21 Наурыз, 2015

Қарыз кеулеген кезең

174 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Әлемді жаулап алған борыш дағдарысы барған сайын елдер алдында жаңа проблемалардың бой көтеруіне ықпал етіп отырғандығы сезіледі. Қазіргі күні ең дамыған саналатын Батыс әлемінде борышқа батпаған ел тым санаулы болар. Алып ел Америка Құрама Штаттарынан бастап, шағын ел Грекияға дейін осы проблемамен бетпе-бет келіп, күннен-күнге, айдан-айға күрес жүргізуде. Бірақ ол күрестің нәтижелері көрінбейді. Себебі, бірқатар білікті экономистердің бағалауынша, бұл проблема қазіргі қоғамда әбден етек алып кеткен аса ауқымды кеселге, жазылмайтын дертке айналып отыр. Оның емі табыла қойған жоқ. Ал берешек мәселесі үкіметтерді де, халықты да қинап болды. Мұның нақты мысалдарын төмендегі мақалалардан оқуға болады. Түркияда борышкерлер көбейді Түркиядағы банктер ассоциациясының қасындағы тәуекел орталығы 2009 жылдың қаңтарынан бастап, 2015 жылдың қаңтарына дейінгі өздерінің алған несиелерін төлей алмағандықтан, заңды бақылау тізіміне енгізілген. 2,95 миллион адам әлі күнге дейін осы үдеріс аясында тұрғандығын мәлімдеді. турция кризисТәуекел орталық қызметкерлерінің хабарлағанындай, өткен жылдың желтоқсан айында борышкерлер қатарына тағы да 30 мың адам қосылған. Осы жағдайға талдау жасаған тәуекел орталығындағылар үстіміздегі жылдың қаңтар айындағы қарыз мәселесі жөнінде арнайы баяндаманы әзірлеген. Осы құжатқа сәйкес өздерінің жеке несиелері бойынша бақылау тізіміне енгізілген адамдар қатары өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 1 пайызға артып, 66 мың адамды құраған. Ал жалпы тізімде тұрғандар саны 109 мың адамға дейін жеткен. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 11 пайызға артық. Әрине, бұл – 1 жылдың ішінде бақылау тізіміне алынғандар саны. Ал егер әңгімені 2009 жылдан бастап қозғайтын болсақ, жоғарыдағыдай тізімге тіркелген адамдар саны 1,9 миллионды құрайды екен. Сөйтіп, борышкер тізіміндегі адамдар саны 2009 жылғы жағдайдағыдан 1,2 пайызға өскен. Грекиядағы ақша тапшылығы Грекияның орталық банкі үстіміздегі жылдың қаңтар және ақпан айларында бюджеттің бастапқы профициті, яғни төлем жөніндегі қарыздарды есепке алмағандағы кірген кіріс осыдан бір жылдағыдан 30 пайыздан астамға азайып, 503 миллион еуроны құрағандығын мәлімдеді. Міне, осы қаржыдан төлем жөніндегі қарыздарды алып тастайтын болсақ, яғни нақты жағдайды бейнелесек, бюджет тапшылығының орын алып отырғандығын көруге болады. кризис-греция-равновеликая-21885462Сөйтіп, Грекияның қаржы жағдайы қиындай түсіп отыр. Оның үстіне, Еуроодақ пен халықаралық валюта қорынан 7,2 миллиард еуро тұратын көмектің соңғы траншын алу жөніндегі келіссөздер барған сайын созыла түсуде. Бұл істің шешілер немесе шешілмесі де белгісіз қалпында қалып отыр. Грекия қаржы жағдайының қиындай түсуіне бұрынғы алынған қарыздарды қайтару мерзімінің жетуі істі одан қоюлатуда. Грекия осы аптаның ішінде өзінің екі бірдей сыртқы қарыздарын өтеуі тиіс. Соның біріншісі – халықаралық валюта қорынан алынған 560 миллион еуроның қарызы алдымыздағы дүйсенбіде өтелуі керек. Мұнан кейін жұма күні аталған ұйымға тағы да 300 миллион еуроның қарызын өтеу кезегі келіп тұр. Мұның сыртында Грекия үкіметі шығарған қысқа мерзімдік облигациялар бойынша, 1,6 миллиард еуроның қарызын өтеу міндеті тағы тұр. «Грекия наурыз айында халықаралық валюта қорына 1 миллиард еуроның қарызын қайтарып берген болатын. Оның үстіне өзінің барлық халықаралық міндеттемелерін орындайтындығын мәлімдеген еді. Алайда, Грекия банкінің соңғы деректері бойынша, мемлекет қалтасы қазірдің өзінде босап қалып отыр. Осы жағдайға адамдар өте алаңдаулы. Олар енді біздің зейнет­ақыларымыз бен жалақыларымызды мемлекет қалай төлемекші деген уайыммен бастарын қатыруда», деп жазады жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары. Премьер-министр Алексис Ципрас «Прото тема» газетіне берген сұхбатында жала­қылар мен зейнетақыларды тө­леуге Грекияда жеткілікті қаржы бар екен­дігін айтқан. Бірақ елдің қаржы минис­трлігіндегілерге сілтеме жасай отырып берген Euronews хабарында қазіргі күні мұндағы үкіметтің басты проблемасы мемлекеттік берешектердің дер кезінде өтелуінде болып отыр. Яғни, мемлекет өз міндеттемелерін дер кезінде жүзеге асыра ала ма? Міне, мәселе осында. Экономист Димитрис Рапидистің пі­кірінше Грекия экономикасы айналып тұрған шеңбер секілді соңғы нүктесі жоқ қиын жағдайға тап болып отыр. Көп­теген салық төлеушілер бюджетке деген берешектерін доғарған. Сондықтан салық түсімі едәуір төмендеп кеткен. Оның үстіне шетелдік инвесторлар Грекия үкіметі шығаратын аблигацияларды орналастыру жөніндегі аук­циондарға қатысқысы келмейді. Сондықтан эмиссиялардың үлкен бөлігін Гре­кияның өз банктері сатып алуға мәжбүр болуда. Грекияны бұдан әрі не күтіп тұр? Алты жылға созылған дағдарыстан ел экономикасының шипасы әбден біткен. Ал қазірдің өзінде елдің ішкі жалпы өнімінің 170 пайызына жетіп отырған мемлекеттік қарыздарды сатып алуға инвесторлардың қатысқысы келмейді. Қысқасын айтқанда, Грекия үлкен қаржы апанына келіп құлады. Одан өз бетімен шығатын дәрмен жоқ. Жағдай бұдан әрі қай бағытқа қарай бет алады? Бұл сұраққа дәл қазір ешкім де жауап бере алмайды және ешкімнің жауап беруге құлқы да жоқ. Мемлекеттік қарыз шегіне жетті Өткен дүйсенбіде АҚШ-та мемлекеттік қарызға заңды лимит белгілеу жөнінде келісімге қол жеткізілді. 2014 жылдың ақпан айында АҚШ әкімшілігі конгресте 2015 жылдың 16 наурызына дейін қарыз алуға рұқсат беру туралы республикашылармен келісімге келген болатын. Қазіргі күні бұл қарыздың көлемі 18 триллион доллардан асып түсіп отыр. джек-кризисАҚШ мемлекеттік қарыз алудың жоғары деңгейін заңды түрде белгілейтін әлемдегі санаулы елдердің қатарына жатады. Сондықтан белгіленген мерзім жеткен кезден бастап, жаңа қарыздарға жол ашу үшін елдің қаржы министрлігі төтенше шараларды қабылдай отырып жұмыс істейді. Мұндай шаралар үкіметтің міндеттемелерін өтеу үшін қажет екендігі түсінікті. Қазіргі күні елде осы қарыз мәселесі жөнінде айтыс-тартыстар күшейе түсуде. Ол, әсіресе, 2016 қаржы жылының бюд­жетін талқылаған кезде өзінің шегіне жетеді. Себебі, демократиялық бағыттағы әкімшілік пен конгресті бақылауға қол жеткізген республикашылардың осы мәселені талқылаған кезде бір бі­тімге келуі қиын-ақ. Екі партия бюджет саясатының бағыттарын базалық тұрғыдан бағалау ісінде екіге жарылады. Сөйтіп, қаржыны қию, қорғаныш шығындары, бюджет тапшылығы мә­селелерінде үлкен айтыс-тартыстар басталады. Осы жағдайға орай, АҚШ-тың қаржы министрі Джек Лью елдің мемлекеттік қарыздары берілген лимиттің шегіне жет­кендігін конгреске хабарлады. Де­мек, қарыздың жоғары деңгейін қайта белгілейтін сәт туды. Алайда, Джек Лью­дің мәлімдеуінше, бұл жағдай конгресс үкіметке қосымша шығындарға бару үшін рұқсат берді дегенді білдірмейді. Ол рұқсат қазіргі күні конгресс осы уа­қытқа дейін мақұлдаған шығындарды қар­жыландыруға мүмкіндік алу үшін қажет болып отыр. Әзірге республикашылар бұл мәселеде қандай шешім қабылдау қажеттігін өзара айқындай қойған жоқ. Себебі, істің күрделі сипаты бар. 2013 жылы осындай жағдай орын алған кезде биліктің федералдық органдары республикашылардың қарыз­дарды қаржыландыруға рұқсат бермеуіне байланысты екі аптадан астам уақытқа жабылып қалған болатын. Сол кездегі айтыс-тартыстар, екі партия арасындағы күрес ел жағдайына едәуір қиындық келтіріп, осының салдарынан республикашылардың рейтингі біршама құлдырап кеткен еді. Қазіргі күні конгресс осыдан сақтанып отыр. Дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».