Президент • Бүгін, 10:46

KIA компаниясы корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашу шарасына қатысты, деп жазады Egemen.kz.

KIA компаниясы корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев KIA компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында адам капиталын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келе жатқанына тоқталды.

«Әлемдік автоалпауыт еліміздегі зауытты іске қоспай тұрып, Қазақстан және Корея университеттерімен, колледждерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоя бастады. Бұдан бөлек, білікті кадрларды даярлау үшін компания корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. KIA осы арқылы қызметкерлерге қамқорлық – ұйым мәдениетінің маңызды бөлшегі екенін көрсетеді. Бұл шынайы құрмет пен ниеттестік ортасын қалыптастырады. Жұмысшы мамандарға дәл осындай қарым-қатынас қоғамда еңбекқорлық пен әлеуметтік әділдік құндылықтарының орнығуына септігін тигізеді. Зауытта өндіріс локализациясына екпін қойылып отыр. Бұл шығарылатын өнімдегі қазақстандық үлесті едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың есебінше, автозауыттағы әрбір жұмыс орны логистика, сервис, инфрақұрылым салаларында жанама түрде бес-алты адамды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Бұл – жай ғана өндіріс желісінің кеңеюі емес, толық өнеркәсіп кластерін қалыптастыру үшін жасалған зор қадам. Мұндай жүйеде шағын және орта бизнес тұрақты дамуға мүмкіндік алады. Өндірісті ұйымдастырудың осындай кешенді тәсілі Қостанай облысының ғана емес, тұтас еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтеді. KIA зауыты қазақстандық автоөнеркәсіптің өркендеуіне тың серпін беретініне сенімдімін. Жаңа кәсіпорынның жұмысы отандық автопарктің жаңаруына септігін тигізеді. Ол қалалар мен күре жолдардағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне оң әсер етеді», деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің машина жасау саласына баса мән беретінін жеткізді.

«Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам азаматымыз осы салада еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – жастар. Ал Қостанайдағы зауытта бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, білікті маман ретінде қалыптасады. Алдағы уақытта кәсіпорын инженерлердің нағыз шеберханасы болады деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.