
Белгілі археолог Зейнолла Самашев пен суретші, этнограф Қалиолла Ахметжан жасаған бұл мүсіндер шынайы кейіптен аумайды. Көз жанарларына дейін «тірілткен». 2022 жылы Елеке сазынан табылған белдіктегі жапсырма негізінде жасалып жатқан композицияда түркі қағаны төрде кеңес өткізіп отыр. Астындағы тағы қос арғымақта отырғандай жасалған. Ал қызметшілері бір саты төменнен әлдеқандай хат ұсынып тұр. Буып, мөр соғылған хат алтын түстес табаққа салынған. Музей қызметкерінің айтуынша, табақ Моңғолиядағы Орхон-Енисей өзені маңында жерленген Білге қағанның мемориалдық кешенінен табылған негізінде жасалыпты.
– Қаған көмекшілерінің жаңғыртпасын жуықта музейімізге әкелдік. Бірақ мұнымен композиция аяқталған жоқ. Белдік жапсырмасындағы бейне негізінде толықтырылып отырады. Ондағы суретте қағанның көмекшілері, қолбасшылары бейнеленген, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихты, археологияны және этнографияны ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Шұғыла Меделбек.
Толықтырылып жатқан жаңғыртпада VII–VIII ғасырдағы түркілердің құрылтайы бейнеленбек. Байқап қарасақ, қызметшілерінің өзі қарапайым адам болмаған. Олай дейтініміз, шапандары жібек матадан тігіліп, белдіктері алтын жапсырмалармен безендірілген. Саптама етіктері таза былғары. Бір ғана айырмашылығы асынған қарулары жоқ. Тарихшылардың айтуынша, ол заманда қағанның алдына қай қызметкер, қай қолбасшы болсын, қарусыз кірген. Бұл бірегей композиция мұнымен бітпейді. Күлтегіндегі жазбалары бойынша жыл сайын толықтырылып отырады.
Шығыс Қазақстан облысы