Өнер • Бүгін, 07:53

Сүйек пен тасқа тіл бітірген

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәтбаев қаласындағы №7 мектептің 10-сыныбында оқитын Жанмира Айтбаеваның шығармашылығымен танысқан жан таңғалмай қоймайды.

Сүйек пен тасқа тіл бітірген

Оқушының қылқаламы­нан шыққан суреттерін алғаш рет Ұлытау ауда­нының Болатсай баурайында өткен «Көкмайса» фестивалінде көр­дік. Алаңда тігілген киіз үйлерде қолөнер, киіз басу, ши тоқу, арқан есу, қамшы өру сияқты шеберлік сыныбы ұсынылды. Қолөнер туындысын қызықтап тұрғанда сүйек­тер мен тастарға салған ғажайып суреттер, әсіресе малдың жауырын сүйегіне салған суреті көздің ­жауын алады.

Сурет әлемін сүйетін Жанмира көп сөйлей қоймайды, есесіне суреттері сөйлейді. Ол 11-сыныпты аяқтаған соң дизайнер оқуына барғысы келетінін айтты.

т

Дарын иесі сурет салатын тасты алыстан іздемейді. Ұлытаудың тас­тарын таңдап алып, соған өзінің әдемі қиялын өрнектейді. Тастың бетіне киіктің, тазының, аққудың, арқардың және тағы басқа жануарлар мен құстардың суретін, қазақтың ою-өрнектерін салып, түрлі-түсті бояумен әшекейлейді. Тіпті кейбір жануардың мүйіздеріне дейін өрнек салады. Жұдырыққа ғана сыятын жұмыр тастың үстіне бүкіл қазақтың байтақ даласын сыйғызып жіберген шеберлігіне тәнті боласың.

Өнерлі өреннің тарихтан да хабары бар. Көлемділеу жалпақ тас­тың бетіне Жошы ханның жоры­ғын бейнелеген. Асықтардың да беті­не тарих қойнауынан келе жатқан балбал тастарды бедерлеп салған. Ұлытаудың табиғатын бейне­леп, «Ұлытау» деп жазылған төсбел­гі­лер жасайды.

о

Жанмираның дарынын алғаш ұстазы Балқия Тұрысбе­кова бай­қа­ған. Ол – Сәтбаев қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Сәтбаев қаласындағы Кеншілер са­райы жанындағы үйірмеде оқу­шы­ларды қолөнерге баулиды.

«Мен Жанмираға 5-сыныпта сурет пәнінен сабақ бердім. Сол кезде оның қойын кітапшаға сурет салып отырғанын байқадым. Жеке тапсырмалар жүктеп көріп едім, құлпыртып жібереді екен. Сүйек­терге сурет саларда «шикізатын» дайындап беремін. Малдың жа­уырын сүйегіне сурет саларда тұзға ұзақ қайнатып, ішіндегі майынан, иіс-қоңысынан тазартып, әбден кептіремін», дейді ұстазы.

п

Жанмираның жауырынға салған суретіне сүйсініп ұзақ қарадық. Онда аспан түстес бояудың жоғары жағында күн шуағын шашып тұр. Ортасына қарай қазақ халқы қасиетті құс деп санайтын үкіні салған. Қырағы құстың маңдай тұсына шағын асыл тас тағылған. Туған жерімді, елімді тіл-көзден сақтасын деген белгі. Мойын тұсында темірден жасалған ұлттық ою-өрнек. Төменгі жағында тастар, аузын апандай ашқан арлан бейнеленген. Бұл – бір ғана туындысы. Осындай қаншама қызықты, мағынасы терең туындысы бар. Көрген жұрт таңданысын жасырмай, сатып та алады.

 

Ұлытау облысы