Қоғам • Бүгін, 07:45

Оқырманмен ой бөлісті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты №31 кітапхананың ұйытқы болуымен «Егемендікпен – ертеңімізге» деп аталған рухани-танымдық кеш өтті. Мазмұнды басқосу қазақ журналистикасының көрнекті өкілі Марат Тоқашбайдың шығармашылығына арналып, қаламгердің бестомдық шығармалар жинағы таныстырылды.

Оқырманмен ой бөлісті

«Уақыт жебесі» атты бестомдық ел өмірінің кейінгі отыз жылдағы маңыз­ды тұстарын қамтиды. Оның алғаш­қы томы мемлекеттегі қоғамдық-саяси өзгерістерді екшеуге, саяси баға беруге бағытталса, «Тұғыры биік тұлғалар» деп аталған екінші томдыққа автор­дың баспасөз беттерінде ұлт тарихынан ойып орын алатын тарихи тұлғалармен өрбіген сұхбаттары мен мақалалары енген. «Алапат соғыс ақиқаты» деп аталған үшінші кітап сұрапыл соғыс кезеңінің қазақ оқырманына бұрын бей­мәлім, құпия тұстарын ашып, қайсар жауынгерлердің ерлігі мен өмір өрнегінен сыр шертеді. Ал «Диалогтер дүбірі», «Отбасылық өрнек» деп аталған келесі кітаптардың да оқырманға берері мол.

Жылы жүздесуде кеш қонағы көрермендер сұрағына жауап беріп, тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, Егемендік декларациясы қабылданған тұстағы тарихи оқиғалар туралы баяндап, ұлт мұраты, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салды.

Бүгінде кең қолданысқа енген «До­ғарыс» (отставка), «Пікір­те­рім» (опрос), «Оқтұмсық» (боеголов­ка), «Тосын­сый» (сюрприз), «Нөпір шақ» (час пик), «Айла­бұйым» (приспособление), «Заңастар құ­жат­тар» (подзаконные акты) т.б. ондаған сөз­дер мен тіркестердің авторы Марат Бай­ділдәұлы ұлттық бас­пасөз бен телевизияда жетекші қыз­мет­тер ат­қарып, ұлт руханияты мен мәде­ние­тіміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Әсерлі кеште Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерватория­сы во­калдық өнер кафедрасының про-фессоры Сәуле Нұрғалиева, «Кемел» шағын ауданындағы «Белсенді өмір сүру» ор­та­лығының мү­шелерінен құрал­ған «Беу, айдай» әжелер ансамблі өнер көрсет­ті. Жи­налғандар Марат Бай­діл­дә­ұлы­ның шығармашылығы мен өмір жолы­нан сыр шертетін фотосуреттер көрмесін тамашалады.

 

АЛМАТЫ