
Сурет: kff.kz
Скопье қаласындағы «Тоше Преоски» стадионында өткен тартыстың бірінші таймында біздің команда шабуылды күшейтіп, қарсыластарын шеңгелдеп сығымдай түсті. Тарс бүркеніп қорғаныстың қамын күйттейтін ұлттық құрама бұл ойында «көзірін ашқандай» көрінді. Шабуылды үдетіп, солтүстікмакедониялық ойыншыларды кәдімгідей састырды. 54-минутта «Жеңіс» клубының ойыншысы Дінмұхамед Қараман ұлттық құрама сапындағы өзінің алғашқы голын соқты. Команда осы басымдықты 73-минутқа дейін ұстап тұрды. Алайда Солтүстік Македония құрамасының капитаны Энис Барди еншісіне гол жазып, 74-минутта таразы басын теңестірді.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында ұлттық құраманың бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов жігіттердің мінез танытқанына алғысын жеткізді. «Солтүстік Македония ұлттық құрамасының әлем чемпионатына жолдама алу үшін барын салып, басымдықты уыстан шығармауға күш салатынын алдын ала білдік. Жігіттер жарады, олардың шабуылын дер кезінде тойтарып қана қоймай, өздері де алға ұмтылды. Мақсатымыз үш ұпай олжалау еді, бірақ бұйырмады. Ұлттық құрама қатарына жаңа қосылған ойыншылар сенімге селкеу түсірмеді. Олардың да қабілет-қарымын сынап көрдік. Жігіттер осы бағыттан таймауы керек», деді Талғат Мәруаұлы.
Ұлттық құрама келесі жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінен әзірге 7 ұпай жинап, J тобында 4-сатыда тұр. Соңғы матчты 15 қарашада өз алаңымызда өткізеді, Бельгия құрамасына қарсы ойнайды.