Мәдениет • Бүгін, 08:18

Сырдағы көне саз күмбірі

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сырда «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольк­лорлық-музыкалық өнер фестивалі өтіп, байырғы жұртта түркінің көне сазы жетінші мәрте қалықтады. Түркия, Тыва, Алтай, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен елімізден жиылған 200-ге жуық өнерпаздың басын қосқан дәстүрлі өнер мерекесін «Тұран» этнофольклорлық ансамблі бастап берді. Облыс әкімдігі мен халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қоры бірлесе ұйымдастырған биылғы фестиваль Қызылорданың астана атанғанына 100 жыл толуына орайластырылды.

Сырдағы көне саз күмбірі

Сырға табан тіреген фес­тиваль қонақтары алғашқы күні Қорқыт бабаның кесенесіне барып, баба рухына тағзым етті. Мемориалды кешеннің амфитеатрында өткен фестивальға қатысушылардың «Қорқыт сазы» атты концертінің көрермені көп болды. Ал «Қор­қыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» тақы­рыбында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда ғалымдар ұлы ойшылдың ортақ мұрасын сақтап, кеңінен насихаттау бағытында еркін пікір алмасты.

Конференцияны ашқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ғасыр бұрын ел байтағы атанған Қызылордаға алыс-жақыннан келген қонақтарға алғысын жеткізіп, Мемлекет басшысы бас­тамашы болған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты аясында ортақ құндылықтарды дәріптеу маңызды басымдық екенін атап айтты.

«Бүгінде Қорқыт мұрасын зерттеу – өткенді тану ғана емес, болашағымызға бағытталған рухани миссия. Осы мақсаттағы ғылыми ізденістер мен халық­аралық байланыстар түркі халық­тарының мәдени тұтастығын нығайтуға, рухани үндестігін арт­тыруға зор үлес қосты», деді Нұр­лыбек Нәлібаев.

Конференцияда «Түркі мә­дениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түбі бір түркінің басын қосқан өнер фестивалі ұлттық мәде­ниет­тің биігі бөлек брендіне ай­­налғанына тоқталды. Әзер­бай­жан ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының директоры Хикмет Кулиев, Қырғыз Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясы Ш.Айт­матов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылы­ми қызметкері, филология ғылым­дарының докторы Жылдыз Орозобекова, Қажы Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры Мехмет Чевик ортақ рухани тамырымызды зерделеп, Сыр бойы мәдениетіндегі түркілік құндылықтарды айшықтау бағы­тында ой өрбітті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті­нің профессоры, филология ғылым­дарының кандидаты Анар­бай Бұлдыбай сөзін Қорқыт фило­со­фиясының түркі-моң­ғол әле­міне әсерінен ­бастап, ұлы ой­шылдың мұраларын түп­нұсқа­дан тікелей аудару мәсе­лесін айтып өтті. Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов түркі халықтарына ор­тақ өнер академиясын ашу туралы ұсыныс айтты.

Жиында Түркияның белгілі этномузыкатанушысы, ғалым Фикрет Каракая, Өзбекстан Рес­­­­пуб­­ликасы Ұлттық ғылым ака­де­­миясының Ә.Науаи атын­дағы Мемлекеттік әдебиет му­зейінің директоры, филология ғылым­дарының докторы, профессор Жоппор Эшонкұлов, филология ғылымдарының кандидаты Рақыш Жұмашай, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының до­центі Ұлжан Байбосынова пікір білдірді.

Екі күнге созылған фестивальды Өнер орталығында өткен гала-концерт қорытындылады. Өңір басшысы Әзербайжанның Габала қаласында өткен Түркі мем­лекеттері ұйымының 12-саммитінен кейін бауырлас жұрт өнерпаздарының басын қосқан бұл фестиваль өзара мәдени байланысымызды ны­ғай­тудың басты қадамы екенін атап өтті.

Концертте әйгілі жыраулар мен жыршылардың қайталанбас мақамдарын бүгінге жеткізіп, ұлттық өнеріміздің шынайы насихатшыларына айналған Сыр сүлейлерінің ізбасарлары Елмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпен, Бисембек Төлеубай және Жетісу жыр мектебінің түлегі Нұржан Жанпейісов, Арқа мектебінің өкілі Біржан Есжанов, Салтанат Ерсұлтан жырдан шашу шашты.

Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан келген Урмат Ынтаев, Айдын Орсулов табиғатқа, ата-баба рухына ар­нал­ған және ерлікті өзек еткен көшпелі халықтың әуені өз болмысын жоғалтпағанын дәлелдеді. Алтай халықтарында әлі күнге дейін сақталған көне аспаптар тау самалын, өзен сылдырын құла­ғымызға жеткізгендей күй кештік.

Әзербайжаннан келген «Ка­рабақ» мұғамшылар тобы ұлттық әуендерін орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Қырғыз елінің қомызшылар ансамблі түркі халықтарының көне саз мұрасын жаңғырта түсті. Өзбек­станның «Шашмақом» ансамблі мен бишілер тобы ұлттық өнердің үздік үлгісін сахнаға шығарды.

Тывалардың көне заман мұ­расын сақтап қалған «Эш» фоль­­клорлық дуэті мен Түркия­дан келген Синан Барыш, Камбер Нардың өнеріне көрермен ерекше қошемет көрсетті.

Халықаралық фестиваль түркі мәдениеті мен музыкасы ортақ тарих пен рухани тамырдан нәр алғанын, бір-бірімен үндескен ұлттық саз бауырлас елдердің бір­лігін күшейтетінінің тағы бір дәлелдеді.

 

Қызылорда 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше