
Суретті түсірген – автор
Биылғы додаға құс көтергендер сонау Қытай, Ресей, Испания, Мажарстан, Моңғолия, Қырғызстаннан келіп қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен құсбегілер қаншама. Ереже бәз-баяғы, бүркіт шырғаға түсіп, іріктелгендері қоян алса, қаршыға, лашын сынды құстар көк жүзінде кептер теуіп, жиналған жұртты таң-тамаша етті. Расымен қызық. Жұдырықтай құстың шапшаңдығына таңғаласың. Пыр етіп ұшқан кептерді ағындатып келіп тепкенде бұрқ еткен мамық қана қалды. Ал анау төбеден барлай ұшқан бүркіт қорғансыз қоянды тегеурінімен іле қонар еді. Үй қояны ғой, қашып үлгергенше қанатын қомдай келген аш қыран басып үлгереді. Ішінара жалт беріп, құтылғаны да, сытылғаны да бар.
Бабадан келе жатқан бекзат өнер байқауын Бозанбайдың желке тұсындағы Бүркіт төбеде өткізу тегін емес. 80-жылдары осы ауылдан Өзбек Манапов есімді бүркітші шығып, жарты әлемге әйгіленсе, бүгінгі күнде Нажитбандар отбасы ата дәстүрді жаңғыртып отыр. Ауылдың өңі кетіп тұр дегені болмаса, көгінен қыранның саңқылы кетпеген қасиетті мекен. Табиғаты да әсем. Соны қызықтап келіп жатқан саяхатшылар да аз емес. Айтқандай, осы тойға облыс басшысы Нұрымбет Сақтағановпен бірге Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов келді. «Құсбегілік» федерациясының вице-президенттері Бағдат Мүптекеқызы мен Жанжігіт Омархан да қатысты.
– Бұл – облыс үшін ғана емес, еліміз үшін маңызы зор фестиваль. Үш күн бойы Бүркіт төбе алаңының көркін спорттық бәсекелер қыздырып, қатысушылар достық пен бірліктің нағыз үлгісін көрсетті. Алтай мен Тарбағатайдың асқақ шыңдары мен кең даласында қыран құс салу – ата-бабамыздан жалғасқан көне дәстүрдің бірі. Саятшылық өнердің әлемдік деңгейде мойындалып, ұлттық брендке айнала бастауы – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан баға жетпес мұрасы, мәңгілік құндылық екенін айғақтайды, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Бүркіт тойына келгендер теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық спорт түрінен де сайысқа түсті. Қырыққа жуық киіз үй тігіліп, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Жиналған жұртшылыққа қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Кенжебек Жанәбілов, Досымжан Таңатаров сынды әншілер мен «Алатау серілері» тобы әннен шашу шашты.
– Халықтың пейіліне, ниетіне қарай күн де жарқырап тұрды. Қаншама елден келіп, қазақтың дәстүрін көріп жатыр. Ұлтымызды ұлықтайтын осындай іс-шара жалғасын таба берсе екен, – деді белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов.
Фестиваль қорытындысы бойынша ителгі сайысынан Ақмоладан ат арытып келген Ерлан Кенжетаев жеңіске жетсе, қаршыға және бүркіт сайыстарында Алматыдан келген Өмірхан Баетбай бірінші орынды қанжығасына бөктерді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы