
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміз алдағы үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек деген міндет қойғаны мәлім. Аталған тапсырма аясында Ертіс-Баян өңірінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірқатар игі жоба қолға алынды. Соның бірі – «Қауіпсіз қала» жобасы.
Павлодар облысында көшелерді ақылды бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету жүйесі тамыз айынан басталды. Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы шеңберінде «Қауіпсіз қала» үш жылдық жобасы іске асырылады. Бір ғана Павлодар қаласында 3 мың камера қойылмақшы.
– Жоба аясында өңірде 5 мыңға жуық камера орнату жоспарланған. Оның ішінде Павлодар қаласында 3 мың жалпы бейнебақылау камерасы, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы желілік учаскелерде 250 аппараттық-бағдарламалық кешен, 150 қиылыста аппараттық-бағдарламалық кешен, сондай-ақ республикалық жолдардың жол апаты жиі қайталанатын тұстарында 20 аппараттық-бағдарламалық кешен қойылады. Бейнебақылау жүйесі бойынша жобаны «Antarium Group» ЖШС ұтып алды. Компаниямен 3 жылға сервистік модель бойынша жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге шарт жасалды, – деп хабарлады өңірлік Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.
Көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер жолдарына қойылатын «Мерген» аппаратық-бағдарламалық камералары тану нұсқасына ие. Яғни жылдамдығын шектен тыс арттырған және бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткен көлік құралдарын тіркеп, адамның бет-әлпетін тани алады, сондай-ақ көшеде қалдырылған заттарды, түтіннің шығуын анықтайды. Тіпті көлік ішінде қауіпсіздік белбеуін тақпаған, рульде телефонмен сөйлесіп отырған адам туралы да хабарлай алады.
– Камералар ең әуелі шаһарлардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қойылып жатыр. Жаяу жүргіншілерді өткізбеген жүргізушілерді анықтап, әрі қарай жол полициясының тиісті мекемелеріне мәлімет жібереді. Жеткізуші компания параллель электр қуатына қосылу үшін рұқсат құжаттарын алады. Барлық камера полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғанады, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Павлодар облысы жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев облыс орталығында көлік апаттары жиі болатын 7 жол қиылысына да «Мерген» кешендері қойылғанын жеткізді. Бұлардың барлығы 1 қарашадан жұмыс істей бастайды.
Павлодар облысы