
Ал керек болса! Атақты Бетховеннің әйгілі туындысы туралы осылай деген соң еріксіз сол «№9 сонатаны» тыңдайсыз. Тыңдайсыз да таңғаласыз. Әйгілі неміс композиторының мұндай ұлы туындысын осыншама күстәналаған әйгілі жазушының мұнысы несі дейсіз. Бұл данышпан немеңіз тұтас повесін осы Бетховен сонатасымен атайды ғой. Түптеп келгенде, мәтін басында біз келтірген үзінді жүйкесі әбден тозған, іштей өзін-өзі жеп тынуға шақ қалған адамның лепесі екенін ұғындырса керек. Сонда да сөз астарында бір шындық бары анық.
Бетховеннің «Крейцер сонатасы» – композитордың ең күрделі туындыларының бірі. Осылайша аталып, №9 деп нөмірленетін камералық шығарма біткенше мың құбылып есті алады. Әуен баяу басталады, бипаздай басқан созылыңқы леп біразға ұзаңқырайды. Сөйте-сөйте скрипка шаңқ еткенде, арқаң шымыр етеді. Тыңдарманға ескерту жасап, алдағы екпінді жүріске дайындап алғандағысы білем. Тағы да ілби бере одан іші пысқандай немесе әлденеден құр қалған өлермендей заулап ала жөнеледі. Біразға барады сол екпінмен. Өте жылдам өрекпіген екпінді әуен бір уақта тағы да мамырлап, арқаны кеңге салады, мүмкін салдырады. Екпіні баяулағанмен, қарқыны басылмаған әуен сыры бір кезде әртүрлі ырғаққа ойысып, мың құбыла шырқайды. Осылай кете барады да, тағы да екпіндей қалықтап, неше түрлі қылық шығарып, шалқып-балқып, тізгінді қайыра жиып, тыныс тауып бір арнаға түседі. Осылайша, құбылған әуендегі ырғақтар бір-бірін қайталамай, тұс-тұстан қылаң ұрып, әртүрлі хәл кешуге итермелейді әлде шақырады. Меніңше, музыканы қабылдау да әркімнің басындағы жағдай мен көңіл күйіне, таным-түйсігіне байланысты. Сондықтан сіз басқаша түсініп жатсаңыз, артық-кемі жоқ.
Фортепиано мен скрипкаға арналған соната музыка тілінде үш бөлімнен тұратыны айтылғанымен, жіліктеу музыкатанушылардың үлесінде. Бірақ туынды тым ұзақ секілді. «Шығарманың жалпы ұзақтығы орындаушының тәсіліне қарай 37–40 минут шамасында, бұл XIX ғасырдың басындағы сонаталық форма үшін әдеттен тыс ұзақ саналады» делініпті. Қазіргі уақытпен есептегенде де қысқа емес, бірақ ғаламторда сонда да аз тыңдалмайтыны байқалады.
Бетховен бұл шығармасын бастапқыда скрипкашы Джордж Бриджтауэрге арнап жазған деседі. Аталған скрипкашы болса бұл туындыны 1803 жылдың 24 мамырында Венада алғаш рет орындаған көрінеді. Бір қызығы, Бетховен шығарманы премьераның алдында ғана аяқтағандықтан, ноталар толық көшірілмей қалады. Сондықтан шығарма тұңғыш орындалғанда, Бетховен фортепиано партиясын өзі түсірген қағаз бойынша (черновиктерімен), ал скрипкашы кей тұстарда нотаны пианистің иығынан қарап ойнаған деседі. Осыншама атаққа жеткен туындының бастапқы арнау мәтіні де әзіл түрінде жазылыпты:
«Мулаттық соната, мулат Бришдауэрге арналған, үлкен әзілкеш және мулат композитордан» (итал. Sonata mulattica composta per il Mulatto Brischdauer gran Pazzo e compositore mulattico).
Бір ғажабы, отырықшы Батыс елдерінің жазу-сызуға аса мән бергені, қолжазбаны қадірлегені, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білген бұлжымайтын заңы дер едік. Сондай өнегенің арқасында жоғарыдағы дүниелер Бетховеннің қолжазба архивінде сақталыпты. Шынымен-ақ ғажап емес пе? Әйгілі композитор қолжазбалары халық қазынасы үшін теңдессіз қазына есебінде болса, музыканттар үшін Бетховен құпиясына дәніктірер теңдессіз күш.
Ұлы шығарма неге бірден Бриджтауэрге емес, француздың атақты скрипкашысы, дирижер Родольф Крейцерге арналып, «Крейцер сонатасы» аталып кеткені туралы бірнеше әңгіме нұсқасы бар.
Кең тараған әңгіме бойынша, премьерадан кейін Бетховен мен Бриджтауэр бір әйелге байланысты ренжісіп қалған, тіпті Бриджтауэр Бетховеннің танысына тіл тигізген делінеді. Соның салдарынан Бетховен бұрынғы арнауды алып тастап, сонатаны француз скрипкашысы Родольф Крейцерге арнаған.
Александр Уиллок Тейер «Бетховеннің өмірі» атты еңбегінде әлгіндей әңгіменің шетін шығарып, ел арасына жайылып кетіпті. Сөйтсе де алғаш рет бұл оқиға «Musical World» журналына (1858, желтоқсан) жарияланғаны туралы дерек келтіріледі.
Музыкатанушы Николай Слонимскийдің пікірінше, мұның бәрі Бриджтауэрдің кейін ойлап тапқан қиялы, ал Бетховен шын мәнінде арнауды Крейцердің аты белгілі болғандықтан ғана өзгерткен деген уәж айтады. Ал түптің-түбінде Крейцердің өзі бұл сонатаны ешқашан орындамаған, тіпті ол оны ойнауға қолайсыз деп санаса керек. Біз осының бәрін жиып қойып, бір мезгіл сонатаны тыңдауға кеңес берер едік.