Ғылым • Кеше

Ғалымның ғибратты жолы

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  көрнекті ғалым-экономист, академик Яхия Әубәкіровтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақстанның ұлттық экономикасы: қазіргі кезеңдегі даму заңдылықтары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, ЖОО ректорлары, отандық және шетелдік ғалымдар, компаниялар өкілдері мен жас зерттеушілер  жиналды, деп жазады Egemen.kz.

Ғалымның ғибратты жолы

Жиынды жүргізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, қауымдастырылған профессор Жанна Ермекова көрнекті ғалымның отандық жоғары мектептің дамуына сүбелі үлес қосып, экономикалық ғылымның қалыптасуына жарқын із қалдырғанын айтты.

«Яхия Әубәкірұлы экономикалық мамандық қана емес, барлық маман үшін экономиканың қызмет ету қағидасын түсіндіріп, өзекті де негізді шешім қабылдап, саясат пен реформалар салдарын бағалауда экономикалық теорияның қажеттілігін әркез дәлелдеп, оның белсенді жанашыры болды. Бүгінгі таңда да ғалымның  экономикалық ой-тұжырымы өте өзекті», деді ол.

Бұдан соң Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жиналған қонақтарға ізгі лебізін білдірді. Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың да құттықтауын Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова жеткізді. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев  іс-шараға қатысушыларды конференцияның салтанатты ашылуымен құттықтап, Яхия Әубәкірұлының өмір жолы отандық экономикалық ғылым мен білімнің қалыптасып, ғалымдардың жаңа буынын тәрбиелеу кезеңіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ іс-шара аясында Я. Әубәкіров туралы «Ғибадатты ғұмыр» атты кітап таныстырылды. Мұнда ғалымның өмірі  мен ғылыми мұрасы  толық қамтылған.

Конференцияның пленарлық отырысында Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дидар Батрышев, ғалым Бақытжан Жұмағұлов, жоғары оқу орындары қауымдастығы мен Тұран университетінің президенті Рахман Алшанов, «Almaty Management University» президенті Асылбек Қожахметов, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков және ғалымның қызы көрнекті музыкант, «Aubakirova School» авторлық мектебінің директоры Жания Әубәкірова сөз алды.  Жиын аясында Яхия Әубәкірұлы туралы деректі фильм көрсетілді.

Ж. Ермекова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы,

Л. Бимендиева, қауымдастырылған профессор