
Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Жалпы, жиырма жыл ішінде азаматтық қоғам құруға арналған түрлі жиын қоғам мен мемлекет арасындағы әріптестіктің маңызды құралына айналды. Өткен форумдарда әзірленген ұсыныстардың нәтижесінде негізгі бастамалар жүзеге асырылды. Мәселен, 2030 жылға дейін азаматтық қоғамды дамытудың Ұлттық тұжырымдамасы әзірленіп, гранттық қаржыландыру мен әлеуметтік тапсырыс жүйесі жетілдірілді. Сондай-ақ ҮЕҰ цифрлық тізілімі енгізілді.
Пленарлық отырыс Мемлекет басшысының құттықтау сөзімен ашылды. Бұл хатты Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.
«Кейінгі жылдары елімізде ауқымды реформалар қолға алынды. Мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына арқау болған, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы берік орныға түсті. Өзара сыйластық пен түсіністік, жанашырлық пен жауапкершілік қасиеттері кеңінен дәріптеліп, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру үшін нақты шаралар атқарылды. Осы маңызды іске азаматтық қоғам өкілдері зор үлес қосып жатқаны сөзсіз. Қазір Қазақстанда 18 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оларды мемлекеттің сенімді серіктесі деуге толық негіз бар. Шын мәнінде, сіздер еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсене атсалысып жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Бес жылда арнайы әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы екі есеге жуық өсті. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға жұмсалып жатыр. Ортақ мүдде жолындағы осындай өзара тиімді ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасады. Осы басқосуда айтылған салмақты ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар азаматтық қоғамды дамытуға тың серпін береді деп сенемін», делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Парламент Мәжілісінің және «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым азаматтық қоғамды нығайтуға ерекше назар аударып келеді. Осыған орай азаматтық қоғамды жетілдіруге арналған тұжырымдама әзірленіп, оның заңнамалық және институционалдық негізі қаланды. Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғам толыққанды орнығып, мемлекеттік институттармен өзара байланысы күшеюде. Салалық ұйымдар мен қоғам белсенділері заң жобаларын талқылау ісіне де барынша атсалысып жүр. Депутаттық корпус та өздеріңізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Парламент Мәжілісі жанында білікті сарапшылардан жасақталған Қоғамдық палата жемісті қызмет етуде. Онда өзекті мәселелер талқыланып, жан-жақты сарапталып, ұсыныстар мен тың бастамалар ортаға салынады», делінген Мәжіліс төрағасының құттықтауында.
Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы форумда өте өзекті мәселелер талқыланып, ұтымды ұсыныстар, мазмұнды ой-пікірлер ортаға салынғанын айтты.
– Айтылған ойлар мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты практикалық шешімдерге айналып, қоғамдағы сенімді, әлеуметтік жауапкершілікті және диалогті күшейтуге ықпал етеді деп сенемін. Біз өз тарапымыздан осы талқыланған бағыттарды назарға ала отырып, еліміздегі мықты әрі әлеуеті жоғары азаматтық қоғамды құруға қадам басып отырмыз. Алда үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлескен ортақ жаңа көзқарасқа негізделген бастамалар жоспарланды. Сонымен қатар қазіргі кезде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы бастамасына орай, үкіметтік емес ұйымдар туралы заңанаманы жетілдіру бойынша жұмысты бастадық. Форум алаңдарында сындарлы ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Олар назарға алынып, міндетті түрде ескеріледі, – деді министр.
А.Балаеваның пікірінше, жаңа заңнамалық бастамалар қайырымдылық ұйымдарының қызметін жетілдіруге де бағытталады. Аталған жұмыста үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше.
– Президент Жолдауында атап өткен Парламент реформасы – елдің саяси жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі. Реформа заң шығару мәдениетін жетілдіріп, мемлекеттік шешім қабылдау үдерісін ашық әрі әділ етуге жол ашады. Осы ретте барша азаматтық қоғам өкілдерін бұл бастаманы терең талқылап, оның мәнін қоғамға түсіндіруге белсене атсалысуға шақырамыз. Жаһандық өзгерістер жағдайында азаматтық қоғамның цифрлық сауатын арттыру – уақыт талабы. Біз үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жаңа деңгейге көтеріп, цифрландыру элементтерін енгізуді көздеп отырмыз. Әсіресе әлеуметтік саладағы цифрлық бастамалар қоғам талабына сай екенін көрсете білді. Ендігі кезекте осы бастамаларды жалғастырып, тиімді жүзеге асыруымыз қажет, – деді А.Балаева.
Сондай-ақ министр үкіметтік емес ұйымдардың қатысуынсыз күнделікті мемлекеттік міндеттерді шешу оңай емес екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, азаматтық сектор – «Әділетті Қазақстанды» құрудағы тең құқылы серіктес әрі қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді көпір. Осы бағытта «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы – еліміздің даму бағытын айқындайтын, қоғамның жауапкершілігі мен мәдениетін арттыратын маңызды құндылықтар. Бұл бастамаларды жүзеге асыруда әрбір азаматтың белсенді ұстанымы мен адал еңбегі шешуші рөл атқарады.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та еліміздегі үкіметтік емес ұйымдарда қоғамдағы ең белсенді, озық ойлы, бастамашыл, жаңашыл азаматтар қызмет етіп жүргенін айтты. Осының арқасында азаматтық сектор дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеріліп, үлкен интеллектуалдық ортаға, мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды.
– Өзім де еңбек жолымды қоғамдық ұйымдардан бастап, түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, партияда жұмыс істеп, елмен етене араласа жүріп шыңдалдым. Сондықтан қиын да қызықты, елге болсын деген бастамашыл қасиеттерді жақсы білемін. Осы тұрғыдан келгенде, азаматтық сектор – қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысатын, халықтың үнін, жұртшылықтың талап-тілегін билікке жеткізетін белсенді орта деп білемін, – деді депутат.
Оның айтуынша, енді қоғамдағы өзекті мәселелер көшеде емес, Парламентте талқылануға тиіс. Осы ұстанымның көрінісі ретінде Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құрылған. Бұл палатаның негізін осында отырған үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері құрайды.
– Парламенттегі көтерілген келелі мәселе мен жұртты толғандырған түйткілдердің көбін өздеріңіз ұсынасыздар. Бұл – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыратын қадам. Бүгінде азаматтардың саяси белсенділігі артты. Мемлекеттік маңызы бар барлық шешім тікелей халықтың араласуымен, талқылауымен қабылданады. Кейінгі жылдары екі референдум өтті. Осындай жүйелі өзгерістердің нәтижесінде либералды үрдістер күшейіп, қоғамда демократиялық құндылықтар кеңінен қанат жайып келеді. Бұл елімізде түбегейлі өзгерістерге жол ашты. Атап айтқанда, саяси партиялардың жұмысы жандана түсті. Конституциялық реформаларға сәйкес, партия ретінде тіркелу жеңілдеді. Бұрын ол үшін 20 мың адам қажет болса, қазір 5 мың адам жеткілікті, – деді Е.Бейсенбаев.
Сондай-ақ депутат 2024 жылы ел бюджетінің кірістері 44 млрд доллардан асқанын айтты. Бұл Өзбекстанмен (26,4 млрд) салыстырғанда бір жарым еседен артық және Қырғызстанмен (4,4 млрд) салыстырғанда он есе көп. Жалпы, еліміздің бюджеті әлеуметтік бағытқа бағдарланған. Яғни халықты әлеуметтік қолдауға айрықша мән беріліп келеді. Атап айтқанда, шығыстардың 60 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Республикалық бюджеттің зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге арналған шығыстары жыл сайын бір триллион теңгеге ұлғайып отырады. Ал оңтүстіктегі көршілерімізде бұл көрсеткіштер, керісінше, азайып отыр.
– Жыл басынан бері халықаралық резервтер, яғни алтын-валюта қоры мен бағалы қағаздар көлемі 20%-ға өсіп, 52,2 млрд долларға жетті. Сонымен қатар Ұлттық қорда 64 млрд доллар бар. Бұл – шамамен 63 трлн теңге, яғни елдің үшжылдық бюджетіне тең қаржы. Айта кетейік, Халықаралық валюта қорының мәліметінше, бүгінде әлемде 57 елде ғана ұлттық қор бар, – деді Е.Бейсенбаев.
Кейінгі бес жыл ішінде Азаматтық форумның қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдарға сүйене отырып, елімізде стратегиялық маңызы зор бірқатар құжат қабылданды. Олардың қатарында «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заң, сондай-ақ онлайн-петициялар институтын енгізу жөніндегі заңнамалық түзетулер және өзге де маңызды бастамалар бар.
Республикалық форумның алдында еліміздің барлық өңірінде осындай 20 аймақтық кездесу өтті. Оларға 3 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан. Бұдан бөлек, жыл бойы салалық министрлер мен бейінді ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесу ұйымдастырылып, нәтижесінде 200-ден аса нақты ұсыныс дайындалған.