Саясат • Кеше

Жақсыбек Кұлекеев: Бір палаталы Парламентке көшу орынды шешім деп есептеймін

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын айтты. Оның бірі –бір палаталы Парламентке көшу саясаты. «Бұл халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз», – деді Мемлекет басшысы. Еліміз осындай өзгерістерге қаншалықты дайын екенін, жалпы бір палаталы Парламенттің қажеттілігін Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Жақсыбек Құлекеевтен сұрадық.

Жақсыбек Кұлекеев: Бір палаталы Парламентке көшу орынды шешім деп есептеймін

- Жақсыбек Әбдірахметұлы, Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу бастамасы қаншалықты өзекті және соңғы үдерістерге сай келе ме?

- Бүгін Президенттің басшылығымен өткен Жұмыс тобының бірінші отырысында Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы қос палаталыдан бір палаталы Парламентке көшу мәселелері қарастырылды. Бұл — Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы кезекті Жолдауында айтылған ұсыныс.

Бүгінгі ақпарат құралдарында айтылып жатқандай, Конституцияның кез келген бабына өзгеріс енгізу көптеген конституциялық және өзге де заңдарға түзету енгізуді талап етеді. Осыған байланысты Президенттің өзі де бұл туралы айтып өтті. Бұл өзгеріс шамамен Конституцияның 40-қа жуық бабына, 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізуді қажет ететін үлкен шешім. Сондықтан асықпай, жан-жақты талдап барып шешім қабылдау орынды деп санаймын. Мен бұл пікірмен толық келісемін.

Жалпы, біз унитарлық мемлекетпіз. Қос палаталы Парламент негізінен федеративтік құрылымдағы мемлекеттерге тән құбылыс. Мысалы, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания — федеративтік мемлекеттер. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде, егер Конституцияға сәйкес федеративтік құрылым болса, онда қос палата міндетті түрде болады. Төменгі палата — халықтың атынан сайланатын заң шығарушы орган, ал жоғарғы палата — федерация құрамындағы субъектілердің мүддесін қорғайды.

Ал біз унитарлық мемлекет болғандықтан, біздің жағдайымызда қос палаталы Парламент аса қажет емес деп ойлаймын.

- Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформаны «еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе» деп атады. Бұл реформаның халыққа берері не болмақ?

- Егер халық осы шешімді қолдап, еліміз бір палаталы Парламентке көшетін болса, онда көптеген заңдарға, соның ішінде Конституцияның өзіне де үлкен өзгерістер енгізуге тура келеді. Қазіргі Конституцияда Парламент екі палатадан тұрады. Сондықтан Сенаттың бұрынғы функцияларының барлығы Мәжіліске берілуі мүмкін. Демек, Мәжілістің комитеттері де қайта құрылуы ықтимал.

Бір палаталы Парламент болған жағдайда оның құзыреті мен функциялары айтарлықтай кеңейеді. Депутаттарды сайлау тәртібі де өзгеруі мүмкін. Бұған қоса, қазіргі таңда лауазымды тұлғаларды тағайындау кезінде Сенаттың келісімі қажет болса, енді ол өкілеттіктер Мәжіліске беріледі. Бұл сот және прокуратура туралы заңдарға да түзетулер енгізуді талап етеді, себебі олардың басшылары бұрын Сенаттың келісімімен тағайындалатын.

Сондықтан Президенттің «Осыны жан-жақты зерттеп, талқылап, содан кейін ғана ақылмен, халық пен ел болашағы үшін дұрыс Конституциялық шешім қабылдайық» деген ұсынысы орынды.

Жалпы, Конституцияға енгізілген бір ғана сөздің өзі қоғамды басқа бағытқа бұрып жіберуі мүмкін. Мұндай өзгерістердің нәтижесі 10-20 жылдан кейін ғана байқалуы ықтимал. Сондықтан мұның барлығын жан-жақты зерттеп, сараптап барып жүзеге асырған жөн.

- Президент алдымен Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізу қажет болатынын айтты. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең іс деуге болады. Осы өзгерістердің ең маңыздылары қайсы деп ойлайсыз?

- Қазақстанда қос палаталы Парламенттің пайда болуына 1994 жылғы Конституциялық реформа кезінде Франциядан шақырылған сарапшылардың ықпалы болған сияқты. Франция — унитарлық мемлекет бола тұра, онда екі палата бар: төменгі және жоғарғы. Бұл дәстүр XVIII ғасырдың соңында алғашқы Конституция қабылданған кезден бастау алады.

Ондағы мақсат — төменгі палата заң жобасын дайындап, жоғарғы палата оны мақұлдайды. Сондықтан жоғарғы палатаны бұрын «ақсақалдар кеңесі» деп атаған, кейін Сенат деп бекітілді. Францияның тәжірибесі Польша сияқты елдерге де әсер еткен.

Ал Қазақстан жағдайында қос палаталы Парламенттің қажеттілігі азайды. Егемендіктің алғашқы жылдарында елдегі этникалық құрамның алуан түрлілігі мен саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында екі палаталы жүйе енгізілді. Төменгі палата — халық сайлайтын Мәжіліс, ал жоғарғы палата — Сенат, оның депутаттарын облыстық мәслихаттар мен Президент сайлайды.

Сол кезеңде бұл модель ел бірлігін сақтауға және шешімдердің теңгерімді қабылдануына мүмкіндік берді.

- Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы отырысында айтылған мәселелердің орындалуы қаншалықты нәтижелі болады деп ойлайсыз?

- Қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік құрылымы толық қалыптасқан деуге болады. Егемендіктің 35 жылында елдің ұлттық құрамы өзгеріп, қазақ тілінің басымдығы айқын байқалады. Сондықтан бұрынғыдай этносаралық немесе тілдік шиеленіс тууы екіталай. Осы себепті бір палаталы парламентке көшу орынды шешім деп есептеймін.

Бір палаталы Парламент заң қабылдау процесін жеделдетеді. Бұл кез келген шешімнің тез қабылданып, өмірге енуіне ықпал етеді. Қос палаталы жүйеде заң жобасы алдымен Мәжілісте қаралып, содан кейін Сенатқа өтеді. Сенат өз түзетулерін енгізіп, құжатты қайта Мәжіліске қайтарады. Осылайша процесс ұзаққа созылады. Ал бір палаталы Парламентте мұндай қайталама талқылаулар болмайды, бұл заң шығару ісін айтарлықтай жеделдетеді.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше