Тұлға • Бүгін, 08:17

Құсбегінің есімі неге ескерілмейді?

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңіріндегі кәсіби құсбегілердің соңғы тұяғы, КСРО аңшылық ісінің үздігі Мәуия Әбікейұлының туғанына биыл 125 жыл толды. Өкінішке қарай, ізінен аңыз ерген саятшының есімін туған елі ұлықтай алмай отыр.

Құсбегінің есімі неге ескерілмейді?

Кереку жеріндегі кәсіби аң­шылықтың дегдары, атақты саят­шы Мәуия Әбікей­ұлының ең­бе­гі бүгінгі ұрпаққа аңыз болып қал­ған. Ол Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көр­месінде (1972 жылы) алтын ме­дальмен марапатталып, қазақ­тың құсбегілік өнері жайында өзге ұлттардың аңшылары алдында дәріс оқыған. Кейін Чехословакия­да аңшылардың дүниежүзілік форумы өтіп, қазақ бүркітшісі әлгі жиынға арнайы шақырту алады. Чехословакиялық әріптестерін сонау қазақ даласындағы қария­ның бүркітшілікпен әлі де болсын ­айналысып, қасқыр соғып жүр­гені ерекше әсерлендірсе керек.

Саятшылық өнердегі жоғары жетіс­тіктері үшін КСРО Тұтыну­шылар қоғамы орталық одағының қаулысымен «Аңшылық ісінің үздігі» атағы беріліп, қысқа ұңғы­лы бесатар карабин сыйға тартылады. Көне­көз қариялардың айтуынша, қазақ­тың үштен бірі қырылған отыз екінің аштығында өзі сияқты аңшылар­мен тізе қо­сып, Алтайдан таутеке, бұлан, елік атып әкеліп, тұтас ауылдар­дың аштықтан аман қалуына сеп болған. Түз жануарларының еті бір шеті Қарағанды, бір шеті қазіргі Екібастұздың аумағындағы ашыққан елге таратылған.

Мәуия Әбікеев 85 жыл ғұмыр кеш­кен. Туған жері әрі ұзақ жыл мекен ет­кен өлкесі – Баянауыл ауданы. Асыл аза­маттың көзін көргендер оның құсбегілік өнері туралы әлі күнге жыр қылып айтып жүреді. Осыдан біраз жыл бұрын Баянауылда оның құр­метіне ескерткіш ашылған еді. Композицияда қолына бүркітін қондырып, тазысын ерткен қарт саятшының кескіні бейнелен­ген. Оны жасаған танымал мүсінші Бота Машрапов болатұғын. Алай­да соңғы уақытта бұл ескерт­кіш­тің байыбына бармай, бұрма­лап жүргендер көп көрінеді. Оны аймақтағы атақты құсбегілердің бірі болған, 2023 жылы дүниеден өткен Иман­зайып Тасыбаевтың есімімен бай­ла­ныстырады. Қоғам ауысқан са­йын жаңа есімдердің пайда болатыны заңдылық. Алайда жас буын үшін тарихи құндылық­тар сол қалпында насихатталғаны абзал деп есептейді Мәуия атаның ұрпақтары.

– Ел арасында «бұл ескерт­кіш И.Тасыбаевтың құрметіне қойылған» деген әңгіме тарап кетті. Баянауылға келімді-кетімді қонақтарға да солай түсіндірі­ліп келеді. Иманзайып ағаның құс­бегілік өнерді дамытудағы еңбегі өлшеусіз, әрі ол өзін Мәуия атамыздың шәкіртімін деп атап кеткені біз үшін мақтаныш бо­лып қалды.  Бірақ кезінде ескерт­кішті жасаған Бота Машрапов бұл композиция біздің атамыздың тұлғасына арналғанын нақтылап айтқан. Сондықтан жұрттың мұны бұрмалап жүргені көңілімізге қаяу түсіреді, – дейді Мәуия бүркітші­нің немересі Дәметкен Әбікеева.

Бота Машраповтың туған ағасы, медицина саласының ар­дагері Бектуар Машрапов ескерт­кіштің қарт саятшыға ар­налға­нын жеткізді. Айтуынша, бала ке­зінде інісі екеуі саятшы мен оның аңшылық құстарын көріп өсіпті.

«Мүсінді інім Бота Мәуия Әбікеевтің рухына арнап жа­сағанын жақсы білемін. Бала кезімізде бірінші мамыр күні өтетін салтанатты шеруді асыға күтуші едік. Себебі бұл шеруді бүркітін қолына қондырып, тазыларын ерткен Мәуия атамыз үнемі бастап шығатын. Мерекені емес, есімі аңыз саятшыны тамашалап қалуға жиналатынымыз рас еді. Кейін есейе келе ол кісі­мен танысып, білістік. Інім арнайы барып сәлемдесіп те жүрді. Қария Баянауылда ұзақ жыл тұрған ­соң қазіргі Кенжекөл ауылына көшіп кетті. Сол жақта 1985 жылы көз жұмды. Бота ескерткішті жасап, орнатқан соң бірнеше жылдан соң өзі де өмірден өтіп кете барды», деп әңгімеледі ақсақал.

Аудан орталығына кіреберіс­тегі жол айрығында тұрған ескерт­кіш гипстен жасалғаны себепті бүгінде кейбір жерлері сөгіліп, оңа бастағаны да байқалады. Аудан әкімдігінен сұрағанымызда, оны басқа жерге көшіру, жөндеу үшін бюджеттен қаражат қарас­тырылмағанын хабарлады. Қира­тып алу қаупі бар, әзірше қол­дан келер шара жоқ деген ишара танытып отыр. 2023 жылы Әбі­кеевтер әулеті ескерткіш ма­ңын абаттандырайық, бізге рұқсат беріңіздер дегенде, жергілікті қо­ғамдастық бас тартыпты. Яғни ұсынылған жоба жер бедеріне сәйкес келмейді, жол бойында тұр, көлік қозғалысына кедергі келтіреді деген сылтау айтылған. Ең қызығы, биыл әлгі ескерткіштің дәл жанынан асханасы, қонақүй бөлмелері мен сауда залы бар зәулім жанар­май құю стансасы ашылыпты. Билік пен қоғам өкілдері дағара­­дай кәсіпкерлік нысанына рұқсат ­бере тұрып, қарт бүркітшінің мүсі­нін жайнатып қоюға ұлтарақ­тай жерді қимағанына таңғал­дық. Биыл ком­позиция маңына кес­петастар төселіп, жарықтан­­дыру ­орнатылыпты. Бірақ айнала­сы ­әлі де абаттандыруды қажет етіп тұрғандай.

Бүгінде мүсін жанында кім­ге арналға­ны туралы белгі жоқ. Жергілікті мәдениет саласының басшылары бұған не себепті мән бермей отырғаны да беймәлім. Әйтпесе Баянауылдан шығып, елге танымал болған тұлғалардың есімдері сай-салаға қойылған тас­тарда самсап тұрғаны анық.

Биыл қарт бүркітші­нің 125 жылдығына орай 3–6 қараша аралығында Баянауылда дәс­түр­лі республикалық құсбегілер са­йысы өтеді. Бұл шараны салаландыра түссе дейміз. Атақты саят­шының жарқын істерін елге танытып, насихаттай түсу үшін об­лыс­тық көлемде жас суретшілер са­­йы­сы мен ақындар мүшәй­ра­сын, құсбегі мамандардың кон­­­фе­рен­­циясын өткізсе де артық бол­мас еді.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы