
Таңғы 07.00-де Семей қаласындағы барлық сайлау бөлімшесі жұмысын бастады. Қалада барлығы 129 сайлау комиссиясы ұйымдастырылды, оның ішінде 1 аумақтық және 128 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Дауыс беру үдерісіне анау айтқандай заң талаптарын бұзу немесе қолайсыз жағдайлар туындағаны туралы ақпарат жоқ. Ың-шыңсыз тыныш өтті. Қалада қоғамдық көліктер сайлау уақыты біткенше тегін қатынады. Мүгедектігі бар азаматтардың барлық қажетті жағдайы ескерілді, сондай-ақ оған еріктілердің көмегі ұйымдастырылды. Жастар барынша белсенді қатысты. Олардың көбі алғаш рет дауыс беріп, өз қаласының болашағына бейжай қарамайтынын, өзгеріс пен дамуға деген ортақ ниетін көрсетті.
Облыс әкімі Берік Уәли қала жұртшылығымен бірге Медициналық университетте орналасқан №93 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
– Бүгін – Семей қаласы тарихындағы ерекше күн. Қала тұрғындары тұңғыш рет өз әкімін тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың нақты жүзеге асуының айқын көрінісі. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен басқару жүйесін демократияландыру бағытындағы жаңа қадамдар бүгінде нақты іс жүзінде көрініс тауып отыр. Семейліктер, соның ішінде жастар мен аға буын өкілдері таңертеңнен бері сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық белсенділік танытып жатыр. Бұл – елдегі саяси мәдениеттің өсіп келе жатқанын, халықтың өз қаласының тағдырына бейжай қарамай, жауапкершілікпен қарай бастағанын көрсетеді. Облыс орталығының әкімін тікелей сайлау – тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы сенімді нығайтатын жаңа дәуірдің бастауы, – деді аймақ басшысы.
Ал қалалық аумақтық комиссия төрайымы Гүлжан Қуанышеваның айтуынша, қаладағы әрбір сайлаушыға шақыру қағазы таратылған. Сонымен қатар 10 қазанда сағат 09.00-де сайлаушылардың байланыс нөмірлеріне SMS-хабарлама жолданған.
– Биылғы сайлаудың ерекшеліктерінің бірі – алғаш рет Брайль қарпін білетін 40 азаматқа арнайы осы форматта шақыру қағаздары жіберілді. Бұл азаматтар да өз сайлау бөлімдеріне барып, дауыс берді. Жалпы барлық учаскеде сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалды, – дейді ол.
Сайлауға сарбаздар да қатысты. Семейдегі 36803 әскери бөлімінің сарбаздары №132 сайлау бөлімшесіне келіп, дауыс берді. Абай гарнизонының қолбасшылығы сайлау науқаны кезінде сарбаздарға қажетті жағдай жасап, олардың құқықтарының жүзеге асуына көмектесті. Сонымен қатар «Елімай» футбол клубының спортшыларды да қаз-қатар отырып, сайлау да өз дауыстарын берді. Бұл да науқанның ажарын кіргізгені рас.
Сайлау барысын саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен тәуелсіз бақылаушылар қадағалады. Олардың сөзіне сенсек, дауыс беру қолданыстағы заңнама талаптарына сай өтті, ал ашықтық пен жариялылық жоғары деңгейде қамтамасыз етілді.
Заң талабына сәйкес, сайлау қорытындысы үш күн ішінде жариялануға тиіс. Осыған орай аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылдың 12 қазанда өткен Абай облысы Семей қаласының әкімін сайлау қорытындысы кеше айқын болды. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, қаладағы сайлаушылар саны – 220 761. Оның 53,7%-ы сайлауға қатысты (118 553 сайлаушы). Үй-жайдан тыс дауыс бергендер – 2 548 адам (сайлауға қатысқан сайлаушылардың – 2,15%), оның ішінде 459 сайлаушы әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар азаматтар (18,01%). Жарамсыз бюллетеньдер саны – 2 482, «Барлығына қарсымын» жолында белгісі бар – 4 310. Әр кандидат үшін берілген дауыстар саны – 111 761 адам. Дауыс беру қорытындысы нәтижесі: Бекжасаров Айболат Қаиркешұлына – 8,4% (9 763-дауыс); Төлеуов Қаныш Мақсұтұлына – 10,8 % (12 557 – дауыс); Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы – 77,1% (89 441-дауыс) сайлаушы дауыс берген. Бұдан соң Абай облысы Семей қаласының әкімін сайлау қорытындылары туралы Семей қаласының аумақтық сайлау комиссиясының шешімі шықты.
Сайлау туралы және Конституция талаптарына сәйкес, «1980 жылы туған, Абай облысы Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарған Көкпекті ауылында тұратын Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы Абай облысы Семей қаласының әкімі болып тіркелсін», делінген.
Абай облысы