
Жиынға Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров, Түркияның «MLP Care» және «UMC Medical @ Mediast Medical Travel» медициналық ұйымдарының басшылары – Умит Жам мен Мехмет Шахин қатысты.
Тараптар бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыру, қазақстандық және түркиялық дәрігерлер арасында онлайн консультациялар ұйымдастыру, клиникалық тәжірибе алмасудың нақты механизмдерін енгізу және Ақтау қаласындағы медициналық мекемелердің әлеуетін арттыру бағыттарын қамтитын ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қысқа мерзімді жоспарлар қатарында байланыс тұлғаларын бекіту және мамандар арасындағы тәжірибе алмасуды жүйелі жолға қою туралы айтылса, ұзақ мерзімді перспективада – медициналық мекемелердің инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов екі ел арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жаңа бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізді.
«Қазақстан мен Түркия – ежелден бауырлас елдер. Жуырда ғана Анкара қаласына жасаған сапарымызда сіздердің кішіпейілдігіңіз бен қонақжайлылығыңызға тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бүгінгі бастама – медициналық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашары сөзсіз. Ақтаудың ақ халатты абзал жандарымен тәжірибе бөлісіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімдемін», деді ол.
Өз кезегінде «MLP Care» компаниясының жетекшісі Мехмет Шахин Ақтауға алғаш рет келгенін айтып, қала халқы мен медицина саласындағы әріптестермен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді.
«Ақтауға алғаш аяқ басып тұрмын. Бұл жер өз мәдениеті мен дәстүрін берік ұстанатын ерекше қала екен. Түркиядағыдай жылы қабылдауға ризашылығымды білдіремін. Біздің мақсат – жинаған тәжірибеміз бен білімімізді қазақстандық әріптестерімізбен бөлісу», деді Мехмет Шахин.
Кездесу аясында Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы және Түркияның «MLP Care» және «UMC Medical @ Mediast Medical Travel» компаниялары атынан өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат медициналық туризмді дамыту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және халықаралық стандарттарға сай медициналық қызмет көрсетуді жолға қоюға бағытталған.
Айта кетейік, «MLP Care Group» – Түркиядағы ең ірі жеке медициналық холдингтердің бірі. Құрамына «Medical Park», «Liv Hospital» және «VM Medical Park» сынды танымал брендтер енген. Холдингке қарасты 37 ауруханада 22 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Сонымен қатар, 7 мың төсек орны мен 300-ден астам ота жасау бөлмесі бар. Ал «UMC Medical @ Mediast Medical Travel» орталығы онкология, трансплантология, гематология, нейрохирургия және ортопедия салаларында қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін 5 500-ден астам қазақстандық науқас осы орталықтан медициналық көмек алған.
Маңғыстау облысы