Аймақтар • Кеше

Ұлытау өңіріндегі оң өзгерістер

130 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлытау облысының жаңа­дан ашылғанына үш жыл болғанына қарамастан, өңірді дамыту, түрлі жобаларды іске асыру, тұр­ғындарды үймен қам­тамасыз етуде алға ілгерілеушілік байқалады. Инфрақұрылымды жаң­ғыр­ту облыстағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсерін тигізіп отыр.

Ұлытау өңіріндегі оң өзгерістер

Кейінгі тоғыз айда облыс экономикасында тұрақты өсім бай­қалады. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші – 24,6%. Облыс көлемінде 22 тұрғын үйдің, оның ішінде 5 жалға берілетін, 9 кре­диттік, 16 коммерциялық үй­дің құрылысы жүргізіліп жатыр. ­Бұл үйлердің 16-сы (1 жалға беру, ­7 кредиттік, 8 коммерция­лық) ­­биыл пайдалануға беріледі, ­­800-ден астам тұрғын жаңа бас­па­наға ­ие болады.

2021 жылы Ұлытау облысы құрылғанға дейін өңірде 81,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті 111 мың шаршы метр­ге дейін жеткізу жос­парланған.

Облыс құрылғалы бері ха­лықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы 360 азамат жалға берілетін тұрғын үй­мен қамтамасыз етілді. Биыл қо­сымша 202 азаматқа тұрғын үй беріледі. Осы пәтерлерді сатып алу мақсатында екі пәтерлі, бір­қабатты 25 коммерциялық үй салынды. Жәйрем кентінде бір коммерциялық үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ халық­тың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларға өткен жылы 80 пәтер бөлінсе, биыл республикалық бюджет есебі­нен тағы 40 пәтер берілді. Биыл республикалық бюджет есебі­нен Қа­ражал қаласында 10 пәтер сатып алынды. Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен Қаражал қа­ласында қосымша 12 пәтер, Жәйрем кентінде қосымша 90 пәтер сатып алу жоспарлан­ған. Қаражал қаласындағы Тәуел­сіздік көшесі, 12-үйде қайта жа­ңарту жұмысы аяқталды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын алты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы іске асырыла бастады. Бұл жоба 16 көп­қабатты үйді (485 пәтер), 223 жеке тұрғын үйді инженер­лік желілермен қамтамасыз етуге бағытталған.

Қаражал қаласындағы жеке тұрғын үйлерге (89 учаске) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге об­лыстық бюджеттен 55 млн теңге бөлінді. Жалпы, тұрғын үй құ­рылысына 1,8 млрд теңге қарас­тырылып, оның ішінде Қаражал қаласына 340 млн теңге бөлінді.

Саламатты өмір салтын ұста­нуға арналған бірқатар спорт нысаны іске қосылды. Облыс құрылған кезден бері Жезқазған қаласында 320 орындық көпфункционалды «Жігер» спорттық-сауықтыру кешені, Қаражал қаласында жа­бық жүзу бассейні, Сәтбаев қала­сында ангарлық үлгідегі спорт кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін­де ағымдағы жөндеу жұмысы жүр­гізілді. Жылдың соңына де­йін Жезқазғанда – 2, Жаңаарқа ­ауданында – 2, Ұлытау ауданында 1 спорт кешені пайдалануға беріледі.

д

Облысқа қарайтын ауылдық елді мекендерде су, интернет, газ тарту жұмысы қалыпты жү­ріп жатыр. Қазіргі қоғамды интернетсіз елестету мүмкін емес. Ұлытау облысында 74 елді мекен бар (3 қала, 71 ауыл). Оның ішінде 22 ауыл 4G, 51 ауыл 3G/2G байланысымен қамтылған. Бүгінде 15 елді мекенде ғана талшықты-оптикалық байланыс желісі бар, қалған 59 елді мекен бұл инфрақұрылыммен қамтылмаған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 35 ауылға желі тарту, 14 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желісін үй шаруашылықтарына дейін жеткізу, биылғы қазан айы­нан бастап OneWeb технологиясы арқылы тағы бес ауылды қосу жоспарланған. OneWeb – төмен орбитадағы байланыс спутниктерінің ғаламдық желісін құруға бағытталған халықаралық жоба. OneWeb спутниктері шамамен 1 200 км биіктікте айналады (Starlink-тен сәл жоғары). Оның тиімділігі – шалғай, ин­фра­құрылымы дамымаған ауыл­дарда жоғары жылдамдықты интернет пен байланыс қызметін қамтамасыз етеді.

Мобильді байланыс орнату мақсатында республикалық маңызы бар «Жезқазған – Қы­зылорда» жолында – 6, «Жез­қазған – Арқалық» жолында – 6, «Жезқазған – Қарағанды» жолында – 1, «Атасу – Қаражал» жолында 2 антенна-діңгек құрылғыларын, Ұлытау ауданында – 13, Жаңаарқа ауданында 2 АДҚ орнату көзделген. Автомобиль жолдарында мобильді байланыс­ты жақсартуға ықпал ететін 15 антенна-мачталық құрылыс салу жоспарда бар.

Ұлытау облысын газданды­рудың 2030 жылға дейінгі өңірлік схемасына сәйкес, тоғыз елді мекенді (Жезқазған, Ата­су, Жәйрем, Қаражал, Кеңгір, Сәтбаев, Ұлытау, Жезді, Қар­сақбай) газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл газдандыру деңгейін 12%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде Жез­қазған қаласында 3 676 абонентке газ желілері тартылып, екі нысан газға қосылды.

