Суретті түсірген – автор
Қабырғалы қаламгер Қалихан Ысқақтың ауылындағы ауызсу мәселесі бүгінге дейін бір емес, бірнеше мәрте көтерілді. Ауылдың ортасындағы жалғыз құдық пен өзеннен су тасып ішіп отырған ел арыз-арманын айтып, жоғарыға неше мәрте шағымданған. Биыл сағызша созылған жобаға бел шеше кіріскен мердігер анықталған соң облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов Топқайыңға арнайы барған, жауапты органдарға қадап тұрып тапсырма берген. 1 қарашаға дейін ауылға ауызсу берілмеген жағдайда жауапкершіліктің барын ескерткен. Нәтижесінде, Республика күні ауызсу беріліп, уәде орындалды.
Еске салсақ, төрт жыл бұрын басталған бұл жобаға жауапты мердігер «QazConstructions» ЖШС міндетіне салғырт қарағандықтан, жұмыс уақтылы аяқталмай, халықтың наразылығын тудырған. Жобаның жалпы құны әуелде 602,865 млн теңгені құраса, кейін мемлекеттен 77 млн теңге қарастырылған.
– Осы уақытқа дейін ауылдың төменгі жағы құдықтан су ішсе, жоғарғы жағы өзеннен тасып ішіп отырды. Ауызсу тартылады дегелі төрт жыл болды. Әуелде қуанып едік, кейін жұмыс жүрмей қалды. Әйтеуір облыс басшысының қадағалауымен, тапсырмасымен жұмыс аяқталды. Қуанып жатырмыз, – дейді Топқайың ауылының ақсақалы Найманғазы Ибраев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы өңірлерді 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырған. Ол қаншалықты орындалады, жыл соңына қарай белгілі болар.
Мереке қарсаңында Катонқарағай ауылында денешынықтыру-сауықтыру орталығы ашылды. Мұнда жасөспірімдер мен балалар күреспен, бокспен айналыса алады. Волейбол мен футболға да зал бар. Одан бөлек жаттығу залы, бассейн қарастырылған. Кешен басшылығының айтуынша, денешынықтырумен айналысамыз деген аудан тұрғындарына да есік ашық. Кестеге сәйкес, жүйелі түрде спортпен айналысуға мол мүмкіндік.
Кейінгі жылдары ауыл-ауылда әлеуметтік нысандардың ашылып, тұрғындардың тұрақтауына айтулы жағдай жасалып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы