Инфрақұрылым • Кеше

Инфрақұрылымды жаңғырту – басты назарда

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлытау облысында жол мәсе­лесінің күрделі екендігі арагідік айтылып қалады. Жергілікті халық облыста жол жөндеу, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды бүге-шіге­сіне дейін біле бермейді.

Инфрақұрылымды жаңғырту – басты назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өңірлерде көлік инфрақұрылымын жаңғырту, логистикалық жүйелерді жетілдіру, сапалы жол салу – экономиканың дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторы екенін айтқан еді.

Қазірге дейін «сақалды» құрылыстың қатарына енген республика үшін аса маңызды күрделі жоба – Жезқазған –Қызылорда автожолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білікті мамандардың жұмылуымен биыл 50 шақырым жолды аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қаражал – Атасу, Ұлы­тау – Арқалық, Ақадыр – Ақшатау – Ортау бағыттарында да жөндеу, реконструк­циялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Автомобиль көлігі және автожол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде сөйлеген сөзінде өңірде осы бағытта қолға алынған жұмыстар туралы айтты.

– Жезқазған – Қарағанды бағытындағы 355 шақырымдық учаскенің жағдайымен таныспын, халықпен бірге мен де бұл тасжол үшін алаңдаушылық білдіремін. Қазір аталған жолды қалыпқа келтіру үшін халықаралық тендер жарияланды. Жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі есебінен қаржы­ландырылуға тиіс. Бұл – келешекте өңірдің көлік инфрақұрылымын түбе­гейлі жақсар­туға жол ашатын маңызды бастама. Ұлытау облысының картада ғана емес, логистикалық мүм­­кіндігі тұрғысынан да еліміздің нағыз орталық өңіріне айналатынына сенім мол. Оған тағы бір айқын дәлел – Ұлытаудан Қорғалжын арқылы Астанаға қатынайтын жаңа бағыт салу жобасы. Қазір бұл бастама бо­йынша мәселені қарастыру үшін Үкіметке ұсыныс енгізілді. Осылайша, облысымызға келетін турист саны да артып, экономиканың өсіміне оң ықпал етуге тиіс. Сондай-ақ бұл тұрғыда Қор­ғанбай ауылы арқылы Жошы хан кешеніне апаратын жол салынады. Жұмыстар келесі жылы басталуға тиіс. Оған қоса, Сарлық ауылынан Хан ордасына дейін баратын жолдың конфигурациясы өзгертілуде, қазіргі уақытта сметасы дайын, – деді облыс әкімі.

Жалпы, өңірдегі автомобиль жол­дарының ұзындығы – 2 711,7 шақырым, оның ішінде: республикалық маңызы бар – 961 шақырым, облыстық маңызы бар – 896 шақырым, аудандық маңызы бар жол – 310,1 шақырым, қалалар мен аудан­дар көшелерінің жолдары – 544,6 шақырым.

2025 жылы Ұлытау облысы бойынша 137,2 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге 10 млрд теңге (облыстық бюджеттен 8,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге) бөлінді.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстарын таратып айтсақ, Сәтбаев – Малшыбай – Жошыхан Домбауыл бағытында алты шақырым жол құрылысын салуға және көпір құрылысына – 1 110,8 млн теңге бөлінді. Бүгінде алты шақырымға ұсақ түйіршікті асфальтбетон төселді. Көпір салу жұмысы толық аяқталды. Ал Сәт­баев – Малшыбай 30 шақырым жолды қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжат дайындауға 112 млн теңге бөлінді. Қазір мердігер «Мекен және компания» толық шаруашылық серіктестігі жұмыс атқарып жатыр. Жиырма шақырым­дық Алғабас – Шұбаркөл бағыты бойын­ша жол құрылысына жобалау-сметалық құжат әзірлеуге 70 млн теңге бөлініп, мердігер «Қостанайдорпроект» ЖШС жұмыс жүргізуде. Ұлытау – Бозтұм­­сық-Малшыбай – Сәтбаев (20-40 шақы­­рым) автожолды ағымдағы жөндеуге – 120,0 млн теңге бөлініп, мердігер «Stan­dart Energy», жұмысын толық аяқтады. ­­Жалпы сипаттағы трансферт (ТОХ) бо­йын­ша – ­2,4 млрд теңге бөлінді.

пр

Облыстық маңызы бар Жезқазған –Петропавловск – Жезді – Қар­сақбай – Бай­қоңыр – Қоскөл» (221 шақырым) автомобиль жолының Қарсақбай – Байқоңыр бағыты бойынша жалпы ұзындығы 51 ша­қырымды құрайтын автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қарсақбай – Байқоңыр­дың 21 ша­қырым (35-56 шақырым) бағыты бо­йынша – 125,2 млн теңге бө­лініп, мер­дігер – «Армстрой» нысанды 2026 жылы аяқтауды көздеп отыр. Биыл 21 шақырым жол­дың тереңдігі-шұ­қыр­ларды тегіс­теу жұмыстарын аяқтай­ды. Қарсақ­бай – Байқоңыр 15 шақы­рым (56–71 шақырым) бағыты бойынша – 1 087,9 млн теңге бөлінді. Мердігер «Дорож­ник» өнеркәсіптік кооперативі орташа жөндеу жұмыстарын бастап, төрт шақырымға асфальт жабындысы төсел­ді әрі он шақырымға ресайклэр әдісі­мен тегістеу жұмыстары орындалды.

