
Қазір Төкеңнің «Ақан» шаруашылығы барынша өскен, ондағы барлық шаруаға баласы Сабыржан басшылық етеді. Заңгер мамандығын алса да, әкесінің қасында жүріп, қара топырақтың қыр-сырын үйренген ол қазір өскіннің жайын әбден үйреніп алған. Әсіресе ас атасы бидайдың қашан себіліп, қай кезде орылуы керектігін жан-тәнімен сезінеді. Інісі Ақан – сенімді серігі, шаруашылықтың техникалық жағын бақылайды. Қара жердің қасиетін бойына сіңірген екеуі мамандығы басқа болғанымен, туған жерден табан тайдырған жоқ. Сабыржанның ұлы Аязхан да осы қатарда. Төкеңнің Жұлдыз, Әсемгүл, Шолпан, Кәмшат есімді төрт қызы Астана, Алматы, Петропавл қалаларында тұрады. Міне, басы өскен, малы өрген үлгілі әулеттің тыныс-тіршілігі
осындай.
* * *
Жалпы, еселі еңбегімен танылып, биік табысқа жетіп отырған әулеттер Солтүстік Қазақстан облысында өте көп. Айталық, Қызылжар ауданындағы әкелі-балалы-немерелі Николай, Александр, Виктор Мелехиндер «Налобин» ЖШС-де барлығын еңбек өтілін қосқанда жүз жылға жуық уақыт жұмыс істейді. Сондай-ақ Уәлиханов ауданындағы «Сағындықов» ШҚ еңбек ететін Ұйымшыл Қабдуалиұлының әулеті де көпке үлгі. Отағасы екі ұлы Қайрат, Алмаспен бірге шаруашылығын табыстың қайнар көзіне айналдырып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы