Сенат • Кеше

Күмәнді кірістерге тосқауыл қойылады

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалы­ғымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Жоғарғы сот судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарап, қылмыстық жолмен алын­ған кірістерді жылыс­татуға және терроризмді қаржылан­дыруға қарсы күресті күшей­туге бағыт­талған заңды қарады.

Күмәнді кірістерге тосқауыл қойылады

Халықаралық орталық құрылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Әлжанов­ты, Роза Жакудинаны, Тыныш­тық Молдахметованы Жоғарғы сот судьясы қызметінен босату туралы ұсыным жасап, бұл мәселе Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті­нің отырысында алдын ала талқы­ланды. Нәтижесінде, депутаттар Президенттің ұсынуын қолдап, Жоғарғы соттың судьялары қызметінен босатылды.

Сондай-ақ депутаттар отырыс­тың күн тәртібіне шығарылған «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халық­аралық орта­лық­ты құру туралы келісімді ратифи­кациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Тал­қы­лау барысында сенаторлар келі­­сім­ді ратификациялау тиімді және мем­лекетаралық ақпарат­тық өз­ара іс-қимыл жасау және қыл­­мыс­­тық жолмен алынған кіріс­­тер­ді заңдастыру мен жылыс­тату және терроризмді қаржы­лан­дыру қауіп-қатеріне ұлттық баға бе­руден жоғары болатын баға­лау жүргізу үшін құқықтық база құ­ру­ға мүмкіндік беретінін айтты.

– Қаралған келісім ТМД ел­дері шеңберінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдас­тыруға және терроризмді қар­жы­ландыруға қарсы іс-қимыл­ды жетілдіру үшін әзірлен­ді. Осы мақсатпен арнайы Халық­­аралық орталық құру көздел­ген. Бұл орталық қауіп-қатер­лер­ді бағалауға мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ қаржылық бар­лау бөлімшелері арасында қор­ғалған ақпараттық жүйе арқы­лы ақпарат алмасуға жол ашады. Жалпы, мақұлданған заң қыл­мыстық жолмен алынған кіріс­терді заңдастыруға және терро­ризм­ді қаржыландыруға қарсы кү­рес­тің тиімділігін арттыра түседі деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Аталған заңның нормаларына сәйкес ақшаны жылыста­тудың және терроризмді қаржы­ландырудың алдын алу және онымен күресу үшін халықаралық стандарттар мен ұсыныстар әзірлеп, енгізу көзделіп отыр. Одан бөлек, қаржы мониторингі және қауіп-қатерге баға беру сала­сындағы мамандарды оқытып, олардың біліктілігін арттыру қарастырылған.

 

Қарттарға қамқорлық қайтсе күшейеді?

Отырыста Үкіметке сауал жолдаған сенатор Айнұр Арғын­бекова егде жастағы азаматтарды қолдау жүйесін құруды ұсынды. Депутаттың айтуынша, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы арта түсуі қажет. Десе де жүрек-қан тамыры, онкология, қант диабеті, деменцияның ұлғаюы секілді созылмалы аурулар қазір етек жайды. Бұл медициналық жүйеге ауыртпалық түсіреді. Медициналық және әлеуметтік қызметтерге деген қажеттілік арта түседі, сәйкесінше ұзақмер­зім­ді күтімге алу мәселесін де кешенді түрде жолға қою керек. Бұл күн­дізгі орталықтар жоқ, жылжымалы қызметтер нашар дамыған, гериат­рия мамандары жетіспейтін ауылдық жерлерде қатты сезіледі.

– Қарттарға күтім жасау көбіне отбасыларға жүктеледі. Бұл – күш-жігерді, уақыт пен шы­дамдылықты қажет ететін күн­де­лікті жұмыс. Көптеген ересек балалар көбіне жұмыс уақы­тын шектейді немесе қызмет мүмкін­дігінен бас тартады, сөйтіп ата-анасына тұруға, дәрі-дәрмек қабылдауға, тамақ дайындауға, дәрігерге баруға көмектеседі. Кәсіби тұрғыда қолдаусыз қалған қарт адамдар әдеттегі әлеу­меттік байланысты, дене әреке­тін және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдысын жоғалтады. Бұл созыл­малы аурулардың дамуын жедел­детеді, – деді А.Арғынбекова.

Сенатор белсенді ұзақ өмір сүруге арналған инвести­ция тұрақ­ты дамудың бір бөлігі ретін­де қарастырылатын халық­аралық тәжірибені ескеру маңыз­ды екенін айтады. Бірқатар елде егде жастағы адамдардың денсау­лығы мен тәуелсіздігін ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін қолдау жүйелері құрылған. А.Арғын­бекованың пікірінше, елде меди­циналық, әлеуметтік және қоғамдық көмекті біріктіретін ұзақмерзімді күтімнің кешенді жүйесін жасау қажет.

– Бүгінде қабылданып жатқан шаралар әрқилы. Медициналық, әлеу­меттік және қоғамдық қолдау­ды біріктіретін ұзақмерзімді күтімнің бірыңғай жүйесін құру қажет. Салалық мемлекеттік орган­дарға геронтологиялық қыз­метті және белсенді ұзақ өмір сүруді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу туралы мәселені қарау ұсынылады, – деді сенатор.

 

Мегаполистерде де егін шаруашылығы барын ескеру керек

Ал сенатор Әлішер Сатвал­диев мегаполистердегі ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­шілер мемлекеттік қолдаудан сырт қалып жатқанын жеткізді. Депу­тат­тың айтуынша, мегапо­листердің аумағында да егіс нау­қаны жүргізіліп, жылыжай шаруашылықтары дамып жатыр. Алайда қолданыстағы норма­тивтік актілер бойынша қала жері ауыл шаруашылығы санатына жатпайды. Жер санаттары мен субсидиялау қағидалары арасындағы осындай сәйкессіздік нәтижесінде өндірушілер мем­лекеттік қолдау жүйесінен тыс қалып келеді.

– Бүгінде Шымкент қаласы аумағының 54 пайызын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­лер құрайды. Алматы қала­сында бұл көрсеткіш 15 пайызға жуық. Шымкент қаласында бүгін­нің өзінде 7 180 ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндіруші тіркел­ген әрі олар 23 мың гектарға жақын жерге егін егіп жатыр. Сондай-ақ 100 гектарды құрайтын жылыжай кешендері жұмыс істейді. Алайда аталған шаруашылықтар мен жылыжай кешендері мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай отыр, – деді А.Сатвалдиев.

Сенатор республикалық маңы­зы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аума­ғын­да ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің арнайы санатын бекіте отырып, қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл олардың ауыл шаруашылығы мақсатын ресми түрде ескеруге, кадастрлық жүйеге енгізуге және мемлекеттік ақпараттық жүйеде субсидия алуға мүмкіндік береді.

– Бұған дейін де Сенат мін­берінен мегаполистердегі мал шаруашылығы нысандарына мемлекеттік қолдау көрсету бо­йынша мәселе көтердік. Үкімет тара­пынан қолдау болды, бүгінде мал шаруашылығымен айналы­сатындардың мәселесі шешілді. Ендігі кезекте егін шаруашылығы тауар өндірушілерінің мәселесіне ден қойсақ жөн болар еді. Жоғары­да аталғандарды ескеріп, депу­таттық сауалға арқау болып отыр­ған қағидаға өзгеріс енгізуді, рес­публикалық маңызы бар қала­лар аумағындағы ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін арнайы санат ретінде бекіту қажет, – деді сенатор.