Республика күні • Бүгін, 09:35

Астанада Республика күніне орай 150-ге жуық іс-шара өтеді

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

25 қазанда Қазақстанда ұлттық мереке – Республика күні кең көлемде аталып өтеді. Бұл күнге орай елордада мәдени, спорттық, білім беру және әлеуметтік бағыттағы 150-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада Республика күніне орай 150-ге жуық іс-шара өтеді

Фото: Zakon.kz

Биыл да қала бойынша ауқымды бағдарлама әзірленіп, іс-шаралар легі қазан айының басынан бастап жалғасады. Мерекелік жоспар аясында концерттер, көрмелер, спорттық жарыстар, әдеби және ғылыми кездесулер, қайырымдылық акциялары, сондай-ақ ел тәуелсіздігі мен бірлігін дәріптейтін мәдени жобалар қамтылған. Бағдарлама тек қаланың орталық бөлігінде ғана емес, тұрғын алаптарда, мектептерде, мәдениет үйлерінде және спорт нысандарында өтеді.

Іс-шаралар барысында түрлі салада еңбек етіп жүрген үздік мамандар, ардагерлер мен қоғамдық белсенді азаматтар марапатталады. Ал білім беру ұйымдарында оқушылар мен жастар үшін пікірталас турнирлері, шығармашылық байқаулар, эссе мен өлең оқу конкурстары, танымал тұлғалармен кездесулер және патриоттық челлендждер өткізіледі.

Қазан айының 1-22 аралығында елордада «Қаламгер ұстаханасы» атты әдеби жоба жалғасып жатыр.

16 қазанда Азаматтық бастамалар орталығы «Азаматтық бірегейлікті қалыптастыру: ұлттық құндылықтардың рөлі» тақырыбында семинар өткізеді.

16-17 қазанда Сарыарқа ауданында мұғалімдер арасында әкім кубогына арналған волейбол жарысы мен ұлттық ойындардан спартакиада өтеді.

17 қазанда №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде «Асыл мұра» республикалық өнер байқауының қалалық кезеңі ұйымдастырылса, №117 мектепте «Қазағым деп соғады жүрегім» атты патриоттық әндер байқауы өтеді. Осы күні Нұра ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциясы өтеді.

18 қазанда елорда жұртшылығы үшін ең қызықты спорттық оқиғалардың бірі – «Қазақстан Барысы» турнирі «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Оған республика бойынша үздік балуандар қатысады. Сол күні Паралимпиадалық дайындық орталығында бочча спортынан ашық турнир ұйымдастырылса, Сығанақ көшесіндегі спорт кешенінде Пенчак силаттан жарыс өтеді. Сонымен қатар «Азия Парк» сауда орталығында «Republic Day» акциясы аясында тарихи-көркем фильмнің көрсетілімі болады.

18-19 қазан күндері «Есірткіге қарсы спорт» атты ашық турнирде 12-21 жас аралығындағы жастар спорттың бірнеше түрінен сынға түседі. Ал 19 қазанда Алматы ауданы мұғалімдері арасында волейбол жарысы өтеді.

20 қазанда «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл» тақырыбында әдеби-ағартушылық сағат ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Руханият» КММ-де «Отаным менің – Қазақстан» атты дөңгелек үстел, ал Есіл ауданында Ұлттық академиялық кітапханамен бірлескен «Тәуелсіз Қазақстан» атты патриоттық сабақ өтеді.

Достық үйінде «Мәміле» пікір клубының сабағы, мемлекеттік қызметшілерге арналған «Мемлекет және дін: өзара ықпалдастықтың қазіргі үрдістері» атты семинар, сондай-ақ «Азия Парк» СОО-да фильм көрсетілімі жоспарланған. Сол күні Байқоңыр ауданындағы №3 мектепте «Ұлттық киім апталығы» басталып, Алматы ауданында аз қамтылған отбасыларға арналған «Жанашыр жүрек» акциясы өтеді.

20-25 қазан аралығында №3 Балалар музыкалық мектебі «Қыран елім – Қазақстаным!» атты патриоттық челлендж өткізеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде «Менің Республикам – менің таңдауым!» атты онлайн-челлендж ұйымдастырылады.

21-25 қазан аралығында елордада республикалық суретшілер симпозиумы өтеді. 21-24 қазан күндері «Нұрлы жүрек» орталығында «Менің Отаным – Қазақстан» атты фотокөрме көрермен назарына ұсынылады.

21 қазанда Мемлекеттік рәміздер алаңында тұрғындар мен жастар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін орындап, флешмоб өткізеді. Сол күні Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінде «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным!» атты дәріс-концерт және «Қолжазба – тарихтың рухани қазынасы» атты ғылыми-танымдық семинар өтеді. Сонымен қатар «Сарыарқа жұлдызы» патриоттық әндер байқауы мен азаматтық белсенділікке арналған жастар тренингі ұйымдастырылады.

22 қазанда «Демеу» орталығында «Республиканың мәртебесі – халық бірлігінде» атты концерт, «Шарапат» орталығында мерекелік бағдарлама және «Өндіріс» спорт кешенінде жас спортшылар арасында қазақ күресінен ашық біріншілік өтеді. Сол күні №99 мектепте «Елімнің үні – жүрегімнің үні» флешмобы, Ұлттық музейде Есіл ауданының мектеп оқушыларына арналған экскурсия және Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Елім дегендер!» республикалық шығармашылық байқауы өтеді.

Сол күні азаматтық қоғам өкілдері қоғамдық келісім мен әлеуметтік даму мәселелерін талқылайтын диалог алаңында бас қосады. Ал Достық үйінде «Дәстүр мен бірлік – бір шаңырақ астында» атты фестиваль өтеді.

23 қазанда Азаматтық бастамалар орталығы «Қазақстан Республикасының эволюциясы: тарихи жол және даму келешегі» атты дөңгелек үстел өткізеді. Сол күні мектеп парламенттері төрағаларының инаугурациясы, Ұлттық архивте кітап көрмесі, Назарбаев университетінде «Republic Day» концерті, «Өндіріс» спорт кешенінде дәстүрлі «Байқоңыр барысы» турнирі өтеді.

23 қазанда Алматы ауданында ерекше балаларға арналған «Орда» орталығы ашылады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында концерт ұйымдастырылып, келесі күні, 24 қазанда зейнеткерлер арасында шахмат турнирі өтеді.

24 қазанда елорда тұрғындары «Қазақстан Республикасы: идея тарихы және институционалдық қалыптасу жолы» тақырыбындағы ашық дәрісті тыңдай алады. Сол күні «Нұрлы жүрек» орталығында фотокөрме, «АЛЖИР» мемориалдық кешенінде «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты акция, ал Есіл университетінде елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің қатысуымен дәріс өтеді. Алматы ауданында әлеуметтік осал азаматтарға азық-түлік себеттері таратылады.

25 қазанда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Сәйгүлік» спектаклі қойылады. Триатлон паркінде мерекелік жүгіру шарасы, ал Есіл жағалауында Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтарының қатысуымен концерт өтеді.

Сол күні «Mega Silk Way» және «Abu Dhabi Plaza» сауда орталықтарында домбыра тарту, музыкалық квартет өнері, балаларға арналған ойындар мен сурет салу шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. 25-27 қазан аралығында «Дәулет» теннис орталығында әуесқойлар арасындағы турнир өтеді.

Мереке күндері тұрғын алаптарда эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер мен халықтық серуендер ұйымдастырылады.