Саясат • Бүгін, 17:43

Астанада Орталық Азияның әлемдегі қазіргі рөлі талқыланды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру» тақырыбында Astana Think Tank Forum 2025 форумы өтті. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Астана халықаралық форумы (AIF) аясында ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.

Астанада Орталық Азияның әлемдегі қазіргі рөлі талқыланды

ҚР Президенті кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзқарасына сүйеніп, Қазақстан бейбітшілік, сенім және жауапты дипломатия қағидаттарын әрдайым берік ұстанатынын атап өтті.

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев қазіргі кезеңде «конструктивті консенсусті» қалыптастыру мен көпжақтылықты нығайту маңызының артқанын, себебі тұрақты және әділ әлемдік тәртіпті сақтау жауапкершілігі бір тарапқа ғана емес, ауқымды мемлекеттердің барлығына жүктелетінін айтты.

Аа

Форумның басты іс-шараларының бірі «Өзгермелі жаһандық қауіпсіздік архитектурасындағы Орталық Азия» тақырыбындағы III Орталық Азия қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы болды.

Форум барысында Орталық Азияның жетекші сараптамалық орталықтарының басшылары халықаралық қауіпсіздік жүйесінің трансформациясы өңірлік тұрақтылық пен даму үшін туындататын сын-қатерлерді талдап, аймақтық ынтымақтастықтың болашағын және өсіп келе жатқан поляризация жағдайында жаһандық диалогқа көпір болатын Орталық Азияның рөлін талқылады.

Аа

Сондай-ақ сарапшылар жетекші державалардың бәсекелестігі тұрғысында көпжақты ынтымақтастықтың келешегі, қауіпсіздік архитектурасының өзгеруі және ядролық қарусыздану мен таратпау болашағы, Ауғанстан факторының өңірге әсері, жаһандық нарықтардың бытыраңқы жағдайындағы инвестициялар, Еуразиядағы сауда-көлік дәліздерін дамыту, жасанды интеллект пен оның этикалық мәселелері, сондай-ақ климаттың өзгеруі мен су тапшылығының демографиялық және көші-қон процестеріне ықпалы сияқты тақырыптарды талқылады.

Форумның екі күндік жұмысы қорытындысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Astana Think Tank Forum 2025 алаңының сенімге, ашық пікірталасқа және практикалық шешімдер іздеуге негізделген халықаралық сараптамалық платформа ретіндегі тиімділігін атап өтті.

Іс-шараның серіктестері: Eurasian Resources Group (ERG) табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы әлемдік жетекші компаниясы, Қазақстандағы ірі тау-металлургия компаниясы – «Қазақмыс», сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын жасау саласының көшбасшысы – AGROMASH зауыты.