Білім • Бүгін, 19:23

«Келешек мектептері»: баршаға қолжетімді оқу ордасы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде инклюзивті саясат халықаралық конвенция талабына сәйкес дамып келеді. Бұл – мемлекеттік саясаттың да басым бағытының бірі.

«Келешек мектептері»: баршаға қолжетімді оқу ордасы

«Инклюзивті білім беру» ұғымы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында бекітілген, бұл барлық баланың ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндігін ескере отырып, білім алу құқығын кепілдейді.

Заңнамалық деңгейде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды барлық білім деңгейінде оқытып, арнайы жағдай жасауға мемлекеттік кепілдік берілген. Сондай-ақ білім беру қажеттілігін бағалауды, психологиялық-педагогикалық қолдауды, оқу жоспарын, бағдарламасын және оқушы жетістігін бағалау жүйесінің әртүрлілігі мен икемділігін қамтамасыз етуге қатысты нормалар енгізілген.

Бүгінгі таңда елімізде 6 мыңнан астам мектепте (90%) инклюзивті білім беруге арналған жағдай жасалған. Соның ішінде кедергісіз қолжетімділік және қажетті мамандармен қамтамасыз етілді. Инклюзивті біліммен 100 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар қамтылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы белсенді жүзеге асып отыр. Жоба аясында барлығы 460 мың оқушы орны ашылады.

«Келешек мектептері» жобасы аясында педагогтар мен оқушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіздік жағдайы жасалған. Мұндай білім ошағында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кеңістікті бейімдеу қарастырылған. Сондай-ақ психолог, әлеуметтік педагог, логопед және басқа мамандар үшін арнайы кабинет жабдықталған. Мұнда арнайы педагогтар, педагог-психологтар және педагог-ассистенттер сияқты білікті мамандар жұмыс істейді. Олар ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектеседі.

«Келешек мектептері» инклюзивті білім қағидасын кәдімгі жалпы білім беретін мектеп секілді толық жүзеге асырады. Білім ордасында ғимараттарды жобалау кезінде кедергісіз орта талаптары ескерілген: пандустар, лифттер, кең өткелдер, арнайы санитарлық тораптар және нашар көретіндер мен есту қабілеті төмен адамдарға арналған навигация жүйесі жасалған.

Оқу үдерісі – баршаға қолжетімді. Оның аясында жеке оқу бағдарламалары, педагог-ассистенттер мен психологиялық-педагогикалық қолдау жүзеге асады. Сонымен қатар STEM зертханалары мен интерактивті тақталар сияқты заманауи технологияны ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен бірге әрбір оқушы пайдаланады.

Соңғы екі жылда жаңа форматтағы 176 мектеп салынды. Биыл жыл соңына дейін тағы 41 мектеп пайдалануға беріледі.

Бұлбұл ЕЛЕУСІНОВА,

Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры