Орманшылардың жұмысы табиғатта тынығып жүргендей көрінетін шығар. Алайда, Алтайдың бар байлығын қорғап, қорып жүрген осылар. Ала жаздай өрттен қорғаса, қыс түсе бүршік жинайды, заңсыз ағаш кесудің алдын алады. Жыл он екі ай тынымсыз еңбек етеді.
Етекте қара күз болғанымен, Батыс Алтайдың биігіне баяғыда қар түскен. Тобықтан қар кешіп бүршік жинауға ер азаматтар ғана емес, орманшы әйелдер де араласады. Соның бірі Назира Сайдығұмарова. Оның өмірлік серігі Дамир де осы орманшылықта қызмет етеді.
– Біз отбасымызбен тауды, даланы жақсы көреміз. Әр маман өз ісін ұнатса, жұмыстың қиындығы жоқ. Сол үшін де жұмысқа барымызды саламыз. Қазіргі міндетіміз, бүршік жинау, оны кептіру, тазалау, – дейді орманшы ару Назира Сайдығұмарова.
Орманның осынау мүлгіген тыныштығы еш бұзылмайтындай. Дегенмен ақырған аю, жортқан бұғы мұнда аз емес. Олар да қорықтың қорғауында. Тұмса табиғаттан тыныштық кетсе, аңның ауып кетуі де оп-оңай.
Риддер орман шаруашылығы директорының орынбасары Дамир Сайдығұмаровтың айтуынша, 300 мың гектар алқапты алып жатқан мекемеде 160-тан астам маман қызмет етеді. Әр орманшылық шашылып жатқан бүршіктің 3–4 тоннасын жинап, өткізеді. Олар жылыжайда әбден тамырланып, күш алған соң ғана далалы жерге егіледі. Әбден өсіп кеткенше балаша күтіп-баптайды. Сөйтіп, орман қорын ұдайы толықтырып отырады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы