Қоғам • Бүгін, 08:30

Техбайқаудың түйткілі қашан шешіледі?

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Көлікті техникалық бай­қаудан өткізу мәселесі кейінгі кезде қоғамда қызу талқыға түсе бастады. Бұны көп адам «бармақ басты, көз қысты» әре­кетті заңдастырып берген сала деп санайды. Өйткені қазір бұл орта­лықтар шын мәнінде кө­лікті тексермейді, бар жұмысы – суретке тү­сіріп, ақшасын алып, жі­бере салады. Жуырда тол­­ғағы жеткен мәселе Мәжі­лісте де көтерілді.

Техбайқаудың түйткілі қашан шешіледі?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бір топ депутат Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауа­лында міндетті техбайқау кө­ліктің техникалық жағдайын нақты тексеретін емес, белгілі бір мүдделі құрылымдардың қаржылық пайдасына жұмыс істейтін жүйеге айналғанын айтып, дабыл қаққан еді. Олар бұл мәселені сайлаушылармен кездесуде айтылған шағым негізінде көтеріп отырғанын алға тартты.

«1 мамырдағы жағдай бо-йын­ша елімізде 6,2 млн көлік бар, оның 4,9 млн-ы жыл сайын міндетті техникалық байқаудан өтуге тиіс. 2024 жылы 3,5 млн байқаудан өтсе, 2025 жылы алғашқы тоқсанда 1,5 млн көлік тексерілген. Орташа бағасы 5 мың теңгеден деп есептегенде, саладағы операторлардың бір жылдық табысы 17 млрд теңгені құрайды. Міндетті тех­никалық байқау заңдылық пен әділдікті бұзатын, азаматтардың қалтасына заңсыз салмақ салатын жүйеге айналған», дейді депутаттар.

Олардың айтуынша, техбай­қаудың жол қауіпсіздігін арт­тыруға қосқан үлесі жоқтың қасы. Десе де мемлекет тарапынан жыл сайын миллиондаған азаматты бюрократиялық процедуралардан өткізу талап етіледі.

«Халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр ба­сылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтып жүр. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары байқау орталықтарының азды­ғынан жүздеген шақырым жүріп, бір күнін тексеруге арнайды. Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елде әлдеқайда тиімді және халық мүддесіне сай шешімін тапқан. Мәселен, Еуропа елдерінің кө­бінде мұндай тексеріс тек ком­мерциялық көліктерге немесе ұзақ аралықпен жүргізіледі» дей келе, депутаттар жеке тұлға­лардың кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбайтын жеңіл авто­көліктеріне 2–3 жылда бір рет өткізілетін ашық әрі тиімді міндетті техникалық тексеріс жүйесін енгізуді ұсынып, сала­дағы заң бұзушылықты құ­қықтық қорғау органдарымен бірлесіп кешенді тексеруді сұрады.

Расында, көлікті міндетті техникалық байқау саласындағы заңсыздықтар мен кемшіліктер біздің басылым бетінде бұған дейін де көтерілген еді. Атап айтқанда, осыдан екі жыл бұрын Астанадағы жол қауіпсіздігі проб­лемаларын саралай келе, ІІМ ұсынған жаға ұстатарлық жайттарды жазғанымыз бар. Сол жылы елордадағы 26 техникалық байқау орталығы 34 мыңнан аса көлікті тексеріп, бар болғаны 67 ақаулы көлікті «анықтаған». Қалғанының бәрі – «талапқа сай». Қаладағы көліктердің жар­тысынан астамы кемінде 10 жыл бұрын шығарылғанын ескерсек, 67 көлікте ғана ақау болуы мүмкін бе? Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, олар Астана көшелерінен 4 мыңнан аса ақауы бар көлікті анықтапты. Техбайқау орталықтары берген «қағаз» бен көшедегі шынайы жағдайдың арасында осыншалық айырмашылықтың болуы ол жерде сырт көзден жа­сырылған бір кілтипан бар екенін аңғартқандай...

Біз аталған орталықтар жұ­мы­­сындағы кемшіліктер мен депутаттар көтерген мәселеге түсініктеме алу үшін Көлік министрлігіне сұрау жолдаған едік. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров бізге берген жауабында Мәжілістегі «Amanat» партиясы депутаттарының техбайқау орталықтары көлікті тексеретін емес, тек халықтың қалтасын қағатын жерге айналып кетті деген мәлімдемесін толықтай жоққа шығарды. Дегенмен ол аталған орталықтар қызметінде кемшілік бар екенін, соған орай 2022–2025 жылдар аралығында оларға қатысты мыңнан аса хаттама толтырылып, 40 млн теңгеден аса айыппұл салынғанын растады.

«Міндетті техникалық бай­қаудан өту саласын реформалау және бақылауды күшейту арқылы бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Апта сайын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жанынан құрылған жұмыс тобы «Техникалық байқаудың бір­ың­­­ғай ақпараттық жүйесін» сараптау арқылы бұзушылықтарды анықтап отырады. Бұл өз кезе­гінде оң нәтижесін беріп, бүгінде «фотошоп» арқылы жасалатын бұзушылықты 100% жоюға ықпал етті», дейді вице-министр.

Сонымен қатар ол «Қазақ­стан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жү­р­уін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңда техникалық қарап-тексеру операторларына қатысты бірқатар заң бұзушылық, атап айтқанда, соның бірі – міндетті техникалық байқау өткізбей техникалық қарап-тексерудің диагностикалық картасын беру үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл көзделгенін жеткізді.

Вице-министр айтып отырған бұл заң талабы күнделікті өмір­­­де қаншалықты орындалып жатқанын болжау қиын. Көп­тің пікірінше, техбайқау орта­лық­тары әлі күнге көліктерді тексермей-ақ «бәрі дұрыс» деген қорытынды «қағаз» беріп жүр.

Ал депутаттар сауалында кө­терілген ауылдық жердегі тұр­ғындар үшін техбайқау орта­лықтарын ашу мен Еуропадағы секілді көлікті екі-үш жылда бір тексеру мәселесіне келсек, Кө­лік вице-министрі М.Қалиақ­­­па­­­ровтың айтуынша, ауыл­­­да автокөлік құралда­рының аз болуына байланысты техникалық байқау орталықтарын ашу эко­номи­калық жағынан тиімсіз. Бұл сала жеке кәсіпкерлерге бе­ріл­гендіктен, олар өз орталық­тарын қаладан және аудан орта­лықтарынан ашуды жөн көреді.

«Техникалық байқау – тек формальды рәсім емес, жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін ақауларды уақтылы анықтауға бағытталған алдын алу шарасы. Жол-көлік оқиғаларының техникалық себептермен болу үлесі аз болғанымен, бір ғана ақаулы тежеу жүйесі немесе рульдік басқару жүйесі адам өліміне әкелетін ауыр зардаптарға душар етеді. Сон­дықтан техникалық байқауды үш жылда бір өткізетін қылып ұзарту көліктердің техникалық жарамдылық деңгейін төмен­детуге әкеп соқтыруы мүмкін. Өйткені қазір еліміздегі көлік­тердің орташа жылы 10 жылдан асады. Тұрақты бақылаудың болмауы салдарынан көлік иелері қажетті жөндеуді кейінге қалдырып, бұл жол қозғалысы-ның барлық қатысушысына қауіп төндіреді. Жол жағдайлары мен автопарктің құрылымы ұқсас елдердің басым бөлігінде, әсіресе белгілі бір жылдан асқан автокөліктерге тех­­ни­­калық байқаудың жыл са­йынғы мерзімділігі сақталады. Ұсынылып отырған үш жылдық аралық көлік қауіпсіздігі сала­сындағы халықаралық стан­дарттарға сәйкес келмейді», деген вице-министр қазірде Көлік министрлігі міндетті техникалық байқауды өткізу тәртібіне өзге­ріс­тер енгізуді ерте деп санайтынын және оны ұзартуға дайын емес екенін жеткізді.

Осы орайда біз аталған мә­селеге байланысты қарапайым тұрғындардың да пікірін білген едік. Жүргізуші Рүстем Күзем­баевтың айтуынша, қазір көлігі бар әрбір тұрғынға міндетті саналатын техбайқаудың сол көліктің шынайы техникалық жағдайына да, жолдың қауіп­сіздігіне де ешқандай әсері жоқ. Шын мәніне келсек, еліміздегі көліктердің жартысынан астамы жүруге жарамсыз, ескірген.

«Техникалық жағдайы былай тұрсын, тіпті темірдің де жарам­­ды­лық мерзімі бар ғой. Біздің елдегі көліктердің темірінің де мерзімі өтіп кеткен. Бұған қоса елде жанармай сапасы да та­лап­қа сай емес. Егер мұның бәрін шындап тексеретін болса, қазір көшемізде жүрген көліктің кемі 70 пайызы жарамсыз болып шығуы ғажап емес», дейді ол.

Р.Күзембаев бұл кемшіліктің бәрін жою үшін халықтың қалтасын қағып, сүліктей сорып отырған утиль алым мен алғашқы тіркеу секілді «алым-салықты» жойып, елге жібі түзу көліктердің кіруіне мүмкіндік туғызып, техникамызды түгелдей жаңарту керек екенін айтады.

«Негізі мұның бәрін билік біліп отыр. Бірақ көліктерді тексеру міндетті делінген халық­ара­лық келісім бар. Соны орын­дау үшін әзірге техбайқау орта­­­лық­та­рының салғырт жұмы­­сына бейтарап қарап келеді», дейді ол.

Біз техникалық байқау орталықтарының иелеріне де хабар­ласып, пікірін білген едік. Сөйтсек, олардың да айтатын назы бар екен. Жамбыл облы­сындағы «Қалысбаев» ЖК-не қарасты техбайқау орта­лығының меңгерушісі Ерғали Қалысбаевтың айтуынша, қазір құзырлы органдар тарапынан саладағы операторларға талаптар күшейіп кеткен. Соның бірі – бұған дейін орталықтардың 90 пайызға жуығы жеңіл конс­трук­циямен салынған ангарларда орналасса, енді кірпіштен тұрғызылған орындарда жұмыс істеуі талап етіліп жатыр.

«Бізде мемлекеттік стандартқа сәйкестігін тексеру үшін жыл сайын сертификаттаудан өтуі міндетті негізгі 5 құрал-жабдық бар. Олар – тежегіш стенді, рульмен басқаруды тексеретін люфт өлшегіш, газ талдаушы, түтін өлшегіш және фара жарығын тексеретін электронды прибор. Одан басқа да кішігірім құралдар бар. Енді биылдан бас­тап газбен жүретін көліктердің газын тексеретін және шуды тек­серетін құралдарды қосып жатыр. Талабы – бұл құралдар Ресейден шыққан болуы керек, ал Қытайдікі жарамайды және арнайы тізілімде бар құралдарды ғана алу қажет. Әрқайсы кемі 150 мың теңге тұрады. Ал арзандарын алуға тыйым салынған. Жыл сайын оларды да сертификаттаудан өткізіп тұру керек. Осының бәрі біз секілді техбайқау операторларына салмақ салып, қазір бірқатары жабылып жатыр. Басқасы құрал-жабдық іздеп сабылып жүр. Бұдан кейін техбайқау бағасы да көтеріледі», дейді ол.

Е.Қалысбаевтың айтуынша, жоғарыда аталған бес құрал-жабдықты жылына бір рет сертификаттаудан өткізіп тұру талабы дұрыс. Өйткені олардың бұзылуы мүмкін детальдары бар. Алайда сызғыш, тоник, штангенциркуль, шу өлшегіш секілді приборлардың арнайы түрлерін ғана сатып алу және жыл сайын тексеріп тұру – артық талап.

«Қазір бәрі қымбаттап кеткен. Арзандары бар, бірақ оларды алуға рұқсат жоқ. Арнайы тапсырыспен алдыру керек екен. Ал оларды жыл сайын тексеруге қандай қажеттілік бар екенін түсінбедік. Мысалы, кәдімгі сызғышты не үшін тексеріп, сертификаттаудан өткіземіз? Мұндай шектен тыс талап қою жұрттың наразылығын тудырып отыр», дейді ол.

Бұл айтылғандарға қарап біз осы саладағы үш тарап – құзырлы орган, техбайқау операторлары және көлік иелері арасында пікір қайшылығы көп екенін байқаймыз. Заңсыздық пен кемшілік жетіп артылады. Жоғарыда айтылған утиль алым, көлікті алғашқы тіркеу, жол мен жанармай сапасы секілді мәселелерді де толық шешпей, көліктің техникалық жағдайы мен жол қауіпсіздігі проблемасының түбегейлі алдын алу мүмкін емес екенін көріп отырмыз. Сондықтан салаға реформа ауадай қажет.