
– Туризмді дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Туризмді қолдау, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашу бағытында мемлекет нақты шаралар қабылдап жатыр. Биыл Маңғыстау облысын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжат аясында жалпы құны 401 млрд теңгені құрайтын 100-ден астам іс-шара қарастырылған. Форум өңірдің жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды қадам болмақ, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Іс-шараның Маңғыстау өңірінде өтуі бекер емес, өйткені Маңғыстау – болашағы туризм саласымен тікелей байланысты саналатын, қазірде осы бағытта жақсы бастамалардың қазығы қағылып, ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып жатқан өңір. Туризм және спорт министрлігі әзірлеп, Үкімет қаулысымен қабылданған 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар өңірді 9 бағытта жүйелі дамытуды қамтиды. Туристер тартуға жан-жақты жағдай жасап, өңірдің одан әрі дамуына қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің туристік саласын дамытуға тоқтала келіп, инфрақұрылымдық жобалардың қалыпты іске асырылып жатқанын мәлімдеді.
– Маңғыстау – мұнай мен газ ғана емес, сондай-ақ қайталанбас табиғи, мәдени мұрасы мол, ерекше өңір. Президент тапсырмасына сәйкес облысты туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып, туристер мен инвесторларға тартымды орталыққа айналдыруға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мақсат – халқымыздың ұлттық дәстүрлерін сақтай отырып, Маңғыстауда туризм саласын барынша дамыту керек, – деген аймақ басшысы Маңғыстау өңірінің еліміздің туристік картасында айрықша орынға ие екендігін, Каспий теңізінің жағалауы, Бозжыра мен Қызылкүп шатқалының қайталанбас ландшафттары, бай тарихи-мәдени мұрасы аймақты Орталық Азиядағы ең әлеуетті туристік бағыттардың біріне айналдыратындығын атап өтті.
Туризм саласындағы мемлекеттік сектор мен халықаралық ұйымдардың, кәсіпкерлердің ортақ алаңына айналған форумда қатысушылар инвестиция тарту жолдары, инфрақұрылымды дамыту, туристік қызметтердің қолжетімділігі, ішкі әуе қатынасын дамыту мәселелері туралы кеңесті.
Маңғыстау Орталық Азиядағы туризм хабына айналып келеді. Мысалы, өңірге тартылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың қатарында «PANA» компаниясының құны 8,5 млн доллар «Sandyq» этно-мейрамханасы мен ашылуы 2026 жылға жоспарланған «Tary» этно-кофеханасы бар. Форум аясында инвесторларға 15 жылға дейінгі жеңілдетілген несиелер, 1:3 арақатынасымен бірлесіп қаржыландыру сынды жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. Wellness, тұрақты туризм тақырыптары талқыланған «Қызмет пен қауіпсіздік» сессиясында қытайлық «Zowoyoo Technology» компаниясы елімізді Қытай нарығында дамыту стратегиясын таныстырса, «Туристік қамқор» жүйесі отандық туристердің шетелдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ұсынды. Ұлттық статистика бюросы ішкі туризмді бағалау әдістемесі жөніндегі жаңа жобасын таныстырды.
Форумда еліміздің MICE-индустриядағы орны талқыланды. Спикерлердің айтуынша, қазірде еліміз 87 елге визасыз режім ұсынып отыр, жаңа терминалдар ашылды, 45 конгресс-қонақүй іске қосылды. 2024 жылы елімізде 14 халықаралық іс-шара өткізіліп, шамамен 14 миллион доллар көлемінде экономикалық пайда әкелді.
Форум барысында Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Маңғыстаудағы бизнесті қолдау мен туризмді дамытуға бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асатын екіжақты келісім аясында шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған.
– Маңғыстау облысында бизнестің даму әлеуеті зор. Меморандум кәсіпкерлерге қажетті қаражатқа қол жеткізуге, өндірісті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. «Бәйтерек» өңір туризмін дамытуда сенімді әріптес болуға дайын. Холдинг пен облыс әкімдігінің серіктестігі Маңғыстаудың туристік тартымдылығын арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашады, – деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.
Туризм және спорт министрлігі 2025–2028 жылдарға арналған курортты өңірлерді дамыту жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. 141 іс-шара енгізілген жобаны жүзеге асыру республикалық, жергілікті бюджеттерден, жеке инвестиция есебінен қаржыландырылады. Е.Мырзабосынов биыл 1 қарашаға дейін өңірлерге қатысты инфрақұрылымдық қажеттілік картасын дайындауды аяқтап, әкімдіктер деңгейінде іс-қимыл жоспарларын бекітуді, кейбір өңірлерде әлі аяқталмаған туристік маршруттарды абаттандыру, бас жоспарларды цифрландыру жұмыстарын жандандыруды, халықаралық туризм және меймандостық университетімен бірлесіп, жыл соңына дейін саладағы кадр тапшылығына талдау жүргізуді, 1 желтоқсанға дейін 2026 жылға арналған ірі тақырыптық іс-шаралар күнтізбесін дайындауды, оның ішінде кем дегенде бір ауқымды туристік іс-шара жоспарлауды тапсырды.
Маңғыстау облысы