Оқиға • Бүгін, 13:00

Диас Төлеу ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Хан-Тәңірі» футбол клубының ойыншысы Диас Төлеудің ауруханаға жеткізілген сәттегі жағдайы туралы ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Диас Төлеу ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген

Фото: «Хан-Тәңірі» ФК

Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасы аясында өткен ойын кезінде Диас Төлеу өзін нашар сезінген, содан кейін медициналық қызметкерлер оны алаңнан көтеріп алып кеткен. Аталған оқиғадан кейін үш сағат өткен соң Қазақстан футбол федерациясы Диас Төлеудің қайтыс болғанын хабарлады.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, спортшы Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына клиникалық өлім жағдайында жеткізілген.

«Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне 2006 жылы туған пациент клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Оны матч кезінде кезекшілікте болған жеке медициналық жедел жәрдем көлігі алып келген. Қабылдау кезінде жүрек соғысы мен қан қысымы болмаған, қарашықтары кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, өмір белгілерін қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді», делінген хабарламада.

Қазір марқұмның денесі өлімнің нақты себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамаға жіберілген.

Айта кетейік, Диас Төлеу «Хан-Тәңірі» сапында Бірінші лигада екі маусым өткізіп, үш гол соққан. Сондай-ақ  «Қайрат» футбол академиясының түлегі болған.