
Аталған орталықтың «Әдемі» ансамблінің өнерпазы, мәдениет саласының ардагері, режиссер Еркін Қасенов «Ашық микрофон» форматында оқушыларымен пікір алмасты әрі ұлтжандылық мазмұнында өлеңдер оқып, жастардың рухтануына үлес қосты.
Ал, әлихантанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп оқушыларға Алаш идеясының мән-маңызы мен тәуелсіздікке қосқан үлесі туралы баяндап, жастардың сұрақтарына тұщымды жауаптарын берді.
Кездесу барысында оқушыларға Қазақстанның алғашқы Конституциясын жасаған заңгерлердің тарихи рөлі және нақты еңбектері туралы қызықты деректер ұсынылды.
Қазақ интеллигенциясының тарихын насихаттауға бағытталған іс-шараның басты мақсаты – жастарды Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолындағы еңбегімен, заң саласындағы жетістіктерімен таныстыру, ұлтжандылық рухында тәрбиелеу еді.
«Кездесудің танымдық әсері зор болды. Аға буын өкілдерінің үлгі істері – біз үшін өнеге. Қазіргі уақытта 10 сынып оқушылары Алаш қайраткерлері туралы деректі фильм түсіру идеясын қолға алып отыр, сол себепті кеш өте пайдалы болды, тың мағлұматтар алдық», деді 10-сынып оқушысы Естай Ертай.