
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Салтанатты шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Ұлттық байқаудың биылғы марапаттау салтанатына 17 облыс пен 3 мегаполистен үздік шыққан 20 отбасы қатысты. Жыл сайын жүлгесі үзілмей жалғасын тауып келе жатқан отбасылық құндылықты дәріптейтін бірегей жоба жеңімпаздарын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев марапаттады. Салтанатты ашылу шарасында Сенат спикері байқаудың Республика күнімен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Биыл Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отырғанын айтып, дәстүрлі бірегей байқаудың осындай мерейлі мереке қарсаңында өткізілуі ерекше мәнге ие екеніне тоқталды.
«Қазақ – қашанда отбасын қасиетті ұғым санаған халық. Отбасының беріктігі мен ынтымағы – ұлттың бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Сондықтан ата-ананы ардақтау, туыстық қатынастарды нығайту сияқты құндылықтар ұлт мәдениетінің өзегіне айналды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы сабақтастықты әрі қарай сақтау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл ретте отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтар жүйесін насихаттауға баса мән беріліп отыр. Президент биылғы Жолдауында да отбасыларды қолдауға, ана мен баланың құқын қорғауға арналған маңызды міндеттер жүктеді. Бұл әлеуметтік бастамалардың бәрі елімізде отбасы құндылықтарының нығаюына, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат спикері палатаның Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау аясындағы заң шығару қызметінен де құлағдар етті. Ел игілігіне айналған «Ұлттық қор – балаларға», «Келешек мектептері» сияқты кешенді жобалар мен білім үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу жолындағы іргелі істерді атап өтті. Ұлттық байқау жеңімпаздарына тілеулестігін білдірген М.Әшімбаев отбасылық құндылықтарды дәріптеудің ерен үлгісін көрсеткен жандарға алғысын айтты.
Биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңімпаз деп танылған отбасыларға қомақты қаржылай сыйақы табысталды. Олардың арасында Ақмола облысынан – ұлттық өнерді ұлықтаған Мекебай әулеті, Алматы облысынан – қолөнерші Бекдайыр әулеті, Ақтөбе облысынан – Төремұрат әулеті, Абай облысынан Сыдықбай әулеті бар. Аймақтық іріктеуде Астанадан – Айтқожа әулеті, Алматыдан – Дүйсебай әулеті, Шымкенттен Нұртай әулеті үздік деп танылды. Батыс Қазақстан облысынан – Сүйінғара әулеті, Қарағанды облысынан – өңірге белгілі кеншілер Ключников әулеті, Солтүстік Қазақстаннан – механизатор Өзбек әулеті, Атырау облысынан – теміржолшы Өтеп әулеті, Қостанайдан – жұмысшы Егемберді әулеті, Жамбылдан теміржолшы Бектас әулетінің де мерейі үстем болды. Жетісу облысынан – мәдени, спорттық мұраларды насихаттауға үлес қосып жүрген Бектен әулеті, Павлодар облысынан – кеншілер Тұрсынбай әулеті, Ұлытау облысынан – ауыл шаруашылығы саласының мамандары Қапбас әулеті, Қызылорда облысынан – жұмысшы Әбсадық әулеті, Маңғыстау облысынан – қоғам мен шаруашылыққа еңбегі сіңген Шолтаман әулеті, Түркістан облысынан – агроном Молдабек әулеті, Шығыс Қазақстан облысынан табиғатты қорғаушы Жақып әулеті де үздіктер қатарынан көрінді.
Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының 89 жастағы тұрғыны Мұратбай Сүйінғара өзін қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпағымын деп таныстырды.
– Бұғанам бекіп, белім қатпай жатып еңбекке араластым. Өзім әке-шешемнен ерте айырылдым. Ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, зейнетке шықтым. Өмірге он бала әкеліп өсіріп, олардан немере, шөбере сүйіп отырмын. Ұл-қыздарым әр мамандық иесі. Бірі ұстаздық етеді, бірі құқық қорғау саласында, бірі мұнай өндіру ісінде, бірі ауыл шаруашылығында үлгілі маман атанды, – дейді еңбек ардагері.
Байқау жеңімпаздарының арасында Алматы облысынан үздік деп танылған Бекдайыр әулеті көпшілікті өздері жасаған бұйымдармен тәнті етті. Шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдері зергерлік әшекейлерімен үйлесім тауып, құйып қойғандай жарасады.
– Қолөнершілік бабамыздан мирас құндылығымыз, – дейді отағасы Қоңыр Егенұлы. Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде тұратын бұл әулет ұлттық киімнен бөлек, ер шауып, өрімшілікті өрістетіп, тіпті үйдің жабдықтарына дейін жасайтынын айтты. – Балаларым ертоқым шабады, тері илеп, таспа тіліп, жүген, ноқта, қамшы өреді. Қыздарым анасының көмекшісі, ине сабақтап киім тігеді, жүннен сырып та түрлі бұйымдар жасайды. «Мерейлі отбасы» байқауына бұған дейін де қатысып, іріктеуден өте алмадық. Бұл жолы тыңғылықты әзірленіп, 84 отбасының ішінен үздік шығып, жолдама алдық. Мақсатымыз – малдың жүнінен тоқылып, сырылып жасалатын киімдердің артықшылығын насихаттау. Төрт түліктің терісі мен жүнін өңдеп кәдеге жарату әлі де ақсап тұр. Бағасын байыптап, қадіріне жете алмай жүрміз. Астанаға өзіміз тіккен киімдерді киіп, әшекей бұйымдарды тағынып келдік. Көпшіліктің қызығушылығы да ерекше, тіпті тапсырыс бергендер де бар, – дейді Қ.Бекдайыр.
«Astana Ballet» театрында өткен ұлттық байқаудың салтанатты кешінде белгілі өнер шеберлері әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төгіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
2014 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының іріктеуіне бүгінге дейін 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Жылдан-жылға олардың қатары артып, еңбек пен спортта, шығармашылық, зияткерлік салаларында, ғылым мен өнерде ерен жетістікке жеткен отбасылар бағын сынап келеді.
Биылғы байқауға барлық өңірден 3 434 өтінім түскен. Әр өңірде дараланып, жеңімпаз атанған отбасыларға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.