2025–2027 жылдары Сәтбаев, Қаражал қалаларын, Жәйрем, Атасу кенттерін, Кеңгір ауылын газдандыру жобалары іске асырылады. Нәтижесінде, жалпы 9 549 үй мен жеті әлеуметтік нысан табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Кезең-кезеңмен іске асыру шеңберінде 2026 жылға дейін Жезқазған қаласында 4 652 тұрғын үйге, Кеңгір ауылында 442 үйге газ тарту жоспарланған. 2027 жылға дейін Сәтбаев, Қаражал қалаларында, Жәйрем, Атасу кенттерінде 9 107 үйді газға қосу көзделіп отыр.

Облыс таза ауызсумен ба­рын­ша қамтамасыз етілген. 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша қалалық елді мекендер 100%, ауылдық елді мекен халқының 95,2% таза ауыз­сумен қамтылған болатын. Қа­зірде бұл көрсеткіш 97,3%-ды құрайды. Облыстағы 72 ауыл­дық елді мекеннің 41-і орталық­тандырылған ауызсумен, алты ауыл кешенді блок-модуль ар­қы­лы ауызсумен қамтылған.

Биыл Жаңаарқа ауданы ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысына қатысты 3 жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, №189 разъезде, Ақбастау ауылы мен Ералиев ауылдық округінің Жомарт стан­сасында, Бидайық ауылдық округінің №69 разъезін­де су құбыры желілерінің құры­лысы қолға алынды. Осы жобалар іске асқан кезде биыл қосымша 780 ауыл тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Бар болғаны оншақты адам тұратын шағын ауыл тұрғындары ұңғымадағы суды пайдаланады. Оларға сапалы ауызсумен қам­тамасыз ету мақсатында кешенді блок модульдерін (КБМ) орна­туды ұсынғанда, тұрғындар «ұңғымадағы суды пайдаланған тиімдірек» деп, бас тартты. Жи­ын­да өз еркімен бас тартқаны жөнінде хаттама бар.

Ұлытау облысында күн тәр­тібінен түспейтін шетін мәсе­ленің бірі – жол мәселесі. Ұлытау облысындағы автомобиль жол­дарының жалпы ұзындығы 2 711,7 шақырым құрайды, оның ішінде: республикалық маңызы бар – 961 км, облыстық маңызы бар – 896 км, аудандық маңызы бар – 310,1 км, қалалар мен аудан­дар көшелерінің жолдары – 544,6 км. 2025 жылы 137,2 ша­қы­рым автомобиль жолдарын ор­та­ша жөндеуге 10 млрд теңге бө­лінді.

Ұлытау облысында жол-құ­рылыс жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы «Жол активтері сапасының ұлт­тық орталығы» ШЖҚ РМК филиалы құрылды. Жол және темір­жол инфрақұрылымын дамыту жөнінде бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, «Жезқазған – Қызылорда» автожолының реконструкциясы, «Ұлытау – Арқалық», «Жезқазған – Қарағанды» бағыттарындағы жөндеу жұмысы, сондай-ақ ұзын­дығы 316 шақырым «Қызылжар – Мойынты» теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр.

«Жезқазған – Қызылорда» республикалық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңарту мақсатында мердігер ұйымдар жөндеу жұмыстарын бастады. Олар техниканы жұмылдырып, вахталық кенттер мен айналма жолдар салып жатыр.

Жолдың ұзындығы 216–424 шақырым (208 км) аралығындағы учаскені қамтиды, жобаның құны – 108,7 млрд теңге. Жөндеу жұмысын іске асыруға төрт мер­дігерлік ұйым тартылды. Биыл ұзындығы 208 шақырым жер төсе­мінің құрылысы аяқталады.

Ақылбай өзені арқылы өтетін көпір құрылысы жобасының құны 323 млн теңгені құрайды. Көпірдің құрылысы толығымен аяқталды, қосымша жұмыстар (асфальт-бетон төсеу) бітуге таяп қалды. Содан кейін нысанды пай­далануға беру жоспарланып отыр.

Жезқазған қаласында жалпы ұзындығы 18 шақырым болатын 14 көше орташа жөндеуден өтіп жатыр. Орталық көшелерде (10 км) жаңа технология – қиыршық тас-мастикалық асфальт-бетон қолданылады. Жөн­деу жұмысы биыл аяқталады.

2022 жылы «Сәтбаев – Мал­шыбай – Жошы хан, Домбауыл кесенесі» бағытындағы 19,5 шақырым автомобиль жолының құрылыс жұмысы басталған. Бүгінде 19,5 шақырым қиыршық тасты төсемдері, ірі түйіршікті асфальт-бетон төсеу жұмыстары аяқталып, 23 су өткізгіш құбыр орнатылды. 2025 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге қарастырылды. Жалпы жобаны аяқтауға 2,4 млрд теңге қаражат қажет.

Облыс әкімі Дастан Рыспеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген брифингте: «Біз облыстық, қалалық жолдарды орташа жөндеуге, күтіп ұстауға жеткілікті қаражат бө­ле­­­міз. Сапалы жол төсеу техно­ло­гия­сына ғана емес, асфальт-бетон қоспасының өзіне де байла­ныс­ты. Сондықтан асфальт-бе­тон зауыттарының иелері зама­науи материалдармен жұмыс істей алатын мамандарды тартқаны жөн. Төсемнің сапасы жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Жаңа технологияларды одан әрі енгізуді, мердігерлер­ге бақылауды күшейтуді қадаға­лап, тұрғындардың өтініштерін міндетті түрде ескереміз», деді.

Облыстың әлеуметтік-эконо­микалық дамуы тұрақты бақы­лауда. Өңір күн санап дамып келеді.

 

Ұлытау облысы