Атасу – Айнабұлақ (140–149 шақырым) бағыты бойынша тоғыз шақырымды орташа жөндеуге – 755,7 млн теңге бөлініп, мердігер «Жаңарқа-2006» өздеріне тиесілі жөндеу жұмысын аяқтап шықты.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бо­йын­ша Жаңаарқа және Ұлытау ауданда­рына 20,12 шақырымға орташа жол жөн­деуге 699 млн теңге бөлінді.

Жаңаарқа ауданында 8,02 шақырым жолға 349,544 млн теңге қарастырылып, жұмыс толық аяқталды. Ұлытау ауданына 384,499 млн теңге бөлініп, 12,1 шақырым жолға жөндеу жұмыстары басталды.

 Жезқазған қаласында жалпы ұзын­дығы 18 шақырымды құрайтын қала­ның 12 көшесінде орташа жөндеу қолға алынған. Бүгінде 17 шақырым орташа жөндеу жүргізілді.

Оның жалпы құны – 4,056 млрд теңге (2 млрд теңге облыстық бюджеттен). Қаланың орталық көшелерінде жаңа технологиялардың көмегімен қиыр­шық тасты мастикалық асфальт­бетон (ШМА) қолданылып жатыр. Жөн­деу жұмысы жақында аяқталады.

Сонымен қатар «Standart Energy» тарапынан теміржол өткелінен айналма жолға дейінгі учаскесі және Жезқазған қаласының әуежайының тұрақ аймағы автожолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары бойынша жалпы келісімшарт сомасы 68 млн теңге. Сәтбаев қаласындағы 7,53 шақырым көшелерді орташа жөндеуге 569 млн теңге бөлінді. Қазір бес шақырым орта­ша жөндеу жұмыстары орындалды. Қара­жал қаласы бойынша Қаражал – Қылыш бағытындағы 13 ша­қырым жолды орташа жөндеуге 909 млн теңге бөлініп, онда мердігер «ЦентрДорСтрой» жұмыс істеп жатыр. Жәйрем кентінде мерді­гер «Арқа Құрылыс 2009» 4,82 шақырым көшеге орташа жөндеу жүргізіп, шарт сомасы – 258,9 млн теңге толық игерілді. Ұлытау ауданындағы Сарлық ауылына кіре беріс 20-30 шақырым аумақты орташа жөндеу жұмысына 645 млн теңге жұмсалды. «Самға» 2024 жылы 195 млн теңге жұмысын орындап, қаржы толық игерілді. Биыл облыстық бюджеттен 450 млн теңге қаржы бөлініп, автомобиль жолының ресайклэр және асфальт төсемі жүргізілді. Аталған аудан­дағы Жыланды ауылына кіре беріс 0-21,27 шақырым орташа жөндеу жұмыстары 1,475 млрд теңгені құрайды. Жұмысты биыл аяқтау үшін 578,9 млн теңге қар­жы қажет деп облыстық бюджетке өтінім берілді. Облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, ресайклэр толығымен 21,270 шақырым жасалды, 10,2 шақырым асфальт жабындысы төселді.

Облыс аумағында көпір салу, қайта жаңғырту жұмыстары басты назарда. Айталық, Ақылбай өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңартуға жоба сомасы 323 млн теңге қарастырылды. Биыл 234,4 млн теңге бөлінсе, оның 134,4 млн теңгесі республикалық бюджеттен, 100,0 млн теңге облыстық бюджеттен қаржыландырылды. Көпір құрылысы аяқталып, қосымша асфальтбетон төсеу сияқты қосымша жұмыстар қалды. Әзірге бірінші қабат асфальтбетон жұмыстары жүргізілді. Жақында нысанды қабылдап алу жоспарланып отыр. Сарысу өзені арқылы өтетін көпірді салуға жоба сомасы – 2,1 млрд теңге, оның ішінде 2025 жылға 577,6 млн теңге бөлінді. Бұл жобаны аяқтау үшін 1 385,7 млн теңге қажет. Тиіс­ті бюджеттік өтінім Көлік министрлігі­не ­маусым айында жолданды.

Тағы бір айта кетерлігі – қалалық көлік жүйесін жаңарту және қала кел­бетін жақсарту, тұрғындарға жайлы қоз­ға­лысты қамтамасыз ету мақсатында ­17 жаңа автобус сатып алынды. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Ұлытау облысы бо­йынша төрт теміржол вокзалы: Жезқаз­ған, Қаражал, Жаңаарқа және Қызыл­жар стансаларын жаңғырту жұмыс­тары қолға алынды. Оған қоса, Ұзындығы ­­316 шақырым болатын Қызылжар – Мойын­ты теміржолының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал Жезқазған – Сек­сеуіл теміржол учаскесінде өткізу қабілеті ­8 жұп пойыздан 20 жұп пойызға ұлғаяды.

 

Ұлытау облысы