
Абай облысы – ауыл шаруашылығын дамытуда зор әлеуетке ие өңір. Аймақта 11 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Биыл қаңтар-тамыз аралығында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 221 млрд теңгеге жетіп, республика бойынша 4-орынды иеленді. Нақты көлем индексі 102,9%-ды құрады. Жалпы жиналатын егіс көлемі 782,1 мың гектар болса, оның 80%-ы орылып, 265,2 мың тонна астық бастырылды. Сонымен қатар 96,6 мың тонна картоп пен 101,6 мың тонна көкөніс жиналды.
«Президент биылғы Жолдауында инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда жыл басынан ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 32 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170%-ға жоғары. Осы бағытта 2030 жылға дейін облысымызда әзірленген өңірлік инвестициялық жобаларының картасына сәйкес 197,5 млрд теңге көлемінде 85 ірі агрожоба іске асырылады. Кездесуіміздің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар сіздерді толғандырып жүрген нақты мәселелерді бірге қарастыру, ашық диалог орнату», деді облыс әкімі.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу кәсіпорындарын дамыту және ет комбинаты құрылысының барысы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
«Абай облысы – жаңадан құрылған өңір. Ауыл шаруашылық әлеуеті зор аймақ. Облыста ірі ет комбинаты салынайын деп жатыр. Ол үшін мал шаруашылығын жоғары деңгейде дамытуымыз керек. Министрлік тарапынан тиісті көмек жасалады», деді А.Сапаров.
Абай облысы