
Ресейдің Мәскеу қаласында тау-шаңғы саласының үздіктерін анықтайтын SKI BUSINESS AWARDS жүлдесімен марапаттау шарасы өтті. 2024-2025 жылғы маусымның нәтижесінде «Шымбұлақ» тау курорты ТМД елдеріндегі ең беделді аталымда жеңімпаз деп танылды. Биыл алғаш рет «Ең үздік тау-шаңғы курортының басшысы» аталымын енгізіліп, «Шымбұлақтың» бас директоры Ринат Абдрахмановтың еңбегі ерекше атап өтілді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл байқауға 50 номинация бойынша 240-тан астам үміткер қатысқан. Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімі мен ірі тау-шаңғы порталы Ski.ru ұйымдастырған ашық дауыс беру нәтижесінде анықталды. Үздіктерді анықтау кезінде компаниялардың саланың дамуына қосқан үлесі ғана емес, сала жетекшілерінің жеке жетістіктері де сараланды.
«Шымбұлақ» ТМД-дағы «Ең үздік тау-шаңғы кешені» аталымында қатарынан үшінші жыл үздік деп танылып отыр. 2022 жылы курорт ШЫҰ елдері арасындағы «Ең үздік тау-шаңғы курорты» атағын иеленсе, былтыр ТМД курорттары арасында негізгі марапатпен қатар, «Ең үздік глэмпинг/кемпинг» аталымымен марапатталды.
«Өткен маусымда «Шымбұлаққа» 1,5 миллионнан астам адамның келгені – курортқа тек жергілікті демалушылар ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартады. SKI BUSINESS AWARDS марапатының биылғы жеңісі – бұл команданың кәсіби жұмысының, инфрақұрылымды дамыту және қызмет сапасын арттыру жолындағы еңбегінің нәтижесі. Мұндай беделді марапаттар өңіріміздегі өзге де тау-шаңғы курорттарына серпін беретіні анық», дейді Еуразиялық тау курорттары альянсының бас хатшысы Андрей Кукушкин.
SKI BUSINESS AWARDS жүлдесі 2018 жылы тау-шаңғы индустриясының кәсіби мамандарын ынталандыру және саланың беделін арттыру мақсатында тағайындалды. Жыл сайын бұл марапатқа «Роза Хутор», Oi-Qaragai Mountain Resort, «Эльбрус», «Красная поляна», «Шерегеш» сияқты әйгілі курорттардың жобалары ұсынылады. «Шымбұлақтың» кезекті рет ТМД аумағында үздік курорт деп танылуы еліміздегі тау-шаңғы саласының жоғары әлеуетін және елдің туристік беделін артып келе жатқанын аңғартады.