Қоғам • Кеше

Баспананы жекешелендіру мәселесі заң аясында шешіледі

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аягөз қаласындағы 267 тұрғын үй әлеуметтік аз қамтылған, мүгедек жандар мен көпбалалы, толық емес отбасыларға берілген. Дегенмен биыл аталған үйлерді жекешелендіруге байланысты бірқатар қиындық туындады.

Баспананы жекешелендіру мәселесі заң аясында шешіледі

2023 жылы жалға берілген пәтерді жекешелендіру туралы Мәжіліс депутаты Нұр­тай Сабильянов: «Абай об­лысындағы елді мекендерде халықпен кездесу өткізгенде тұрғындар тарапынан сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселесі жиі көтерілген болатын. Мұндай көпқабатты, бірқабатты тұрғын үйлер Абай облысының Семей қаласы мен аудандарында да салынған», деп мәлімдеген еді.

Мәселені шешу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық деңгейде жұ­мыс тобы құрылды. Жұмыс тобы­ның мүшелері аудан тұрғын­дарымен кездесіп, заң аясында атқарылатын іс-шараларды егжей-тегжейлі түсіндіру жұ­мы­сын жүргізіп жатыр. Абай облысы прокуратурасының қо­ғам­дық мүдделерді қорғау бас­қармасының басшысы Мейір­жан Қалиасқаровтың айтуынша, мәселе жер учаскелерінің құқықтық рәсімделмеуінен туындаған.

– Бұл ретте ең бірінші Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жерге деген меншік құқығы мен үйге деген меншік құқығы бір-бірінен ажыратылмайды. Берілген үйлердің жерлеріне қатысты кадастрлық төлемдер мемлекетке төленбеген. Бұл тұр­ғындардың емес, үйлерді сал­ған, сатқан кәсіпкерлердің тарапынан кеткен заң бұзушылық, – деді М.Қалиасқаров.

Оның айтуынша, ендігі кезекте кәсіпкерлер мен аудандық әкімдік бірлесе отырып, ор­тақ шешім шығаруға тиіс. Әр­бір жер учаскесі бойынша ка­дастрлық төлем мөлшері – 300 мыңнан 700 мың теңгеге дейін.

– Егер кәсіпкерлер өз ерік­­терімен төлем жасамаса, уәкілетті органдар сотқа жү­гініп, төлемді мәжбүрлеп өн­діріп алу шарасын қолданады. Бірақ тұрғындар алаңдамасын, ешкімді үйінен шығармайды. Тек жекешелендіру рәсімі 1–2 айдың ішінде шешімін табады, – дейді басқарма басшысы.

Аягөз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Күмісхан Қы­дыр­молдина билік өкіл­дерінен бұл мәселенің тезірек шешілуін сұрап отыр.

– Мен прокуратура өкілдері, аудан әкімдігі, облыс әкімінің орынбасары қатысқан жина-лыс­та болдым. Аналардың бар тілегі – үйлерді жекешелендіріп, жер мәселесін заңды түрде ше­шіп беру, – дейді көпбалалы ана.

Облыс әкімі Берік Уәли бұл мәселені қараша айының со­ңына дейін толық шешуді тапсырған еді. Жұмыс тобы осы уақыт ішінде тұрғындардың өтініштері мен құжаттық рәсімдерін заң шеңберінде рет­тейді деп сенеді өңір тұрғындары. Өйткені әлеуметтік тұрғын үйлерді же­ке­шелендіру тәртібі заңмен нақ­ты реттелген. Біріншіден, үй әлеуметтік жалға берілген болуға тиіс. Екіншіден, тұрғын бұл баспананы заңды негізде кемінде бес жыл пайдаланып келгені дәлел­денсе, жекешелендіруге құқы бар. Үй міндетті түрде мемлекеттік тұрғын үй қорына тиесілі болуы, оның орналасқан жер учас­кесінің құқықтық құжаттары толық рәсім­делген болуы қажет. Алайда заңда жекешелендіруге жатпай­тын тұрғын үйлер де бар. Олардың қатарына қыз­меттік (ведомстволық) пәтер­лер, апатты жағдайда деп та­нылған үйлер, қорғаныс, қа­уіп­сіздік мекеме­леріне қарас­ты баспаналар, сондай-ақ мемлекет меншігіндегі арнайы мақсаттағы үйлер – балалар үйі, интернат, жатақхана секілді нысандар кіреді.

Аягөздегі жағдай секілді қи­ындық көбіне тұрғын үйдің бастапқыда мемлекеттік мен­шікке толық тіркелмеуінен туындайды. Кей үйлерді жеке компаниялар салып, кейін жергілікті әкімдік балан­сына өткізген, бірақ жер телімдерінің кадастрлық құжаттары рә­сімделмеген. Сон­дай-ақ кейбір мердігерлер жерге тиесілі төлемді төлемеген немесе бас­пананы әлеуметтік емес, ком­мерциялық жалға ұсын­ған жағдайлар да кездеседі. Мұн­дайда заң кәсіпкерлерді өз мін­детін орындауға, яғни жер төлемін төлеуге, барлық құжат­ты реттеуге міндеттейді. Қажет болған жағдайда уәкілетті органдар жекешелендіруді уақытша тоқтатып, жер мен үйді бірлесе рәсімдеу талабын қоя алады. Қорыта айтқанда, Жер кодексінің 20-бабында жазылғандай, «Жер учаскесіне меншік құқығы оған салынған ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқығымен бірге бері­луге» тиіс. Демек жердің мәртебесі анықталмайынша, үйді де жеке меншікке өткізу заңға қайшы.

Облыстық құрылыс басқар­масының басшысы Шыңғыс Риа­хановтың мәлімдеуінше, 2025 жылға арналған тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 348,7 мың шаршы метрді құрайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында барлығы 1 146 пәтер сатып алу жоспарланған. Семей қала­сының Қарағайлы шағын ауданында 18 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Биыл 4 тұрғын үй пай­далануға берілді. Сондай-ақ Қа­ра­ғайлы шағын ауданында бой көтеретін 29 несиелік тұр­ғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған.

 

Абай облысы