Өнер • Бүгін, 08:00

Бирмингемнен жүлделі оралды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Режиссер Әнуар Матжановтың «Жезтырнақ» атты хоррор-комедиясы фестивальдік сапарын табысты жалғастырып келеді. Фильм Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өткен «Birmingham Horror Film Festival & Convention фестивалінде» «Best Score» (үздік нәтиже) аталымын иеленді.

Бирмингемнен жүлделі оралды

Ұлыбританияның ең танымал хоррор-фес­тивалінің бірі саналатын бұл шараға көрермен көп жиналады. Онда фильм көр­сетілімдерін, байқау бағдар­ла­маларын, тақырыптық көр­ме­лер мен Тәуелсіз кино пре­мия­­сының (Indie Film Awards) марапаттау рәсімін ұсынады. «Жез­тырнақ» фильмі «Best Score» сыйлығын «Қазақ этностық на­­қы­шындағы ерекше музыка­сы үшін» иеленді. Қазылар алқасы ұлт­тық интонациялардың, фоль-к­лорлық әуендердің және заманауи киномузыканың ерекше үйле­сімін атап өтті. Саундтректің авторы – композитор Абай Ақбаев.

«Бұл жеңіс – фильмнің ғана емес, ұлттық музыканың жеңісі. Біздің мәдени бірегейлігіміз­дің халықаралық деңгейде баға­ла­нуы зор мақтаныш. Атаулы марапат қазақ музыкасының, фольклорымыздың рухын, мі­не­зін және мистикалық қуа­тын жеткізе алатын заманауи тіл бола алатынын дәлелдейді», деді  «Clover Street Production» студиясының бас директоры Валерия Карабан.

Оның айтуынша, соңғы жылдары қазақ музыкасы мен киносы ұлттық дәстүр мен заманауи үнді үйлестіре отырып, халықара­лық деңгейге көтерілді. Халықтық әуендерді жаңа эстетикада қайта ұсынудан бастап, түпнұсқадағы киномузыкалық композицияларға дейін әлемдік мәдени кеңістіктің бір бөлігіне айналып келеді. 

«Жезтырнақ» – қазақ мифо­логиясының мотивтеріне не­гізделген хоррор-комедия. Фильм­нің оқиға желісі блогер жігіт пен ауқатты бойжеткен­­нің таныстығы мен қарым-қаты­на­сының дамуын суреттейді, алайда қыз жезтырнақ болып шығады. Картинаны «Clover Street Production» студиясы тү­сірген болатын. Сценарий автор­лары – Сәбит Рақымбаев, Әуез Тұрмагамбетов, Нұрәли Сұл­танов және Ильмир Сағитов. Бас­ты рөлдерді Есентай Ниязбаев пен Динара Мирасбек сомдаған.

Бұған дейін фильм Канада­да өткен «The Bloody Horror International Film Festival»-де «Horror-Mystery Feature Film» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған, сондай-ақ Жапонияның «Karatsu Inter­national Film Festival» фести­валінде көрсетіліп, актер Есентай Ниязбаев «Екінші пландағы ең үздік ер адам рөлі» аталымында марапатталған.