
Ақтілеудің мамандық таңдау жолындағы маңызды арманының орындалуына «Жарқын Болашақ» бағдарламасы себепші болды, жалпы бұл бағдарлама арқылы жауапты мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік алған маңғыстаулық жастар аз емес. Олар бүгінде еліміздің әр түкпіріндегі түрлі колледжде әртүрлі мамандық бойынша оқып жүр.
– Төтенше жағдайлардан қорғау саласында жұмыс істеуді бала күнімнен армандайтынмын, әрдайым адамдарға көмектескім келетін. Бір адамның өмірін сақтап қалсам үлкен жетістік сол болар еді деп ойлайтын едім. Бұған бала кезімде көрген мультфильмдер мен фильмдер де әсер еткен болар, бәрінде де жақсылық жасау идеясы болатын еді ғой. Мен де сондай болғым келді. Оқуға құжат тапсыруға дайындалып жүрген кезде Каспий теңізіне демалуға барған едік. Суға батып бара жатқан бір баланы жағаға шығарып үлгергенім есімде. Сол баланың алғысы маған ерекше әсер етті. Адам өмірін сақтап қалуға көмектескенімді сезініп, осы мамандыққа түсемін деген сенімім беки түсті, – дейді 16 жастағы студент А.Иманәлі.
Ақтілеу оқуға түскелі бұл саланың маңызы мен бағыттарын терең түсіне бастаған. Оның айтуынша, қауіп-қатерге дайын болу үшін физикалық дайындық қана емес, адамгершілік, жанкештілік сияқты қасиеттер өте маңызды. «Төтенше жағдайлардан қорғау саласына табиғи апаттармен күресу, алдын алу, эвакуациялау, құтқару сияқты бағыттар кіреді. Жер сілкінісі, цунами, дауыл — осының бәрі біздің жұмысымызбен байланысты. Мұндай сәттерде адамдар кімнен көмек сұрау керегін білмей жатады. Сондай кезде қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Бұл — азаматтық борышымыз. Сондықтан бұл мамандық батылдықты талап етеді, ішкі мәдениеті мен тәртібі де мықты болуы керек», дейді ол нық сеніммен.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының және «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асқан «Жарқын Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып жүрген бозбала – биыл екінші курс студенті. Колледждегі пәндердің ішінен Ақтілеуге графика сабағы ерекше ұнайды. Болашақ маман ретінде оған бұл пән өте маңызды.
– Алғашында бұл пән қиын сияқты көрінді. Кейін сызбалардың төтенше жағдай мамандарына қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Солар арқылы қай жерде эвакуациялық есік бар екенін, ғимаратқа қалай кіруге болатынын, қай жерде не орналасқанын біліп, түсіне аламыз. Сондықтан осы сабаққа ерекше ынтамен қатыстым. Мамандығымызға сай, бәріміз қатаң тәртіппен жүреміз. Форма киюдің өзі үлкен жауапкершілікті қалыптастырады. Формадағы адам өзін мәдениетті, сабырлы ұстауы керек, дейді Ақтілеу Иманәлі.
Алдағы оқу жылдарында ол практикалық пәндерді меңгеретін болады. Келешекте студент алған білімі бойынша әртүрлі өңірде қызмет етіп көргісі келеді. А.Иманәлінің сөзінше, қайда тұратының емес, кімге көмектесе алатының маңызды. Кез келген жерде көмекке мұқтаж жандар бар.
Төтенше жағдайлар саласы — қауіп-қатері мен жауапкершілігі қатар жүретін мамандық. Сондықтан Ақтілеудің бұл таңдауын қабылдау отбасы үшін алғашында оңай болмағанын айтады.
– Отбасым алғашында қорықты. Әсіресе әжем. Бірақ бала күнгі арманым екенін түсіндіріп, осы мамандықта оқығым келетінін айтқан соң, батасын берді. «Жұмыстың оңайы жоқ, тек өзіңе сен» деп ақ жол тілеп, шығарып салды. Болашаққа жоспарым — осы оқу орнын үздік аяқтап, мықты маман атану. Кейін жоғары білім алып, осы салада жұмыс істегім келеді. Әсіресе құрлықтағы төтенше жағдайлармен жұмыс істеуге қызығамын. Себебі сол жерде адамдарға көмектесу мүмкіндігі көбірек, деген А.Иманәлі отбасының сенімін ақтап, кәсіби құтқарушы болып қалыптасқысы келеді.
Маңғыстау облысы