
Фото: istockphoto.com
Әлем бойынша тағы шамамен 3,5 миллиард адам күніне 6,85 доллардан аз табыс табады екен. Бұл көрсеткіш көптеген орта табысты елдер үшін де кедейлік шегінен төмен саналады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 17 қазанды — Кедейлікпен күресудің дүниежүзілік күні деп жариялаған. Жыл сайын бұл күні әлем елдерінде кедейліктің салдары мен оның алдын алу жолдарына қоғам назарын аудартуға бағытталған іс-шаралар өтеді.
БҰҰ есебіне сәйкес, COVID-19 пандемиясынан кейін кедейлік деңгейі қайта өсіп, 2019 жылдан бері айтарлықтай төмендемеген. Қазір жер шарындағы халықтың шамамен жартысы өз елдерінде кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатыр.
Visual Capitalist онлайн-платформасы мен Халықаралық валюта қорының 2025 жылғы «Әлемдік экономикалық болжамдар» есебіне сай, әлемнің ең кедей мемлекеттерінің көбі Африка құрлығының Сахараның оңтүстігіндегі аймақтарында орналасқан.
Бұл тізімнің басында Оңтүстік Судан тұр. Мұнда жан басына шаққандағы ЖІӨ небәрі 251 доллар. Одан кейін Йемен (417 доллар), бұл тізімдегі Таяу Шығыстағы жалғыз ел. Үшінші орында Бурунди (490 доллар), төртінші орында Орталық Африка Республикасы (532 доллар), одан әрі Малави (580), Мадагаскар (595), Судан (625), Мозамбик (663), Конго Демократиялық Республикасы (743) және Нигер (751 доллар).
Соңғы 25 жылда кедейлікті азайтуда ең үлкен жетістікке Шығыс және Оңтүстік Азия елдері жеткен. Дегенмен, БҰҰ болжамынша, 2030 жылға қарай әлем халқының 7,3 пайызы әлі де күніне 2,15 доллардан аз табыс табатын болады. Бұл шамамен 69 миллион адам ғана кедейліктен шыға алады деген сөз.
Кедейлікті жою БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарының ең басты бағыты. Ұйым бұл мәселені шешу тек экономикалық емес, әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты даму үшін де маңызды екенін атап өтеді.