
Мемлекеттің қолдауымен мегаполис автопаркі С класты 12 реанимобиль мен В класты 38 автокөлікпен толыға түсті. Барлық көліктер заманауи медициналық құрылғылармен толық жабдықталған және халықаралық талапқа толық сай келеді.
Қала басшысы автопарктің жаңаруы Алматыдағы денсаулық сақтау жүйесін модернизациялаудың маңызды бөлігі екендігін атап өтіп, бұл шара шұғыл медициналық көмектің сапасы мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретінін атады.
«Алматы – еліміздегі ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Мұнда тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету ерекше маңызды. Заманауи жабдықталған жаңа автокөліктер дәрігерлер мен жүргізушілерге сенімді көмекші болады. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында күн сайын мыңдаған адамның өмірі құтқарылады. Біз сіздердің кәсібиліктеріңізді және халыққа адал қызметтеріңізді жоғары бағалаймыз», деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметі 14 бекет пен 188 шұғыл қызмет бригадасынан тұрады. Диспетчерлік орталық тәулігіне шамамен 3 мың қоңырау қабылдайды, ал бригадалар күніне 2600-ге жуық шақыртуға шығады.