Өнер • Кеше

Уақытпен үндескен полотно

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығармашылығы тарихпен, иә болмаса, табиғатпен шектелмеген суретші Мағауия Аманжоловтың болмысы да өзгелерден дараланып тұрған деседі. Қылқалам шеберінің мінезі қандай батыл болса, картина жазудағы стилі де сондай батыл деп баға береді замандастары. Қылқаламы қарапайым натюрморттан бастап, тарихтың тереңіне бойлап кете береді. Жазған портреттері де өзгелерден дараланып тұрады. Өнерден хабары бар адам Аманжоловтың туындыларын бір көргеннен-ақ жазбай таниды. Кенеп бетіндегі қылқалам сілтесі өзгеше.

Уақытпен үндескен полотно

Ғұмыры тым келте (мүмкін келте де емес...) суретшінің шығармашылығы жинақталған қалың альбомды парақтап отырып, «Уақыт үстемдігі» картинасына көзіміз ерекше түскен. Әрине, әр суреті тылсымға, жұмбаққа толы. Бояу жағысы да басқаларға ұқсамайды. Тіпті әлемдік деңгейдегі классиктерге де еліктемеген сияқты. Қай суретіне қарасаңыз да, автордың аласұрған мінезі байқалады. Алдымыздағы мынау туындыда автордың ішкі толқынысы ғана емес, тұтас қазақтың тағдыры мен тарихы жатқандай көрінді. Суық пен жылы түстер тұтасқан полотно көрген көзге мұң ұялатады. Композициясы жинақы. Дәл ортасына автор өзін бейнелеген. Қолында – палитра. Палитрада сан түрлі бояулары қазақтың тағдыры іспетті буырқанып жатыр.

Бергі шепте – үрейлі ел. Кейіпкерлері әр түрлі жаста. Ортада бала құшақтаған кейуана отырса, оң жағында – тұла бойы қорқынышқа толы әйел бейнесі. Әйелдің күйеуі қайда? Бәлкім, сұм соғыстан оралмады. Мүмкін кешегі нәубет жылдары аштықтан көз жұмды ма? Кім білсін? Қазақ даласын улаған ядролық полигон сынағы да талай жанның өмірін жалмады. Жанның дейміз, тұтас аймақты сансыратып кетті емес пе? Сол дүмпудің зардабын ел әлі күнге тартып келе жа­тыр. Ол-дағы уақыттың үстемдігі шығар.

Картинаға қараңызшы. Кимешекті кейуана байыпты, байсалды қалыпта отыр. Қандай қиындық төнсе де, жүзінен қайсарлық байқалады. Уақыт салған қатпар-қатпар әжімдері ұлт басына төнген нәубеттің куәсіндей. Тіпті төңірекке төнген бүгінгі Семей полигоны да әженің үрейін ала қоймаған. Тек ұрпақ амандығын тілеп, немересін қапсыра құшақтаған. Сары көйлекті немересі көрермен көзіне тік қарайды. Иә, біз ше? Ертең ұрпақ көзіне тік қарай аламыз ба? Ол үшін бүгінгі қадамымыз нық болуы керек. Шалыс басқанымызды ертеңгі толқын әй кешірмейді.

Туындыдағы әр детальді тарқата берсек, сан түрлі ойға жетелейді. Әженің арқа тұсындағы қос қыз да ұйқыдан жаңа тұрған. Жо-жоқ, түн ұйқыларын ядролық полигондағы жарылыс төрт бөлген секілді. Қыздардың бірі құлағын тарс жапқан. Сол арқылы суретші жарылыстың жойқын екенін көрсеткен. Өр жағында дәл сол секілді тағы бір отбасы бейнеленген. Олар да қауіптің төнгенін жаңа сезіп, құшақтаса қалған. Ал ең арғы планда саңырауқұлақ тәрізді жарылыс айналаны ойран еткендей әсер береді. Ойрандады да. Сынақ жылдары сандаған тағдырдың тоз-тозы шығып, ауыл болып безіп кеткен. Алайда дендеп кірген ауру ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Көкке ұшқан шаңның тозаңы әлі күнге ыдырай қоймаған. Суретте аспан түнеріп, шуда бұлттар алқызыл түске енген. Жарылыс саңырауқұлағының етек тұсындағы ұшқан ұшақ, зымыраған пойыз бұл күннің де өтерінен хабар бергендей. Әлбетте, заман тыныш болса, уақыт емші. Дегенмен тарих ұмытылмайды. 

Суретшінің көптеген картиналарында бояуды ірі қылқаламмен жақса, бұл полотнода әр бөлшекке мән беріп, асқан ұқыппен жазғандай көрінді. Әженің кимешегіндегі өрнектерге дейін бейнелеген. Гүлді көйлегі де көрік беріп тұр. Кейіпкерлердің эмоциясын қалай шеберлікпен берген десеңізші. Бала-шаға мынау өмірдің ыстығы мен суығынан бейхабар кейіпте болса, үлкендер жағы үрейлі. Жалпы, картинаның орындалу техникасындағы үлкен ерекшелік, жылы түс пен суық түстің үндесіп, жымдасып жатуында еді. Кеңістікті жаны жақтыра қоймайтын шебер бұл картинасында да ол түсінікті айналып өткен. Айтпақшы, кенептің қақ ортасындағы автопортреті менмұндалайды. Қылқалам шебері онысымен оқиға ортасынан тарихи ақпаратты зерттеп, зерделеп барып кенепке түсіретінін айтқысы келсе керек-ті. Бояу түсін сол заманмен үндестіре, шендестіре бейнелеген суреттер бұл ғана емес. Суретшінің соңында қалған әр туын­дысы талғаммен жазылған.