Теннис • Бүгін, 09:31

ҚР Президентінің Үстел теннисінен Ашық кубогінің чемпиондары анықталды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада өткен үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогі өз мәресіне жетті. 14 елден келген 300-ден астам жас спортшы бақ сынаған бұл халықаралық додада 11 жасқа дейінгі (U-11) және 16 жасқа дейінгі (U-16) жас санаттарында тартысты финалдық кездесулер өтіп, үздіктер анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚР Президентінің Үстел теннисінен Ашық кубогінің чемпиондары анықталды

Ауқымды турнирді Nomad академиясы мен Қазақстан үстел теннисі федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Биылғы жарыс бұрын-соңды болмаған көлемді жүлде қорымен ерекшеленді: жеңімпаздар — 5000, күміс жүлдегерлер — 2500, ал қола иегерлері — 1500 АҚШ долларынан иеленеді. Жалпы жүлде қоры 115 мың долларды құрады.

Финал қорытындылары:
Ұлдар (U-11) арасында Рамазан Рауанұлы (ШҚО) үздік ойын өрнегін көрсетіп, алтын медаль иегері атанды. Күміс жүлдені шымкенттік Заңғар Әбдімәжит еншілесе, қола медальдар Бақдәулет Нұржан (Шымкент) мен Расул Бекболатқа (Ақтөбе) бұйырды.

Қыздар (U-11) санатында Шохина Миркодирова (Шымкент) топ жарып, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орын — қарағандылық Жансая Тілегенова, ал үшінші орынды Томирис Тимурқызы (Ақтөбе) мен Назерке Болатбек (Түркістан) бөлісті.

Жасөспірімдер (U-16) арасындағы финалда Әліби Шоманов (ШҚО) шеберлігімен көзге түсіп, чемпион атанды. Күміс жүлде — Асылхан Мағзұмбековке (Қарағанды), қола — Санжар Ибахан (Түркістан) мен Мансұр Сүйіндікке (Павлодар) бұйырды.

Қыздар (U-16) арасында Қарағанды өкілі Мария Лукьянова қарсыластарына дес бермей, алтын жүлдеге ие болды. Екінші орын — Ақниет Амангелдіге, ал қола медаль — Рауана Шымкентбай (Шымкент) мен Ноила Ханиязоваға (Түркістан) бұйырды.

Айта кетейік, турнирдің соңғы күні көрермендерді әлемдік жұлдыздар Сюй Синь, Фан Бо, Вернер Шлагер және Джу Се Хёк қатысатын әсерлі шоу-матчтар күтеді. Ал 29 қазанда өтетін салтанатты жабылу рәсімінде барлық чемпиондар мен жүлдегерлер өздерінің лайықты марапаттарын алады.