
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
8 шақырымнан асатын «Көшім» каналы, ұзындығы 3 шақырымнан асатын су қоймасының бөгеті, сондай-ақ Первомай, Бударин, Киров-Чижин каналдары жөнделіп жатыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, сонымен қоса, ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын екі электр желісі және 3,77 шақырымдық сыртқы жарықтандыру жүйесі салынып, бейнебақылау, автоматтандырылған ескерту жүйелері және бақылау-өткізу пункттері орнатылып жатыр.
Сала министрі Нұржан Нұржігітов айтуынша жоба жүзеге асқан соң Киров су қоймасының беріктігі артып, тұтынушыларға суармалы су үздіксіз беріледі.
«Реконструкция нысанның сыйымдылығын ұлғайтып, оның функционалдық мүмкіндіктерін жақсартады. Нәтижесінде облыстың 12 мың гектардан астам егістік алқаптары сумен қамтамасыз етіледі», деді Н.Нұржігітов.
1967 жылы пайдалануға берілген, жалпы сыйымдылығы 62,9 млн текше метрді құрайтын Киров су қоймасы – Орал-Көшім суару және суландыру жүйесінің маңызды бөлігі.