Республика күні • 24 Қазан, 2025

Тарихи кезеңді зерделеген жиын

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттік орталықта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі: тарих, қазіргі кезең және дамудың жаңа қырлары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиында Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудың маңызды кезеңдері талқыланды. Іс-шараға Парламент пен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Тарихи кезеңді зерделеген жиын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Конференцияда арнайы баян­дама жасаған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызын егжей-тегжейлі түсіндіре келе, осы құжат арқылы ел өз тағдыры үшін жауапкершілікті өз қолына алғанын атап өтті.

– 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ли­ка­сының Жоғарғы Кеңесі елі­міз­дің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабыл­да­ды. Бұл тарихи құжат Қазақ­­станның тәуелсіздігін ай­қын­дап, саяси және эконо­ми­калық өзгерістердің негізін қа­лады. Декларация Қазақстанға халықаралық қатынастарда дер­­­бес саясат жүргізуге құқық берді. 1990 жылдың қазан айынан бастап 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін еліміз егемен мемлекет ре­тінде танылып, шетел бас­шыларының ресми сапарлары жиілей түсті. Бүгінде Қазақстан халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сындарлы сыртқы саясатының арқасында еліміз алыс-жақын көршілермен достық және өзара сенімге негізделген қатынас орнатты. Мемлекет басшысының сыртқы саясатының басты мақсаты – Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық өрлеуге жол ашу, сындарлы дипломатия арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау. Бұл мақсат бүгінде табыс­ты жүзеге асып келеді, – деді ол.

Келесі кезекте сөз алған БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі С.Раднарагча Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақ­станды сенімді серіктес ретінде жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Қазақстанның тәуелсіз­дікке қол жеткізгеннен бергі жолын саралай отырып, біз егемендіктің статистикалық ұғым емес екенін аңғарамыз. Егемендік – дамып отыратын, заман талабына бейім­делетін, үнемі жаңарып тұратын үдеріс, – деді ол.

Конференция барысында Декларацияның қабылдануына тікелей атсалысқан азаматтар да сөз сөйледі. Сол кездегі ХІІІ шақы­рылымдағы Жоғарғы Кеңес депутаттары тарихи сәтті еске алып, егемендікке алғашқы қадам­ның қалай жасалғанын, тәуелсіздікке бастар жолдың қан­дай қиын­дықтармен қатар келгенін баяндады. Қоғам қайрат­кері Алтыншаш Қайыржанқызы еліміз әуелде абдыраса да артынша өз бағытын анық айқындай алғанын жеткізді.

– Кеңес одағы тараған кезде елдің бәрі абыржып қалды. Не істеу керек? Қай бағытқа бет алу қажет? Ешкім нақты білмеді. Талай адам пікірталасқа түсіп, түрлі ұсыныс айтты. Дегенмен сол түрлі пікір мен тартыстың бәрінен өтіп, ел ақыры демократия жолын таңдады. Біз зайырлы мемлекет болуға шешім қабылдадық. Бұл оңай келген шешім емес еді, – деді ол.

Мемлекет және қоғам қайрат­кері, Астана мемле­кет­тік қызмет хабы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов Дек­лара­ция­ның ел тағдыры үшін ерекше маңызды құжат болғанын атап өтті.

– Бұрынғы жүйенің шең­бе­­рінен қинала шық­қан халқымыз үшін еге­мен­дік пен тәуелсіздік әрі бақ, әрі бақыт, сонымен қатар ұлы сынақ болды. Желтоқсан көтерілісі еге­­­­мен­дік пен тәуел­сіз­дікке деген ұмтылыстың өшпе­ге­нін дәлелдеді. 80-жыл­­­дардың соңында «Невада-Семей» қозғалысы, эколо­гиялық және мәдени жаң­ғыру үрдістері, жалпы­ұлттық сипат­тағы азамат­тық қозға­лыс­тардың пайда болуы халқымыздың өз тағ­ды­ры мен мемлекеті үшін жауап­­­кер­шілік алуға да­йын екенін көрсетті. Егемендік декларация­сы арқылы біз ұзақ үзілістен кейін өз тағды­ры­мызды өзіміз айқын­­дай­тын дербес ел екенімізді күллі әлемге әйгіледік, – деді ол.