Байқау • Бүгін, 08:00

Дирижерлер додасы

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына ар­налған республикалық дирижерлер байқауы өтті. Сау­са­ғынан сиқырлы саз төгілген музыка шеберлерін бір алаңда тоғыстырған өнер додасы екі күнге жалғасты.

Дирижерлер додасы

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауы­мен өткен шығарма­шы­лық бәйгеде 18 бен 35 жас аралы­ғын­дағы өнерпаздар бақ сынап, ел өңір­лерінен келген 23 үміткер өзара мықтыны анықтады. Қазылар ше­шімімен олардың арасынан сегіз финалист екінші кезеңге ойысты. Жүлдеге лайық деп танылған дирижерлер қоры­тынды гала-концертте марапатталды.

Байқау барысында ерекше оқиғаға куәгер болдық. Кәсіби дирижерлер Мәди Өмірзақов пен Қуаныш Исмаи­лов қазылар тарапынан жоғары ұпай алғанына қарамастан, іні-қарын­дастарына жол берді. Олардың бұл шешімін нағыз өнер адамына тән дег­дарлық деп бағалаған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Абзал Мухитдинов пен Қызылорда облыстық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Мүсі­лім Әмзе қос дирижерге Астана қала­сы әкімдігінің Е.Рахмадиев атын­дағы мемлекеттік академиялық филар­мо­ния­сының Симфониялық және Қазақ оркестрлерімен бірлесіп жеке концерт өткізуге арнайы жолдама ұсынды.

Байқау қорытындысына сәйкес, Аршат Шәріп пен Дәуренбек Сүйіндік үздік өнерлері үшін арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталса, астаналық Дина Ардақ «Н.Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» аталымын жеңіп алды. Өнер додасында Қабыл Арнат, Дәулет Ғабитов және Абай Рақышев ІІІ орын иеленсе, Әли Сапарбек ІІ орын­ды еншіледі. Байқаудың ең басты жүл­десі Нұрғали Әшімханға бұйырып, ­­­оған І орын дипломы мен бір мил­­лион ­тең­­­­гелік сертификатты Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыды­­қов табыс­тады. Байқауға қатысқан ­бар­­лық үміт­кер Мәдениет және ақпа­рат министрі Аида Балаеваның Алғыс­хатымен марапатталды.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, қазылар алқасының төрағасы Дінзухра Тілендиева байқау тек жас дирижерлер сайысы ғана емес, ұлы композитор мұрасын терең зерделеп, жас буынға жеткізудің ерекше мүмкіндігі екенін атап өтті.

 

АЛМАТЫ