Үкімет • 28 Қазан, 2025

Транзиттік тасымал көлемі 25,8 млн тоннаға дейін жетті

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында елдің көлік және логистика саласында кең көлемді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бастамалар өңірлердің өзара байланысын жақсартып, ұлттық экономиканың тұрақты дамуына негіз болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Транзиттік тасымал көлемі 25,8 млн тоннаға дейін жетті

Фото: Ашық дереккөз

2025 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан аумағы арқылы өткен транзиттік жүк көлемі 25,81 миллион тоннаға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға жоғары көрсеткіш. Мұндай өсім елдің транзиттік әлеуетін арттыру және халықаралық көлік дәліздерін дамыту бағытында қабылданған шаралардың нәтижелі екенін дәлелдейді.

«2025 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен барлық санаттағы 13 мың шақырымға жуық автожолдар қамтылды. Оның ішінде 2,2 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдарды салу және реконструкциялау, 6,6 мың шақырым республикалық желіні күрделі және орташа жөндеу және 4,1 мың шақырым жергілікті жолдарды жаңарту жұмыстары бар», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар жыл соңына дейін 6,1 мың шақырымдық жол жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Соның ішінде 847 шақырымында жаңа құрылыс және реконструкциялау, 2,2 мың шақырымында күрделі және орташа жөндеу, ал 3,1 мың шақырымында жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады.

Айта кетейік, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында ұзындығы 2 мың шақырым болатын 10 жаңа жол учаскесінде ақылы жүйе енгізілді. Нәтижесінде еліміздегі ақылы күре жолдардың жалпы ұзындығы 3,2 мыңнан 5,2 мың шақырымға дейін артқан.