
Фото: kazakhcinema.kz/
Министрліктің мәліметінше, соңғы екі жылда үш питчинг ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас режиссерлер мен сценаристердің қатысуымен түсіріліп жатыр.
«2024 жылы конкурсқа іріктеу ережелері қайта қаралып, процесс ашық әрі тиімді болды. Басым тақырыптар белгіленіп, сценарий әзірлеу мерзімі қысқарды. Құжаттарды электронды түрде қабылдау енгізіліп, Сарапшылар кеңесінің дауыс беру механизмі жетілдірілді. Бұл өзгерістер қазақ тіліндегі сценарийлер үлесін 75%-ға жеткізіп, режиссерлердің қатысуын арттырды», делінген хабарламада.
Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі ретінде «Qaitadan» фильмі айрықша аталды. Картинаның отандық прокаттағы табысы 1 миллиард теңгеден асып, салынған инвестицияны бес есеге қайтарған.
Сонымен қатар 2025 жылы жаңа таланттарды анықтау мақсатында «JARQYRA» республикалық кастингі бастау алды. Жоба өңірлердегі жас актерлерге үлкен экранда өнер көрсетуге мүмкіндік беріп, қазақ киносының жаңа буынын қалыптастыруға жол ашты.
«Қазақ киносының онкүндігі» акциясы аясында отандық фильмдердің көрсетілімі Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында өткізілді. Отандық фильмдер көрерменге қолжетімді бола түсті. Қазір олар тек кинотеатрларда ғана емес, онлайн платформаларда да көрсетіледі. «Кинопоиск» платформасымен бірлесіп, 17 қазақстандық фильмнен тұратын арнайы жинақ дайындалды. Оған «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» және басқа да туындылар кіреді. Бұл шара қазақстандық кинематографияның танымалдылығын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр», делінген хабарламада.
Халықаралық деңгейде де қазақ киносының беделі артып келеді. Соңғы 30 жылда алғаш рет Қазақстан Канн кинофестивалі аясындағы Marché du Film кинонарығына қатысып, KazakhCinema ұлттық стенді арқылы отандық жобаларды таныстырды. Каннда Франция және Грузияның ұлттық киноорталықтарымен, ал Ақтауда Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның кино ұйымдарымен ынтымақтастық жөнінде келісімдер жасалды.
Сондай-ақ Локарно мен Пусан фестивальдерінде көрсетілген «Сказка о морских псах» деректі фильмі мен «Победителей видно на старте» атты бірлескен жоба халықаралық көрерменнің жоғары бағасына ие болды.